
Заманның талабы болар, бүгінгі таңда “темір тұлпар” тізгіндеп алған бойжеткендерді жиі көретін болдық. Есесіне, аттың құлағында ойнайтын қазақ қыздары сиреп барады. Шал ақын ауданындағы Жаңажол ауылының тумасы Шынар Сейітова бес жасында тізгін тартып, атқа мініпті.
– Жылқы малының жөні бөлек. Баптай білсең, олардың да тілін табуға болады. Мен өзім кішкентайымнан атқа үйірмін. Әкем қасына алып жүріп, қалай отыруды үйреткен. Қазір аттың қыр-сырын бір адамдай меңгеріп алдым. Демалыс күндері жұмыстан қолым босаған кезде атты ерттеп алып, салт мініп, жасыл жайлауды бір аралап өтсем, жаным жадырап қалады. Желмен жарысқан кезде өзімді құдды бір қанатты құстай сезінемін, – дейді Шынар.
Қазақтың қос етек көйлегін киіп, үкілі сәукелесімен атқа қонған шабандоз биыл аудан орталығында өткен ауқымды шарада қазақ халқының көне ойындарының бірі – “Қыз қууға” қатысып, өнерін көпке паш етті. Қос тізгінді қатар ұстаған Шынардың ойынша сәйгүлікті ерттеп, желмен жарысу үшін бойыңда оған деген қызығушылықпен қатар батылдық және ұстамдылық керек.
(Өз тілшіміз).
Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.