«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚЫЗЫҚҚА ТОЛЫ ЖАЗҒЫ ДЕМАЛЫС

Қосымша білім беру қызметі әр баланың функционалдық сауат­тылығын, шығармашылық озық идея­ларын дамытуға, алған білімін қабілетіне сәйкес іске асыруына, білімділігі мен ұтқырлығына сенімді болып, ел дамуына өзіндік үлесін қоса алатын тұлға болып қалыптасуына көмектеседі. Осы орайда биылғы жылы ауданымыздың барлық мектептерінде күндізгі сауықтыру алаңдары ашылып, оларға 1137 бала тартылды. Соның ішінде көмекке мұқтаж көпбалалы, аз қамтылған отбасылардан шыққан 100 оқушы тегін демалды. Алаңдардың жұмыс жоспарына үш тілде оқыту жүйесі енгізілді. Ол жаңа оқу жылынан бастап үш тілде білім алуға балалардың қызығушылығын арттыруды көздеді.

Сондай-ақ, осы санаттағы 150 оқушыға Аққайың ауданына қарасты “Оқжетпес” сауықтыру лагеріне жолдама берілді. Оған жергілікті бюджеттен 2 миллион теңгеге жуық қаражат жұмсалды. Тағы 42 бала Бурабайдағы “Арман” сауықтыру лагерінде демалды. Ауданның 4 мектебінде 200 оқушыға арнап “Жазғы мектептер” жұмыс істеді. Түске дейін қазақ, орыс және ағылшын тілдері үйретіліп, математикадан қызықты сабақтар өткізілді.

Балалардың жазғы уақыттарын тиімді өткізулері үшін үйірмелер мен түрлі спорт түрлерінен секциялар ұйымдастырылды. Этномәдени орталықтарда да оқушыларға жағдай жасалды. Онда балалар этномәдени ұйымдар мүшелерінің жетекшілігімен түрлі қолөнер мәдениетінен сабақ алды. Оқушылардың көпшілігі мектеп ауласын абаттандыру мен көгалдандыру жұмыстарына белсене араласты.

Жыл сайынғы дәстүрге айналған “Мен чемпионмын!” спартакиадасы демалысты қызықты өткізуге мол мүмкіндік берді. Оның қатысушылары – ауданның құрама командасының мүшелері. Олар Астана қаласына үш күндік саяхатқа, “Арман” жазғы сауықтыру лагеріне екі аптаға және Петропавл қаласына біркүндік автотурға бару мүмкіндігіне ие болды.

Тәрбие арқылы біз оқушыларымызды жан-жақты болуға, төзімділікке, еңбексүйгіштікке, ең бастысы туған жерін қастерлеп, елін құрметтеуге баулимыз. Жазғы уақытта балаларды бақылаусыз қалдырмай үнемі назарда ұстап, олардың қауіпсіздігін қадағалаймыз. Аудан бойынша жүргізілген мақсатты жұмыстардың нәтижесінде оқушылардың жазғы демалысын ұйымдастырудан облыста 4-орында болдық. Бұл – біз үшін зор мақтаныш.

Айтқазы ӘУБӘКІРОВ,

Уәлиханов аудандық білім бөлімінің басшысы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp