Парламент Сенатының жалпы отырысында палата депутаттары
Жақып Қажыманұлы Асановты еліміздің Бас прокуроры қызметіне тағайындау туралы Президенттің ұсынысына келісім берді. Қазақстан Республикасы Конституциясының 44-бабының 4-тармағына сәйкес Мемлекет басшысы Сенаттың қарауына Жақып Қажыманұлы Асановты Қазақстан Республикасының Бас прокуроры қызметіне тағайындауға келісім беру туралы ұсыныс енгізген болатын. Ол 2012 жылы қыркүйек айынан бері ҚР Бас прокурорының орынбасары қызметін атқарып келді.
Жақып Қажыманұлы 1963 жылы 17 тамызда Қызылорда қаласында дүниеге келген. С.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін бітірген. Ұзақ жылдар бойы Қызылорда қаласының прокуратурасында жұмыс істеген. ҚР Президенті Әкімшілігі заңнама, құқықтық тәртіп және сот реформасын қамтамасыз ету бөлімінің сектор меңгерушісі қызметін атқарды. 1997-2005 жылдары – ҚР Бас прокурорының аға көмекшісі, Әлеуметтік-экономикалық саладағы заңдылықты қадағалау басқармасының бастығы, ҚР Бас прокуратурасының мемлекеттік органдар іс-әрекетіндегі заңдылықты қадағалау департаментінің бастығы, Алматы қаласы прокурорының бірінші орынбасары, Павлодар облысының прокуроры, ҚР Әділет вице-министрі лауазымдарында болды.
2007 жылы ҚР Парламенті Мәжілісінің 4-ші шақырылымына депутат болып сайланған. 2012 жылы “Нұр Отан” ХДП партиялық тізімі бойынша V сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты болды.
Ал Бас прокурор А. Дауылбаев Конституциялық Кеңес мүшесі болып тағайындалды.