Қаратал ауылдық кітапханасының тұрғындарға қызмет етіп келе жатқанына 67 жыл болды. Ауыл кітапханасындағы атқарылып жатқан игі істердің ұлт руханиятына қосар үлесі мол.
Бүгінде ауылымызға келген азаматтардың біздің кітапханаға бас сұқпай кеткен кезі болған емес.
Атаулы, өзекті саяси, әдеби, мәдени тақырыптарға көпшілік іс-шаралар өткізу – кітапхана жұмысының маңызды бағыты. Тәуелсіздігіміздің – 25, облысымыздың 80 жылдығына орай мерейлі мерекелерге әзірлікті жұртпен бірге бастап кеттік. Бүгінге дейін қолға алған “Табиғат және адам”, “Нұрлы Жол – болашаққа бастар жол” атты кеңейтілген кітап көрмелерінің тұсаукесер рәсіміне жергілікті зиялы қауым, аудандық мекемелердің мемлекеттік қызметшілері мен ауыл жастары көптеп жиналып, Тәуелсіздігіміз туралы ой бөлісті. Сондай-ақ, Тәуелсіздік құрдастарының қатысуымен “Дені саудың – жаны сау” атты спорттық шара ұйымдастырылды. Барлық шараларға ауыл жастары мен мектеп оқушылары белсене қатысқаны біз үшін зор қуаныш.
Бұдан басқа мемлекеттік рәміздерді насихаттау мақсатында “Ел рәміздері – ел рухы” тақырыбындағы конференция, “Тіл тағдыры – ел тағдыры” атты интеллектуалдық турнир қолға алынды. Мұқағали Мақатаевтың 85 жылдығына арналған “Поэзия, менімен егіз бе едің?” кеші ойдағыдай өтті.
Біздің кітапханада дәстүрлі бөлімдерден өзге арнайы шетел әдебиеті, өнер әдебиеті, мерзімді басылымдар, арнайы балалар бөлімдері жұмыс істейді. Кітапханамызда 4809 дана кітап бар. Осы тұста балалар бөліміне тоқтала кетуді жөн көріп отырмын. Бұл жердегі кітаптардың жас оқырмандарымыз үшін танымдық және тағылымдық тәрбиесі мол. Тағы бір ерекшелігіміз, біздің кітапханада тарихтан сыр шертетін кітаптар өте көп.
Үстіміздегі жылы ғана кітапханаға 1682 адам келіп, ауыл азаматтары жалпы саны 3024 кітап жаздырып алған. Техника қарыштап дамыған заман кітапханаға келмей-ақ, ақпаратқа қол жеткізуге болатындығымен ұтымды. Дегенмен, бұл оқырмандардың қатары сирейді дегенді білдірмейді. Ауылдық округ тұрғындары классикалық әдебиетті оқуға ниет танытса, мектеп оқушылары заманауи жанрда жазылған әдеби кітаптарға құмар.
Берік ҒАБДУЛЛИН,
Қаратал ауылдық кітапханасының
меңгерушісі.