Қазақ әдебиетінің аса көрнекті өкілі, академик-жазушы Сәбит Мұқановтың туғанына 116 жыл толуына орай, облыстық кітапханада әдеби шара өтті. “Ұлы жазушы ұлағаты” атты Мұқанов оқуларына оның туыстары, жерлестері, зиялы қауым өкілдері, “Қаламгер” клубының мүшелері жиналып, жастарға үлгі болар тағылымы мол әңгіме қозғады.
М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің жанындағы Тіл және әдебиет институты қазақ филологиясы кафедрасының аға оқытушысы, ғылым магистрі Жазира Көкбас “С.Мұқановтың шығармашылығы” атты баяндамасында келтірген жазушының қарапайым бояумен әдемі өрнектелген шығармалары туралы жан-жақты мәліметтерді жастар ұйып тыңдады.
Жүрегінің түбінен терең орын алған ойларын маржандай етіп кітабына енгізіп, кейінгі ұрпаққа баға жетпес қазынадай тастап кеткен Сәбит Мұқановтың өмірі жайында оның туған жиені Кәрім Шәріпов те әңгімелеп берді.
– Сәбит Мұқанов өте қарапайым, кішіпейіл, қайырымды адам болды. Айналасындағыларға көмек қолын созудан аянған емес, – деді ол.
Сәбиттің шығармаларын оқып өскен азаматтардың бірі, облысымызға белгілі қаламгер Амандық Жантеміров жазушымен болған кездесулері, оның отбасымен араласқаны жайында әңгімелеп берді.
Шара барысында Сәбит Мұқановтың шығармаларынан үзінділер оқылып, жас ақындардың арнаулары тыңдалды.
Маңызды кездесуден кейін қатысушылар “Ұлы жазушы” атты кітап көрмесін тамашалап, кітапхана ішіндегі Сәбит Мұқановтың әдеби-мемориалдық мұражай-бөлмесіне экскурсия жасады.
Алма ҚУАНДЫҚҚЫЗЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.