«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АТА ЗАҢЫМЫЗ АРДАҚТАЛДЫ АЙРЫҚША

 

 

Талай қилы заманды бастан өткеріп, егемендікті арман еткен қазақ халқының Тәуелсіздікке қол жеткізгеніне биыл ширек ғасыр толады. Осы жылдар аралығында Конституция біздің барша жарқын істеріміздің қайнар бастауына айналды. Бұрнағы күні бірлігімізді бекемдеп, елдегі тұрақтылық пен татулықтың берік тұтқасы болған Қазақстан Конституциясы күнін ел болып атап өттік.

Жаздың соңғы күндері болғасын ба, аспан бұлттанып, салқын жел күздің ызғарын сездірді. Алайда, қызылжарлықтарға табиғаттың бұл мінезі кедергі бола алмады. Бұл күні Қазақстан үшін маңызды мерекені тойлауға Орталық алаңға бет алған халықтың қарасы қалың болды.

– Негiзгi Заңға сүйене отырып, бiз қоғамда келiсiм мен бейбiтшiлiктi нығайтамыз, жеке тұлғаның шығармашылық, зияткерлiк және кәсіби әлеуетін танытуына қажетті жағдайлар жасаймыз. Тиімді құқықтық жүйе арқылы бiз экономикалық өсуге және қоғамның байқуаттылығына қол жеткіздік. Ел Конституциясы – үмiттiң және алдағы дамудың сенімді кепiлi, – деген облыс әкімі Ерiк Сұлтанов қастерлі құндылығымыздың қағидаттарын бұлжытпай орындаудың нәтижесінде қысқа мерзімде мызғымас мемлекетімізді орнатып, Тәуелсіздігімізді тұғырлы еткенімізді атап өтті.

Солтүстікқазақстандықтарды маңызды мерекемен құттықтаған облыс әкімі өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан елеулі үлесі, қоғамдық өмірге белсенді араласқаны үшін және Қазақстан Республикасы Конституциясы күнін мерекелеуге байланысты бір топ азаматқа Құрмет грамотасы мен Алғыс хатын табыстады.

– Еліміз тәуелсіздігіне қол жеткізгеннен бері оң өзгерістер орын алуда. Жыл өткен сайын әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан дамып, бәсекеге қабілетті болдық. Көп жылдан бері тұтынушылардың құқығын қорғау саласында еңбек етіп жүрмін. Осы орайда айтарым, Ата Заңымыз елдің басты қазынасы – адамдардың құқығын жоғары деңгейде қорғап келеді, – деді Ақжар аудандық тұтынушылардың құқығын қорғау жөніндегі басқармасының басшысы Сәуле Қажкенова.

Еңбегі еленген жерлестеріне қошемет көрсеткен соң жиналған қауым “Түмен – Петропавл” достық автошеруінің қатысушыларын қарсы алды. Ресей Федерациясының “Түмен облысы қазақтарының ұлттық-мәдени автономиясы” қоғамдық ұйымының президенті Есенғали Ибраев солтүстiкқазақстандықтарға ізгі ниеттері үшiн алғысын бiлдiрiп, мерекемен құттықтады.

– “Достық автошеруiнiң” қатысушылары өз ата-бабаларының жерiне келгендерiне қуанышты. Биыл Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығын шетелде жүрген қазақтар да кең ауқымда атап өтетін болады. Бiз, ресейлiк қазақтар, бұл мерейтойға үлкен жауапкершiлiкпен қараймыз. Мерекеге арналған iс-шаралар жоспарлы түрде жүзеге асырылуда, ол 16 желтоқсан – Тәуелсiздiк күнiне дейiн жалғасатын болады, – дедi Есенғали Ибраев.

Қазақстан мен Ресейдің туларын желбіреткен 15 автокөлік 500 шақырым жолды жүріп өтіпті. Олар Түмен облысының 6 ауданы мен өңіріміздің ондаған елді мекенін басып өткен. Автошеру қатысушыларының басым бөлігі жастар екен. Аға буын өкілдері оларды қазақ ұлтының тарихымен таныстыруға әкеліпті.

Түмен облысының губернаторы Владимир Якушевтің қолдауымен жүзеге асырылған “Достық автошеруінің” жетекшілері облыс әкімі Ерік Сұлтановқа “Достық картасын” сыйға тартты. “Түмен облысында да біздің елімізде сияқты этносаралық келісім орнаған. Екі өңірді экономикалық қана емес, мәдени қатынастар да байланыстырады. Сондықтан осы достық шарасы әріптестігімізді одан әрі нығайта түсеріне сенімдімін”, – деді облыс әкімі Ерік Сұлтанов.

Жат жерде жүрген қандастарымыздың еліміз үшін айтулы күнге орай осындай сый жасауы көпшіліктің көңілінен шықты. Көтеріңкі көңіл-күйді жергілікті өнерпаздар мен Астана қаласынан арнайы шақырылған талантты әнші Димаш Құдайбергенов қатысқан концерттік бағдарлама одан бетер асқақтатты.

Аспанында асқақ ән әуелеп, халқы шат-шадыман күйге бөленген елге ырыс-береке де үйір болар. Себебі, әр мереке сайын кең дастарқан жайылып, қазанымыз оттан түскен емес. Жыл сайын өткізілетін бал фестивалі де қалыптасқан дәстүрден таймады. “Сот” Солтүстік Қазақстан омарташылар қауымдастығы” қоғамдық бірлестігінің төрағасы Олег Гавриловтың айтуынша, бүгінгі таңда өңірімізде 200-ден астам омарташы бар екен. Мерекені атап өтуге жиналған халыққа он омарташы өз өнімін ұсынды. Сапасы жоғары өнімдерімен әлемдік нарыққа да шығып жүрген омарташылар тұтынушылардан кенде емес.

Ал түрі басқа болса да, тілегі бір, тілі басқа болса да, жүрегі бір этномәдени бірлестік өкілдері кең дастарқан жайып, Қазақстан Конституциясы көшесі бойында серуендеген жұртшылықты құшақ жая қарсы алды. Салқын желден денелері тоңазыған адамдарға ыстық шайын ұсынып, жылы-жұмсағын ауыздарына тосты. Әрбір азаматы өзін тең сезінетін, татулығы жарасқан Қазақ елінің осындай ауызбірлігі мен кеңдігі әлемге аңыздай болып таралуда.

Арайлым БЕЙСЕНБАЕВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp