Біздің еліміз – бүкіл әлем қауымдастығы мойындап отырған тәуелсіз, егемен мемлекет. Оның ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары. Ол туралы еліміздің Негізгі Заңы – Қазақстан Республикасының Конституциясында атап көрсетілген. Демек, Қазақстан жерінде дүниеге келген әр баланың өмірі, денсаулығы, тыныштығы мемлекетіміздің Ата Заңымен қорғалған.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев “Қазақстан – 2050” Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты” атты Жолдауында: “Бейбіт өмірдің өзінде бізде мыңдаған жетімдер бар – балалар үйлері толы. Бұл, өкінішке қарай, жалпыәлемдік үрдіс және жаһанданудың сынағы”, – дей келе, онымен күресу қажеттігін және бала тәрбиелеу – болашаққа ең үлкен инвестиция екендігін алға тартты. Осыны басшылыққа алған жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған облыстық мектеп-интернат ұжымы дені сау, ұлттық сана-сезімі оянған, рухани ойлау дәрежесі биік, мәдениетті, парасатты, ар-ожданы мол, еңбекқор, іскер, бойында басқа да игі қасиеттер қалыптасқан жан-жақты ұрпақ тәрбиелеуді мақсат етеді.
Күн сайын құбылып тұрған мына қоғамда әр тәрбиеленуші өзін заман ағымына қарай сана-сезімі ояу тұлға ретінде ұстай білуі қажет. Жасыратыны жоқ, балалар үйіне келген балғындардың арасында мектепке мүлде бармаған, сабақтарын көп босатқан, қоғамда өздерін қалай ұстауды білмейтіндері жиі кездеседі. Өкінішке қарай, олардың көпшілігі отбасы жылуын сезінбеген. Осы олқылықтың орнын толтырып, балғындарымыздың ер жетіп, үлкен өмірге аяқ басқанда қателеспей, елінің ақылды, саналы азаматтары болуына күш саламыз. Оларды қоғамға тез бейімдеу үшін №4, №9 және №23 орта мектептерде қала балаларымен бірге оқыту қолға алынуда.
Әр баланың бойындағы өзіне тән қабілет, дарынының ашылуына және зияткерлік, шығармашылық, танымдық қабілеттерін дамытуға, тәрбиеленушілердің әрқайсысының терең білім алып, өздеріне ұнайтын үйірмелерге қатысуына мемлекет тарапынан мол мүмкіндік жасалған. Мекемеде балалардың шығармашылығын дамытуға арналған: “Маска” театры, “Нотки”, “Әдемі-ау” вокалдық топтары, “Калинка” халық аспаптар оркестрі, “Дала пернесі” (домбыра), “Ақ қайың” (би), “Шебер қолдар” (қолөнер), жобалық клуб, информатика үйірмелері мен үстел теннисі, футбол, баскетбол, волейбол, шахмат, тағы басқа спорттық секциялар жұмыс істейді. Үстіміздегі жылы білікті ұстаздарымыздың жетекшілігімен әзірленген тәрбиеленушілеріміздің жұмысы облыстық қолданбалы қолөнер конкурсында ең үздік деп танылды.
Тәрбиеленушілеріміз ана тілі мен төл мәдениетін пайдалануға, қарым-қатынас, тәрбие, оқу және шығармашылық тілін еркін таңдауға құқылы екендігін біледі. Еліміздегі мемлекеттік тілді дамыту саясатын қолдаған оқушыларымыз қазақ тілінде өтетін олимпиадалардың белсенді қатысушылары. Вера Григорьева, Галина Жукова, Влад Шагвалеев, Галина Калашникова сынды оқушыларымыз – “Жарқын болашақ” олимпиадасының жүлдегерлері. Биылғы 19 түлектің 8-і М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетіне, қалғандары түрлі колледждерге грантпен оқуға түсті.
Балалардың денсаулығы үнемі қадағаланады. “Ұлт денсаулығы – табысты болашағымыздың негізі” қағидасын басшылыққа алып, интернатта балалардың саламатты өмір салтын ұстануына, денсаулығын нығайтуға, дене бітімінің дұрыс қалыптасуына баса назар аударамыз және жетістігімізбен мақтана да аламыз. Тәрбиеленушіміз Алмагүл Бегіман шахматтан Қазақстан Республикасының чемпионы атанса, Анатолий Алаш, Олег Савельев, Нәжия Максимова – түрлі деңгейдегі жарыстардың жеңімпаздары. Виктория Рогачеваның есімі гір көтеруден Гиннестердің рекордтар кітабына жазылса, Виктория Давидюк гір көтеруден алтын жүлдені жеңіп алды. Биылғы жылы әйелдер футболынан қыздарымыз 1-орынды қанжығаларына байласа, ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арнап баскетболдан өткен жарыста олар – алтын, ал ұлдар күміс жүлдеге ие болды. Қыздарымыз әйелдер футболы бойынша Қазақстанның құрама командасына енсе, ұлдар әскери жарыс түрінен 2-ші және авиамоделдеу шеберлігінен 1-орынды олжалады.
Адам өміріндегі ең қызықты да есте қалатын сәттері – отбасында өткізген балалық шағы. Балаларды отбасына орналастыру мақсатымен жыл сайын “Қуан сәби” акциясы өткізіледі. Науқан аясында 2012 жылдан бері 60-қа жуық тәрбиеленуші өз туыстарына оралды. Оның ішінде 2-еуі асырап алынса, 10-ы – патронаттық тәрбиеге, 24-і қамқоршылыққа берілді. Тағы 20 бала туған отбасына қайтарылды.
“Мәңгілік Ел” идеясы шеңберінде бала бойында қазақстандық патриотизмді, адамгершілік-рухани құндылықтарды қалыптастыру үшін “Жылы үйіміздің” әр отбасында балғынға жеке тұлға ретінде қараймыз. Олар қоғамымыздың толыққанды мүшесі ретінде Конституциямен қорғалып, мемлекет қамқорлығына бөленуде.
Ризабек КАКПЕНОВ,
жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған
балаларға арналған облыстық мектеп-интернат директоры.