«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ШӘМШІ ӘНДЕРІН ШЫРҚАДЫ

Қазақ вальсінің королі атанған атақты сазгер Шәмші Қалдаяқов атындағы “Менің Қазақстаным” атты облыстық әншілер байқауы биыл Есіл ауданының орталығы Явленка ауылында өтті. Жыл сайын ұйымдастырылатын ән додасында аудандардан және Петропавл қаласынан 13 үміткер бақ сынады.

Шәмшінің әндеріне елең етпейтін қазақ жоқ шығар, сірә?! Сыршыл сезім мен дара достыққа, туған елге деген кіршіксіз махаббатқа толы әуендер халық арасында кеңінен танымал. Сондықтан болар, Шәмшінің рухына бас иіп, өнерін құрметтеген тыңдармандар сахнаға шыққан әр үміткерді зор қошеметпен қарсы алып, олардың орындауындағы әндерді қосыла шырқап отырды. Ел арасында жиі айтылатын “Қайдасың”, “Арыс жағасында”, “Кешікпей келем деп ең” әндері бірнеше рет шырқалып, жаңаша жаңғырды.

Бірде Шәмші Қалдаяқов пен ақын Нұрсұлтан Әлімқұлов Алматыдағы Горький саябағындағы көл жағасына демалуға барады. Көл бетінде екі жас қайықпен тербеле жүзіп жүрсе керек. Осы бір әсем көрініс сазгердің көңіліне ән ұялатып, “Қайықта” әні өмірге келген екен. Байқау қатысушылары осы әнді де жарыса орындап, қазылар алқасы мен өнерсүйер қауымның жоғары бағасын алуға тырысты. Ал анаға деген сезімнің тереңдігін, қасиеттілігін, пәктігін таныта білген әндерсіз байқау байқау емес. Аққайың ауданының атынан сахнаға шыққан орындаушы Қына Галеева Шәмшінің “Ана туралы жыр” туындысын әуелеткенде, баршамыз асыл жандарды еске алып, бұл орындаудан ұмытылмас әсер алдық. Жайықтың кербез көркінен туған “Ақ ерке ақ Жайық” әнін Қызылжар ауданының жас әншісі Еркебұлан Қаріпов орындады. Аға буын өкілдері “Сыған серенадасына” ерекше құлақ түрді.

Нағыз талант иесінің бағын ашып, үлкен өнерге жолдама беретін ән додасының бас жүлдесі облыс орталығындағы қазақ мектеп-гимназиясының мұғалімі, жас әнші Еркін Қабдолбәриевке бұйырды. “Тамды аруы” және “Отырардағы той” әндерін нақышына келтіре орындаған өнерпаз қыркүйек айында өтетін Шәмші әндерінің республикалық байқауына жолдама алды. Бірінші және екінші орындар Есіл ауданынан қатысқан Әйгерім Найманбаеваға және Қызылжар ауданының өкілі Еркебұлан Қаріповке берілді. Жамбылдық Сырым Төртбаев пен мамлюттік Мейрамбек Атаманов үштікті қорытындылады.

Гүлбике КУБЕНОВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

СУРЕТТЕ: байқау жеңімпазы Еркін Қабдолбәриев.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp