«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Оқушы танымын дамыту

Өзімнің жүргізген психологиялық зерттеулеріме сүйене отырып, бастауыш сынып оқушыларының білімді меңгерудегі уәждері әртүрлі болатынына көз жеткіздім. Әр баланың табиғаты әртүрлі, бірінің есте сақтауы зор болса, екіншісінің ойлау, ал үшіншісінің елестету қабілеті дамыған. Барлық бала ойлауға, ізденуге, қорытындылауға өз деңгейінде мүмкіндік алып, нәтижелер көрсетеді. Осыған байланысты оқушылар білімді бірдей меңгермейді және сабақтағы белсенділіктері де бір-біріне ұқсас емес.

Әрбір сабақта жаңа білімді меңгертуді ойын түрінде ұйымдастырса, балалардың ой-өрістері дамып, оқуға деген қызығушылықтары артады. Психологиялық ойындар барысында оқушы ойланады. Логикалық ойлау, көру, есту арқылы есте сақтау қабілеті артып, ойша жұмыс істеу дағдысы қалыптасады. Олардың белсенділіктерін, пәнге деген қызығушылықтарын арттыру мақсатында “Суреттерді аяқтайық”, “Менің көңіл-күйім”, “Таңғажайып дорба”, “Моншақ”, “Сұрақ-жауап”, “Соңы кім?”, “Сиқырлы ағаш” сияқты ойындарды ойнатамын.

“Суреттерді аяқтайық” ойынының шарты бойынша алдын ала тақтаға мысықтың және қоянның құлақтары салынған плакат ілінеді. Оқушылар кезекпен шығып, ілулі тұрған қоян мен мысықтың бірі денесін, екіншісі басын, келесісі аяғын салады. Бұл кезде тақтаға шыққан баланың көзі байлаулы болады. Осы ойын баланың ой-өрісін, қиялын, сезіну қабілетін дамытады.

“Моншақ” ойынында оқушы жуан және жіңішке түбірлі сөздерді ажыратуға үйренеді. Сыныпты екі топқа бөліп, жуан және жіңішке түбірлі сөздер жазылған қағаздар таратылады. Белгіленген уақыт өткеннен кейін әр топ бір жуан, бір жіңішке түбірлі сөздерден жіпке моншақ тізулері қажет.

Ойындарды өткізу барысында оқушылар өздерін еркін ұстап, белсене қатысып, ойлау жылдамдықтарын көрсетуге тырысады. Сол арқылы бала білім алады, тәрбиеленеді, қоғамды құрметтеуге үйренеді, ынтымақтасып жұмыс істеуге дағдыланады, ұтылуға емес, ұтуға тырысады.

Гүлжан АМАНОВА,

Ғалым Малдыбаев атындағы

Жаңажол орта мектебінің психологі.

Шал ақын ауданы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp