«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЕМШІНІҢ БАҒАСЫН ЕЛ БЕРЕДІ

Бойына дарыған қасиетінің арқасында бүгінде көптің алғысына бөленіп жүрген халық емшілерінің бірі – Зәуреш Мәтенова. Ол Жамбыл ауданындағы Есперлі ауылының тумасы. Бүгінгі таңда 70 жасқа келген қария Петропавл қаласында тұрады. Бала кезінде Зәуреш Байжұманқызы жиі ауырған. Қызының денсаулығына алаңдаған анасы оны ауыл сыртындағы Батыр қыстауы деген жерге апарып, қолы шипалы адамдарға емдетеді екен. Сондай күндердің бірінде үйлеріне келе жатқанда анасы соңынан ерген қызына аталарының барлығы қасиетті адамдар болғанын әңгіме етіп айтып: “Қарағым, мүмкін, сенің бойыңда бір қасиет бар шығар. Сондықтан да сен осылай ауыра беретін шығарсың…” – дейді. Балалықпен Зәуреш апай бұл сөздерге ол кезде айтарлықтай мән бермейді.

Арада біраз уақыт өткенде Зәуреш апай түс көріп, оған бейне бір адам емші болатыны жайында аян береді. Жастық кезде ол шынымен де өзінің бойында емшілік қасиет барын толығымен сезінбейді, түсінбейді. Бой жетіп, көршілес жатқан Жарқын ауылының азаматына тұрмысқа шығады. Жас келіннің бойында қасиеті барын білетін адамдар оған емделуге келе бастайды. Алғашқы кезде Зәуреш апай күйіп қалған адамдарды, шошынған, көз тиген кішкентай балаларды емдеумен айналысады. Осылайша оның есімі ауыл-ауылға тез тарап, аз уақыттың ішінде танымал емші болады.

Міне, содан бері 35 жыл уақыт өткен. Осы аралықта емші жүздеген адамның дертіне дауа, жанына шипа бола білді. Оның емшілік қасиетін растайтын құжаттары да бар.

– Бірнеше жыл бұрын облыстық денсаулық сақтау басқармасынан қалалық 3-ші ауруханада 2 ай түрлі аурумен сырқаттанған адамдарды емдеуге жолдама алдым. Менен ем алған адамдар сауыға бастаған соң аурухана әкімшілігі белгіленген мерзімді тоспай, бір айдың ішінде қолыма тиісті қағаз берді. Осылай мен дәрігерлерге өзімнің емшілік қасиетімді сөзбен емес, іс жүзінде дәлелдеуге бір мүмкіндік алғаным әлі есімде, – дейді Зәуреш апай.

Алдына келген сырқаттарды Құранмен емдеудің маңызы мен мәнін жете түсінген емші одан кейін де Алматы қаласына барып, халық емшілері орталығында бірнеше сыннан мүдірмей өткен. Нәтижесінде халық емшісі деген куәлікке қол жеткізіп, патент алған.

Емші басқа аурулармен қатар әйелдерде жиі кездесетін миома, сарысулы ісік сияқты сырқаттарды емдейді. Соңғы жылдары Зәуреш апай ішімдікке салынып кеткен адамдармен жұмыс істеп, жеке тұлғалық тоқырауға шалдыққандарға көмек берумен айналысуда.

– Алкоголизм – созылмалы ауру. Оны бірден емдеп, дер кезінде алдын алмаса, дерт асқынып кетеді. Кесірінен, адам отбасының шырқын бұзып, өзі ғана емес, өзгелерді де бақытсыз етеді. Қызметте абыройын, ағайын-туыс арасында беделін жоғалтады. Осындай жайсыз жайттардың алдын алу үшін мен алдыма келген адамды барымды салып емдеймін. Ең бастысы, сенім керек. Сырқаттар “Дерттен құлан-таза емделіп кетемін” деген дұрыс оймен келсе, барлығы жақсы болады, – дейді емші апай.

Құттықыз ҚҰСЕНОВА.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp