Облыс әкімі Ерік Сұлтановтың төрағалығымен өткен облыстық әкімдіктің кезекті отырысында балалардың жазғы демалысы мен сауықтыру лагерьлерін ұйымдастыру, елді мекендерді абаттандыру және тазалау жөніндегі шаралар қаралды.
Ерік Хамзаұлы Қазақстан Республикасы Әділет министрінің бұйрығымен Руслан Кәктайдың облыстық әділет департаменті басшысының міндетін атқарушы, ал Жанат Сәдуақасовтың облыстық индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы болып тағайындалғанын хабарлады.
Облыстық білім басқармасының басшысы Шолпан Каринова баяндама жасап, жиналғандарды балалардың жазғы демалысын ұйымдастыруға қатысты атқарылып жатқан шаруалармен таныстырды. Қазіргі таңда облыс бойынша 1-10-сынып аралығында 66443 оқушы білім алуда. Биылғы жылы жазғы демалыста 59091 оқушыны қамту жоспарлануда. Балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру үшін 2016 жылға бюджеттен 266,2 миллион теңге қарастырылған. Тегін сауығуды қажет ететін балаларға жолдамаларды сатып алу үшін бюджеттен 57,2 миллион теңге бөлінді. Үстіміздегі жылы облыста бір маусымда 2087 баланы қамтитын 16 сауықтыру лагері жұмыс істейтін болады. Жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған 393 мектеп оқушысы жазғы демалысты қала сыртындағы және мектеп жанындағы лагерьлерде өткізеді. Соколовка жетім балалар үйі, Шөптікөл түзету мектеп-интернаты, жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған облыстық мектеп-интернат тәрбиеленушілері де жазғы сауықтыру демалысымен қамтамасыз етіледі. Сауықтыру лагерьлерінде жазғы демалысты ұйымдастыру үшін 570 ұстазды даярлау жоспарлануда. Демалыс орындарында балаларға медициналық қызмет көрсету де жан-жақты қарастырылған.
Сондай-ақ, ішкі істер органдарының қызметкерлері балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында сауықтыру ұйымдарында тәулік бойы кезекшілік атқарады. Қала сыртындағы барлық лагерьлерде бес мезгіл тамақтандыру ұйымдастырылады. Сауықтыру лагерьлерін ағымдағы жөндеуден өткізуге бюджеттен 37,9 миллион теңге бөлінді. “Жол картасы” бағдарламасы бойынша Жамбыл ауданының “Лесная поляна” лагерінде бассейн салу және күрделі жөндеуге 10973,0 мың теңге және Қызылжар ауданының “Серебряный бор” лагерінде асхана ғимаратын күрделі жөндеуге 13519,0 мың теңге қарастырылған. Биыл сауықтыру лагерьлерін құралдармен жабдықтауға 14,2 миллион теңге бөлінді.
5 маусымға дейін балалар лагерьлері қауіпсіздік құралдарымен қамтамасыз етіліп, санитарлық-гигиеналық талаптардың сақталуына бақылау жүргізіліп, жазғы сауықтыру маусымына қабылданады. Сауықтыру лагерьлерінде 10 маусымнан, мектеп жанындағы алаңдарда 1 маусымнан жазғы демалыс ашылады. Мемлекеттік тапсырыс шеңберінде Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің рұқсат қағазы бойынша республикалық бюджет қаражаты есебінен солтүстікқазақстандық оқушыларға “Балдәурен” оқу-сауықтыру орталығына 244 жолдама бөлінді. “Бөбек” Ұлттық ғылыми-тәжірибелік білім беретін және сауығу орталығында 80 бала демалады.
Облыс бойынша жалпы білім беретін мектептердің жанынан құрылған сауықтыру лагерьлері жұмыс істейтін болады. Онда 45008 баланы қамту жоспарлануда. Сонымен қатар, биыл қазақ-түрік лицейі базасында 500 бала үшін ағылшын тілін оқытуға арналған профильді лагерь ашу ойда бар. Облыстық білім басқармасының басшысы экскурсиялық лагерьлер мен мектеп туризмін ұйымдастыруға да кеңінен тоқталды.
Облыс әкімі Ерік Сұлтанов Петропавл қаласы мен барлық аудан әкімдеріне балалардың жазғы демалысын жоғары деңгейде ұйымдастырып, қауіпсіздік шаралары мен сауықтыру лагерьлерін жөндеу, материалдық-техникалық базаны жаңарту үшін қаржыландыру мүмкіндігін қарастыруды тапсырды.
Отырыста облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Павел Шиловтың да баяндамасы тыңдалды.
Жыл сайын 10 сәуір мен 10 шілде аралығында облыс аумағында елді мекендерді абаттандыру және тазалау жұмыстары жүргізіледі. Облыс аудандары мен Петропавл қаласы бойынша үшайлық іс-шаралар жоспары бекітілді. Осыған сәйкес 32,2 миллион теңгеге абаттандыру және тазалау жұмыстары жүргізіледі. Оқу орындарының аумағы мен өзге де әлеуметтік сала нысандары, үй аулалары, демалыс орындары және жағажайларда, саябақтарда тиісті жұмыстар атқарылмақ. Жалпы 2016 жылға арналған қаржы сомасы 190 миллион теңгені құрайды. Қазақстан халқының бірлігі күні мен Ұлы Жеңістің 71 жылдығын тойлау қарсаңында барлық ескерткіштер қалыпқа келтірілмек. Апатты 610 қоқыс алаңы жойылып, 265 мың текше метр қоқыс шығару көзделуде. Осы орайда аудандар бойынша да атқарылуы тиіс шаруа аз емес. Мәселен, Ақжар, Ғабит Мүсірепов атындағы аудандарда ауқымды жұмыстар қолға алынбақ. “Таза бейсенбі”, “Таза жағалау”, “Мен еккен ағаш” ұрандарымен акциялар ұйымдастырылмақ. Үстіміздегі жылдың 16 сәуір күні облыс көлемінде сенбілік өтті. 17 мың текше метр қоқыс шығарылып, 2 мың ағаш егілді. Сенбілікке 30 мыңнан астам адам қатысқаны туралы айтқан Павел Шилов барлық іс-шараларға мониторинг жүргізілетінін жеткізді.
Өңір басшысы Ерік Сұлтанов барлық әкімдерге елді мекендерде абаттандыру және көгалдандыру, санитарлық тазалау жұмыстарын жүргізуді, экологиялық талаптарға сәйкес тұрмыстық қатты қалдықтар тасталған қоқыс алаңдарын жинап, апатты жағдайдағыларын жоюды тапсырды.
Ақмарал ЕСДӘУЛЕТОВА,
“Солтүстік Қазақстан”.