«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

МАСАДАН ЖҰҒАТЫН АУРУ

25 сәуір күні елімізде Дүниежүзілік безгекке қарсы күрес күні алтыншы мәрте аталып өтіледі. Бұл ауру түрі Африкада, Оңтүстік Америкада, Тәжікстанда және Әзірбайжанда кең етек жайған. Әлемде жыл сайын 500 миллионға жуық адам безгек ауруын жұқтырып, оның 3 миллионы ажал құшады.

Безгек – бұл қауіпті жұқпалы ауру, оның негізгі таратушысы – Anopheles тобына жататын масалар. Безгекпен сырқаттанушының қанын сорып алған бұл жәндіктер келесі адамның қанына сілекей арқылы инфекция түсіреді. Аурудың ең ауыр түрі – тропикалық безгек көп жағдайда қайғылы аяқталады.

Бүгінгі күні Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының бастамасымен безгекке қарсы күрес шаралары күшейтілді. Қаржылық және кадрлық мәселелер оңтайлы шешілгеннен кейін ауруды диагностикалау көп елдерде әлдеқайда жақсарды. Сондай-ақ, кедей елдердің тұрғындарына ақысыз емделуге мүмкіндіктер жасалғаннан бері оның таралу шегі қысқарды.

Біздің елімізде де жыл сайын безгек ауруының оқиғасы тіркеледі. Былтыр Нигерия, Үндістан және Египет елдерінен, бұған дейін Үндістан, Пәкістан, ал 2010 жылы Африкадан сапарлап қайтқандардан безгек ауруы анықталған.

Біздің өңірде безгек сырқаты 2002 жылы тіркелді. Облыс аумағында безгек ауруының таралуына жол бермеу мақсатында көші-қон, тұтынушылардың құқықтарын қорғау және денсаулық сақтау саласының мамандары безгек ауруын жұқтыру қаупі жоғары елдерге барған тұлғаларды есепке алып, тексеріп тұрады. Ал тұрғындардың шетелдерге жолы түсіп жатса, саяхатты ұйымдастыратын туристік фирмалар ол елдерден безгек жұқтыру қаупі жайлы алдын ала ақпарат жинағаны жөн.

Роза ЕРАЛИНА,

облыстық тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің бас маманы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp