Биылғы жылдан Елбасының “100 нақты қадам” Ұлт жоспарында айтылған “Кәсіби мемлекеттік аппарат құру” тапсырмасын орындаудың тәжірибелік кезеңі басталды. Ел игілігіне арналған құжаттың 13-қадамы сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті күшейтуге бағытталған. Бұл ретте Мемлекет басшысының Жарлығымен құрылған Мемлекеттік қызмет істері министрлігі бірегей орган болып табылады. Министрлік мемлекеттік қызмет саласында басшылықты, мемлекеттік қызметтер көрсету сапасын бағалау мен бақылауды, сондай-ақ, еліміздің қолданыстағы заңнамалық құжатында көзделген шектерде сыбайлас жемқорлық қылмыстар мен құқық бұзушылықтардың алдын алуды, оларды анықтауды, жолын кесуді, ашу мен тергеу бойынша салааралық үйлестіруді жүзеге асырады.
Облысымызда құрылған Мемлекеттік қызмет істері министрлігінің аумақтық департаменті мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласын дамытуға өз үлесін қосуда. Қазақстан Республикасының “Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы” Заңы аясында жемқорлықтың алдын алу және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін талдау саласындағы алға қойылған міндеттерді жүзеге асыру үшін департамент құрылымында сыбайлас жемқорлық профилактикасы басқармасы құрылды. Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу жүйесін қалыптастыру, сондай-ақ, бұл салада құқық бұзушылықтардың пайда болу себептері мен жағдайларын азайту, оған қарсы мәдениетті қалыптастыру процесіне азаматтық қоғам өкілдерін жұмылдыру басты міндетке айналған.
Бұдан бұрын сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жүйесі жемқорлықтың салдарымен ғана күресуге және кінәлі адамдарды жазалауға бағытталған болса, қазір елдің сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатына елеулі түзетулер енгізілуде. Атап айтқанда, жемқорлыққа қарсы іс-қимылдағы басты назар оның алдын алуға, мемлекет пен қоғамның күшін сыбайлас жемқорлықты барынша азайту жолын ұштастыруға бағытталған. Осы бағыттағы кешенді іс-шара 2014 жылдың желтоқсан айында қабылданған Қазақстан Республикасының 2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиясында көзделген.
Айта кету керек, азаматтардың бойында сыбайлас жемқорлыққа қарсы тұрарлық мәдениет, сыбайлас жемқорлықты жуытпайтын тұрақты иммунитет, оны жариялы түрде айыптау болмайынша қалаған нәтижеге қол жеткізу мүмкін емес. Әрбір қазақстандық, барлық отбасы сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес бүкіл қоғамның, барлық азаматтың парызы екендігін түсінуі тиіс. Тәрбие мен білім үдерісі адамның сыбайлас жемқорлыққа қарсы тұрарлық мәдениетін қалыптастыруының негізі болып табылады. Бұл жердегі негізгі орын отбасына және білім беру саласына тиесілі болмақ.
Қоғамдағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру мақсатында оқыту-ғылыми-тәжірибелік және ақпараттық-түсіндіру, мәдени-бұқаралық іс-шаралар ұйымдастырылуда. Сол үшін мақсатты топтар таңдап алынды. Мәселен, оқушылар мен студенттерге түрлі ашық сабақтар, интерактивті ойындар, дебаттар ұйымдастырылса, үкіметтік емес ұйымдармен, кәсіпкерлермен, мемлекеттік қызметшілермен кеңейтілген семинар-тренингтер, “дөңгелек үстелдер” өткізіледі. Осылайша жемқорлыққа қарсы нөлдік төзімділікті қалыптастыру және өзекті мәселелерді талдау, зерделеуді көздеп отырмыз.
Айта кететін жайт, министрлік еліміздің білім беру мекемелерінің барлық деңгейлерінде “Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет негіздері” пәнін оқу бағдарламасына енгізді. Мәселен, сыбайлас жемқорлыққа қарсы ақпараттандыру бойынша облыс орталығы мен ауылдық жерлерде 70-тен астам шара ұйымдастырылды. Сондай-ақ, департамент басшысы облыс аудандарының мемлекеттік қызметшілерімен кездесулер өткізіп, тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдайды.
Сыбайлас жемқорлықпен күрестің нәтижелілігі мемлекеттің азаматтардың заңды мүддесіне қызмет етуге бағдарлана білуімен тікелей байланысты. Мемлекеттік басқару органдарының жұмысы қоғамға түсінікті және қолжетімді болуы үшін бұқаралық ақпарат құралдарына арқа сүйейтініміз рас. Осы ретте журналистердің де құқықтық сауаттылығын арттыруға ерекше назар аударылып отыр. Жыл сайын сыбайлас жемқорлық тақырыбында қалам тербеп жүрген журналистер арасында байқау жарияланады.
Мемлекеттік және жеке сектордағы жемқорлықты бағалау үшін алғаш рет сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін талдау ұғымы енгізілді. Ол мемлекеттік органдар мен квази мемлекеттік ұйымдарына қатысты жүзеге асырылуда. Мұндай талдаулар орталық пен аймақтық деңгейде тұрақты түрде жүргізіліп, айтарлықтай нәтижелерге де қол жеткізілуде. Жыл басынан бері жер қатынастары, сәулет және қала құрылысы салаларындағы мемлекеттік органдардың қызметіне үш сыртқы талдау жасалды. Қазіргі таңда жауапты мамандар аталмыш тексерісті облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасында, қорғаныс істері жөніндегі департаментте жүргізуде. Бұл талдаулардың қорытындысы бойынша жемқорлық тәуекелдері анықталған бағыттар бойынша тиісті ұсыныстар қабылданып, мемлекеттік органдарға жолданады. Бұған қоса, мемлекеттік билік өкілетті органның қатысуынсыз да сыбайлас жемқорлыққа қарсы шара ретінде өздерінің ішкі талдауларын жүргізулері тиіс.
Жаңа заңда сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатты жүзеге асыру үшін азаматтық қоғамды жұмылдыру қажеттігі айтылған. Осыған байланысты сыбайлас жемқорлық саясатының тиімділігіне, аталмыш саладағы заңнаманың дұрыс қолданылуына жүйелі түрде талдау жүргізуге мүмкіндік беретін “Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторинг” ұғымы енгізілді. Мемлекеттік органдардың нормативтік-құқықтық актілері мен ресми сайттарынан бөлек, үкіметтік емес ұйымдардың мәліметтері, БАҚ-тағы мақалалар және әлеуметтік сауалнамалардың көрсеткіштері де есепке алынады. Бұл бағыттағы жұмыстарды да басқарма мамандары тұрақты түрде атқаруда. Нақтырақ айтар болсам, тұтынушылар құқығын қорғау және тұрғын үй қатынастары салаларына мониторинг жүргізілді. Жаңа заңнамалық актілердің барлығы озық әлемдік үрдістерді ескере отырып құрастырылған және бұл өз кезегінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың жаңа кезеңіне өтуге септігін тигізеді. Елімізде сыбайлас жемқорлыққа тойтарыс беруге қажетті күш жеткілікті деп санаймын. Жемқорлықты әлеуметтік құбылыс ретінде біржола жойып жіберу қиын. Сондықтан оған төзбейтін ахуал орнату, күресті күшейту, бұған ел тұрғындарын жұмылдыру қажет.
Сыбайлас жемқорлық қоғамның мемлекетке деген сеніміне селкеу түсіреді, елдің әлеуметтік-экономикалық және рухани өрлеуіне айтарлықтай кедергі келтіре отырып, мемлекеттік биліктің тиімділігін төмендетеді. Бұл індетті жою бүгінгі күннің басты талабы және тәуелсіздігімізді нығайтудың өзекті шарты болып табылады.
Нұрлан ЖАХИН,
Қазақстан Республикасы
Мемлекеттік қызмет істері министрлігі Солтүстік Қазақстан облысы бойынша департаментінің сыбайлас жемқорлық профилактикасы басқармасының басшысы.
