
“Ұстаз болу – жүректің батырлығы,
Ұстаз болу – сезімнің ақындығы”, – деп ақын Ғафу Қайырбеков жырлағандай, сөзі маржан, үні ән ұстаздардың бар болғаны бір мақтаныш. Бала тәрбиелеу, оған заман талабына сай білім беру, қоғамға толыққанды азамат етіп қосу – үлкен жауапкершілік. Сондықтан да ұстаз есімі қашанда құрметке лайық. Ал енді ұстаздық жолдың қиындығы мен қызығы үлкен бір әулетте ұрпақтан-ұрпаққа сабақтасып жатса, оның орны тіпті ерекше.
Тайынша ауданында тұратын Жомартовтар отбасы – осындай құрметке бөленіп отырған үлгілі әулеттердің бірі. Қашанда істеген игі істерімен балаларына өнеге көрсетіп, оларға қамқоршы, ақылшы бола білген отағасы Базарбай Нұрғалиұлы – 45 жыл бойы ауыл шаруашылығы саласында табан аудармай жемісті еңбек еткен азамат. Зайыбы Майдаш Мұхаметқалиқызы өмірін бала оқытуға арнаған.
– Ұрпақ сабақтастығын жалғап, бала тәрбиесімен қатар, еңбекте де алғы шептен көріне білген, отбасымыздың ұйытқысы, мейірімді мінезімен бала жүрегіне жол тапқан зайыбымның мен үшін орны бөлек. Ол, біріншіден, ана, екіншіден, ұлағатты ұстаз. Ауыл балаларына саналы тәрбие, сапалы білім беру жолында аянбай еңбек еткен асыл жанның жас мамандарға өнеге болар тұстары көп, – дейді отағасы.
Ерлі-зайыптылар өзара сыйластықтың арқасында 45 жыл бір шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүріп келеді.
– Ұстаздық жолда 40 жылға жуық адал еңбек еттім. Осы аралықта менің алдымнан білім алған оқушылар саны аз емес. Шәкірттерімнің біразы жетістіктерге қол жеткізіп, мерейімді асырып жүр. Мен алдыма келген әр оқушыға өз баламдай қарап, шәкірттерімді еліміздің тарихын қастерлеуге, туған жерімізді қорғауға, ата-бабамыз аңсап өткен тәуелсіздігімізді құрмет тұтуға, отансүйгіштікке, елжандылық рухқа тәрбиелеуге талпындым. Өнегелі ісімді қазіргі таңда ұл-қыздарымның жалғастырып жүргеніне қуаныштымын. Түсіне білген адам үшін мұның өзі де бір бақыт, – дейді ұлағатты ұстаз.
Ата-анасының тағылымы мол сөздерінен ғана емес, ғибратты іс-терінен үлгі алып ержеткен үйдің тұңғышы Қанат – бүгінде әке жолын жалғастырып, өзінің жеке шаруашылығын басқарып отырған азамат. Талғат есімді ұлдарының мамандығы мұғалім, бүгінде ол Тайынша ауданындағы Киров ауылдық округінің әкімі.
Ұстаз мамандығын таңдаған Роза, Райхан, Айжан және Берік ана жолын жалғастырып, білім саласында жемісті еңбек етіп жүр.
– Ата-анамыз бізді әдептілікке, сыпайылыққа, инабаттылыққа, мейірімділікке, төзімділікке, шыншылдыққа тәрбиеледі. Соның арқасында тәртібіміз орнықты, ынтымағымыз берік болып өсіп-өндік. Осындай өлшеусіз еңбек үшін оларға ризамыз. Ата-анамыздың үмітін ақтап, олар бастаған жолды жалғастыруды балалық парыз санаймыз, – дейді анасының ізін басқан қызы Роза.
“Күміс алқа” таққан асыл ана, ұлағатты ұстаз Майдаш Мұхаметқалиқызынан сабақ алған Серік Ыбыраев – қазір медицина ғылымдарының докторы, профессор. Ал Сағындық Мәмбетов Тайынша қаласындағы №3 орта мектептің директоры болып қызмет етеді. Күләйра Мәмбетова – жоғары санатты мұғалім, Қазақстан Республикасы білім беру ісінің үздігі. Қанат Тілеутай – Ыбырай Алтынсарин атындағы төсбелгінің иегері, жоғары санатты ұстаз. Міне, оқушыларының осындай биікке көтерілгенін көру кез келген ұстаз үшін мақтаныш екені сөзсіз.
Ұлдары мен қыздарын қатарынан қалдырмай ержеткізіп, оқытып, еңбекке баули білген Базарбай Нұрғалиұлы мен Майдаш Мұхаметқалиқызы – бүгінде алты немере, екі шөберенің қызығын көріп отырған ата-әже. Олардың тілегі – ел амандығы.
– Тәуелсіздік даңғылына түскенімізге биыл – 25 жыл. Бұл – әрбір қазақстандық үшін маңызды оқиға. Дүниені дүр сілкіндіріп, көк туымызды көгімізге көтерген тарихи сәттен бастап бүгінге дейін қарышты қадаммен алға басып, еліміз жыл санап емес, күн санап дамып келеді. Елбасымыз халықтың тұрмысын жақсарту үшін барлық жағдайды жасап отыр. Оқу оқып, еңбек етемін деген адам үшін мүмкіндік бар. Тек ниет керек. Елбасының көрегенді саясатының арқасында “Мерейлі отбасы” ұлттық байқауы да республика бойынша жыл сайын өткізіліп келеді. Бұл – отбасылық құндылықты насихаттап, жастарға өнеге көрсетудің бірден-бір дұрыс жолы. Аз уақыттың ішінде бүкіл халықтың сүйікті мерекесіне айналған сайысқа отбасымызбен қатысқанымыз біз үшін үлкен мәртебе, қуанышты сәт, – дейді отағасы Базарбай Нұрғалиұлы.
Үлкенді құрметтеп, кішіге қамқорлық көрсетіп, еңбекпен шыңдалған отбасы мүшелері “Мерейлі отбасы” байқауының аудандық кезеңінде бірінші орынды жеңіп, арнайы сыйлықпен марапатталды. Жомарт мінезді Жомартовтар отбасысы облыстық кезеңде де топ жарып, “Үздік еңбек әулеті” аталымы бойынша жеңімпаз атанды.
Алма ҚУАНДЫҚҚЫЗЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.
СУРЕТТЕ: Жомартовтар әулеті.
Суретті түсірген
Талғат ТӘНІБАЕВ.