«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚАЛДЫРҒАН ІЗІ АЙШЫҚТЫ

Жерлесіміз, техника ғылымдарының докторы Қайырбек Оразов көзі тірі болса 29 сәуір күні 70 жасқа толар еді. Өкінішке қарай, оны сұм ажалдың арамыздан алып кеткеніне, міне, он бес жыл уақыт болды. Бірақ оның жарқын бейнесі біздердің, яғни бірге араласып жүрген азаматтардың, туған-туысқандарының есінде әрдайым сақталуда.

Қайырбек Оразұлы мектеп табалдырығын өзінің кіндік қаны тамған Дайындық ауылында аттап, сол Совет (қазіргі Аққайың) ауданындағы Аралағаш орта мектебін алтын медальмен аяқтапты. Қайырбек Оразұлының өмір жолын еске түсіріп отырған сәтте оның орта мектепті қазақ тілінде тамамдап, Мәскеу қаласындағы жоғары техникалық училищеге орысша оқуға қалай түсті екен деп ойлаймын. Осының өзінен-ақ оның өмірде ауырдың үстімен, жеңілдің астымен жүруге ұмтылмағанын аңғарамыз.

Сол кездегі Кеңес Одағының астанасы – Мәскеуде орыс тілін терең меңгеріп қана қоймай, техникалық терминдерді игеру, Менделеев кестесіндегі металдар мен минералдардың құрылымын, оларды іске жарату тәсілдерін зерделеу оңай шаруа емес қой. Сондай қиындықтарды жеңе білген Қайырбек Оразұлы бұл жоғары оқу орнын тамамдап, Қарағанды политехника институтына (қазіргі Евней Букетов атындағы Қарағанды политехника университеті) жолдама алады. Алғашында қатардағы оқытушы болса, кейін аға оқытушы, доцент қызметтеріне жоғарылатылады. Осында ол кандидаттық диссертация қорғайды.

Бұл 1981 жыл болатын. Петропавл қаласындағы сонау Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында Ленинградтан, Мәскеуден және басқа қалалардан көшіріліп, майданға қару-жарақ, оқ-дәрілер шығарып келген зауыттарға білікті мамандар қажет бола бастаған шақ еді. Өйткені, осы өндіріс орындары халық тұтынатын тауарлар шығаруға бейімделгенді. Осыған орай Үкіметтің қаулысымен Петропавлда Қарағанды политехника институтының филиалы ашылды. Оны басқаратын білімді де білікті, ұйымдастырушылық қабілеті бар маман қажет болды. Ондай адам табу институт ректоры Абылқас Сағыновқа тапсырылады. Осы кезде таңдау Солтүстік Қазақстан облысының тумасы, техника ғылымдарының кандидаты Қайырбек Оразовқа түседі.

Осылайша Қайырбек Оразұлы филиал директоры болып келгенде Петропавл қаласындағы Пушкин мен Бостандық көшелерінің қилысында қабырғасы ғана қаланған ғимарат тұрған еді. Құрылысы аяқталмай жиырма шақты жыл қаңырап қалған бұл ғимарат балалардың ойнайтын орнына айналған. Тіпті, осы жерде талай қылмыс та жасалған болатын. Облыстық партия комитеті филиал аштырғанымен, ғимараттың құрылысын толық аяқтауға қаржы таба алмапты. Енді не істеу керек? Қайырбек Оразовқа білекті түріне, белді бекем буа қаржы іздеуге тура келеді. Осы мақсатпен Мәскеудегі КСРО Қорғаныс министрлігіне бірнеше мәрте барады, сөйтіп ақша бөлгізуге қол жеткізеді.

Көп жылдар бойы қаланың сиқын бұзып тұрған ғимарат қысқа мерзім ішінде өзгеріп сала берді. Филиалда құрылыс, радиотехника, экономика, машина жасау және басқа да факультеттер ашылды. Еліміздің жоғары оқу орындарынан білікті мамандар, ұстаздар шақырылды. Тіпті, Петропавлдағы зауыттардың тәжірибелі мамандары қосымша ұстаздық қызметке тартылды. Күндізгі, сыртқы және кешкі оқу бөлімдеріне қабылданған студенттердің саны бес жүзден асты. Институт филиалы даярлап шығарған мамандар Петропавл ауыр машина жасау, орындаушы механизмдер, шағын литражды двигательдер, Куйбышев атындағы зауыттарға жұмысқа орналастырылып отырылды. Теориялық білім алумен бірге осы зауыттарда өндірістік тәжірибеден өткен жас мамандар жаңа ұжымдарға бірден сіңісіп кететін еді.

Осылайша өңірімізде жоғары білімді техникалық мамандар даярлайтын оқу орны пайда болды. Техникалық білім ордасын білгірлікпен басқарып қана қоймай, қоғамдық жұмыстарға да белсене араласқан Қайырбек Оразұлы Қызылжардың мақтаулы да беткеұстар азаматтарының біріне айнала бастады. Ол осындағы зиялы қауыммен араласып, етене достасып кетті. Қарағанды политехника институтында бірге қызмет істеген тағы бір жерлесіміз, техника ғылымдарының кандидаты Төлеген Хайруллинді осында шақырып, филиалдың автокөлік факультетіне декан етіп қойды. “Жас келсе – іске” дегендей, екі жерлес маман аз уақыттың ішінде институт филиалын арман қуған, өз өмірлерін ауыр машина жасау, құрылыс, радиотехника, автокөлік салаларымен байланыстырғысы келетін жастардың шоғырланатын орнына айналдырды.

Әрине, жаңадан ашылған жоғары оқу орнының жұмысын жолға қою оңай шаруа болған жоқ. Қайырбек Оразовтың үстінен Білім министрлігіне, облыстық партия комитетіне шағымдар бірінен соң бірі түсе бастады. Оған оқытушылардың көпшілігі жергілікті ұлт өкілдері болып кетті, ал студенттердің басым бөлігі қазақ жастары деген кінә тағылды. Бұл облысты басқарып отырған басқа ұлт өкілдері үшін өзі де азғантай қазақ басшыларының санын азайтуға сылтау болды. Оның үстіне бұл Петропавл педагогика институты мен политехника институты филиалын қосып университет ашу туралы ұйғарылған шақ еді.

Осы кезде Қайырбек Оразов облыстық партия комитетінің ұсынысымен мемлекеттік тізім бойынша Қазақ КСР-нің халық депутаты болып сайланды. Бірақ бұл алғашқы кәсіби Парламенттің ғұмыры қысқа болып, таратылып кетті. Депутаттардың көбі жұмыссыз қалды. Ал Қайырбек Оразов Министрлер кабинетінің аппаратына қызметке алынып, ғылым бөлімін басқарды. 1997 жылы ел астанасы Алматыдан Сарыарқа төсіне көшірілген шақта Ақмолаға алғашқылардың бірі болып қоныс аударды. Өкінішке қарай, оның ғұмыры қысқа болды.

Қайырбек Оразовтың өзі арамыздан кеткенімен, оны еске алатын, қысқа өмірінде тындырған істерін халыққа жеткізетін достары, жары Сапура Сұлтанқызы, Берік, Нұркен, Арай сынды балалары, немерелері қалды. Қайрекең Қарағандыдан Петропавлға қоныс аударысымен жары Сапура Сұлтанқызы “Петропавловскснабсбыт” деп аталатын мекемеге қызметке орналасты. Бұл Қазақстанның солтүстік облыстарын материалдық-техникалық қамтамасыз ететін құрылым еді. Оның қаладағы үш-төрт жерде орналасқан базаларында құс сүтінен басқаның бәрі болатын. Сол жылдары менің зайыбым Қалима Мағзұмқызы осы мекемеде есепші болып істеді. Бұл да Оразовтар отбасымен тығыз байланыста болуымызға әсер еткен еді.

Кейінгі жылдары Сапура Оразова спорт бұйымдарын шығаратын “Динамо” тігін фабрикасына экономист болып ауысты. Бұл кезде мен облыстық радиода қызмет істейтін едім. Қалада радио үшін қазақша сөйлейтін мамандар жоқтың қасы болатын. Сондықтан Сапура Сұлтанқызынан талай сұхбат алып радиодан беруші едік. Алматыға көшкеннен кейін ол іскерлігінің, ұйымдастырушылық қабілетінің арқасында жоғары қызметтер атқарды. Астана қалалық еңбек және әлеуметтік қорғау департаментінің директоры қызметінен зейнеткерлікке шықты. Қазір балаларының, келіндерінің, немерелерінің арасында еңбегінің зейнетін көруде.

Жерлестері Қайырбек Оразовты ұмытқан жоқ. Аққайың ауданындағы Аралағаш орта мектебіне оның есімі берілді. Енді, Қайырбек Оразұлының туғанына 70 жыл толуына орай Қарағанды политехника институтының Петропавлдағы филиалы орналасқан, қазіргі М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің оқу корпустарының біріне айналған ғимарат қабырғасына мемориалдық тақта ашылмақ.

Амандық ЖАНТЕМІРОВ,

мәдениет қайраткері, Қазақстанның құрметті журналисі.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp