«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТӨРЕ ТҰҚЫМЫ (Этнографиялық әңгіме)

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, жерлесіміз, Уәлиханов ауданындағы Күрлеуіт ауылының тумасы Әсия Біржанқызы Орынбаева қыркүйектің бесінші жұлдызында алпыс жасқа толады. Алғашқы еңбек жолын аудандық “Қызыл ту” және “Красное знамя” газеттерінде аудармашылықтан бастаған ол Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін тамамдағаннан кейін Алматы қаласындағы “Мектеп”, “Экономика”, “Қазығұрт”, “Жеті жарғы” баспаларында жұмыс істеді. Жерлесіміз бүгінде “Алматы кітап” баспасында редактор болып қызмет атқаруда. Жазушының қаламынан туған көркем туындылары – әңгімелері мен хикаяттары бірнеше кітап болып басылып шықты. “Назерке”, “Қызғаныш”, “Қоштасу алтыбақаны” атты жинақтары қалың оқырманның жүрегіне жол тапты. М. Горькийдің “Артамоновтардың ісі”, Г. Флобердің “Бувар мен Пекюше” шығармаларын, өзге де көптеген оқулықтарды, тарихи кітаптарды қазақ тілінде сөйлеткен Әсия Орынбаеваның бұл салада да тындырған істері ұшан-теңіз.

Айғанша бүгін төсегінен сол аяғымен тұрды. Келінінің бетіне көз қырын да салмастан, басын кекжите ұстап далаға шықты. Күндегі әдетінше жылы су құйылған құманды ұсына берген Айжанның қолынан оны нұқың-қырай жұлып алғандай болды. Сезімтал келін аңтарылып қалды.

– Апа, бір жеріңіз ауырып тұр ма?

– Ауырса қайтейін деп едіңдер? Армандарың менің ауруым болса, ол да ұзамас. Бірақ сонда үйдің төбесіне шығып, қол қусырып отырғандарыңды көрермін.

Айжан енесінің бұл әрекетін қалай түсінерін білмей, абыржып, әрі бірінші рет естіген ауыр сөзін көңіліне алып қалды. Не болғанын біле алмай дал. Қайтіп тіл қатпады, ашуландыра бермейін деп үнсіз ғана, бірақ күндегісінен ширақ қимылдап, шай қамына кірісті. Кешеден бері лепірген көңілі біртіндеп басыла бергендей. Шай даяр тұр. Айғанша жуынып болса да, орамалын басына бос салып, сол орнынан қозғалар емес. Екі тізесіне салбыратып аса салған екі қолы шарасыздық халін танытқандай болып, қимылсыз отыр.

“Апама не болған, неге ренжіді? Не істеп қойып едім?” – деген ойдан арылар емес. Жас келіннің ойы шарқ ұрып, кешегі күнге ойыса береді. Не де болса кешке қарай болды. Түс кезінде ол кісіден көңілді адам болған жоқты. Түскі асқа келген Айжанның алдынан қуана самбырлай сөйлеп шыққан болатын.

– Айжантай, құдағи келе жатыр, үлкен құдағи. Міне, телеграмма, ертең кешкі автобустан тосып алыңдар, – депті. Сенің от жаққан жеріңді көрейін деп, шыдап жата алмай келе жатыр-ау. Сүйегі асыл ғой ол кісілердің. Автобуспен шаршамай-ақ, машинамен алып кетіңдер деп хабар берсе, Нұржантай барып алып келер еді ғой. Қиналып қалмаса жарар енді.

Көзі жарқ етіп, күліп жіберген келінінің қуанышына елтігендей, қайта-қайта үлкен құдағиын мақтап, бірден дайындық қамына кіріскенді. Әй, не де болса, сол қой сойғанда болды-ау. Пышағын, жібін тауып беріп, енесінің әкел дегендерін лып еткізіп, лезде орындап, жүгіріп жүргенмен, қой бауыздар кезде ет-жүрегі тітіркеніп, ұятты да ұмытып, үйге кіріп кеткеніне ренжіді ме екен? Жоқ, қой сойылып болып, мүшеленіп жатқан кезде қайтып келіп, күйеуінің қолына су құйды емес пе? Сонда Нұржан мұның қорқақтығына күліп, мазақтай бастағанда, енесі:

– Қой, жас кезімізде өзіміз де қарай алмайтынбыз. Жүре-бара үйренеді. Жаңа түскен жас келінге, тіпті, мұндайға қараудың өзі зиян. Кетіп қалғаны дұрыс болды. Отыр әрі ыржақтамай! – деп баласына зекіп тастады емес пе?

Әлде… Бар бәле ішек-қарын тазалаудан шыққан екен ғой. Бірақ менің жазығым қанша? Ішек-қарын деген бәлеге қолымның ұшын тигізбек түгіл, қарауға жиіркенетінім рас. Иісін айтсаңшы… Тфу! Айжан ішек-қарын аршыған әйелдерді анадайдан айналып, мұрнын басып өтетін. Олардың қалай шыдап отырғандарына, оны қойып, әзіл-қалжыңнан ауыздары бір босамайтын көңілді қалыптарына қатты таңданатын. Ал өзін біреу сүйреп, біреу итерсе де саусағын тигізбекші емес. Енесінің кешегісі қып-қызыл зорлық еді.

– Айжантай, кел екеулеп мынаны аршып тастайық, – деп енесі тегене толы былқ-былқ еткен қойдың ішкі мүшелерін бұған қарай икемдей бергенде, анадай жерде состиып тұрған келін өзінің шар еткен дауысының қатты шыққанын аңғармай да қалып еді.

– Жоқ!

Оқыс дауыстан селк ете қалған Айғанша мен Нұржан бастарын көтерісіп алғанда, жас келін тайрақтай қашып бара жатыр еді. Олар әуелі ештеңеге түсінбей қалды. Келіні бірдеңеден шошыды ма деп үрейленген Айғанша қанға былғанған қолын сүртуге мұршасы болмастан, соңынан жүгірді. Анадай жерге барып іркіле берген Айжанның көзі өзіне жақындап қалған енесінің қолына түсіп, еліктей бір-ақ орғып, үйге кіріп кетті. Дәл алдынан сарт еткен есік Айғаншаның басынан соққаннан кем тимеді. Келінінің неден үркіп жүргенін көзқарасынан танып қалған.

– Апа, Айжан неден қашып жүр? – деп жеткен ұлының алақ-жұлақ еткен көзінің алдына оң қолының басын тақап, бір-екі сілкіді де, ләм деместен бұрылып кетті. Тіпті, қолының былғанышы шашырап, ұлының көйлегін бүлдіргеніне де қараған жоқ. Содан жалғыз өзі ішек-қарынды аршып, тазалап болғанша аузы тыным таппай бұрқ-сарқ сөйлеумен болды. Онысын өзінен басқа ешкім естіген жоқ. Айжан да, оның соңынан кеткен Нұржан да тым-тырыс. Амал не, түскелі үш-ақ ай болған жас келіннің қателігін бетіне басып, ұрсып-ұрсып алуға тәрбиесі жібермеді, іштен тынды. Алайда, кешкісін дәмді қуырдаққа келінінің жаудай тиісіп, қомағайлана жегенін көргенде, шыдай алмай, бірдеңе деуге оқтала беріп еді, сап етіп бір ойдың көлденеңдей қалғаны. “Ау, осы неме ащы қуырдақты көмейлетуіне қарағанда… бірдеңесі болып жүрмесін. Жайшылықта тамақты түртіп қана жеп отыратын еді”. Осы ойдан жүрегі езіліп сала берсе де, буған өкпесін ұмыта алмай:

– Қалай, қуырдақ тәтті ме екен? – деп қойды даусына сәл кекесін араластыра.

– Ой, апа, керемет тәтті екен, – дейді ойында ештеңе жоқ келіні қасық толы бағанағы ішек-қарынды аузына тықпалап жатып, – өмірі мұндай дәмді қуырдақ жеп көргем жоқ.

Айғанша басқа ештеңе айта алмады. Өкпе-ренішін болымсыз үміті жеңіп, тығылып қалды.

– Апа, жүріңіз, шай дайын.

Айғанша бойын жиып, орамалын жүре байлап үйге беттеді. Тағы да Айжанға көз қиығын салмай отырып алды. Жайшылықта ауыз жаппай сөйлеп, ұлы мен келінін кезек айналып отыратын енесінің мына тымырайысына түсіне алмай Айжан әлек. Ешқандай бүкпесіз таза көңілімен:

– Апа, сізге не болды? Маған өкпелеп отырсыз ба? Қойыңызшы, енді ренжітпеймін! – деп бір-екі рет сөзге тартып еді, сәл жібігендей түрмен: “Жәй, әншейін. Көңіл бөлмей-ақ қой” дегендей, қолын сілкіді де қойды. Бірақ Айжанның “Енді ренжітпеймін” деген уәдесі тағы ұзаққа бармады. Бұлар шайды ішуге таяп қалғанда зыр етіп жетіп келген ұлы бір кесе сүтті түрегеліп тұрған күйі сіміре сап:

– Кеттік, Айжан, автобус кеп қалады, – деуі мұң екен, келіні шошаң етіп орнынан атып тұрды. Жүгіріп барып өз бөлмесінен жаңа көйлегін киіп келді де: “Апа, өзіңіз іше беріңіз”, – деп енесіне жүре сөйлеген күйі шықты да кетті. Ал керек болса! Айғанша мүлдем күйіп кетіп, жұдырығымен көрпешені салып қалды. Құдағиының алдынан өзі шығып қарсы алармын деп ойлаған еді. Өткенде құдалық кезінде төсек тартып жатқандықтан келе алмаған. Енді үлкен басымен шақырту күтпей-ақ өзі келе жатқан соң алдынан шығып күтіп алуды лайық көрген. Мына секеңдеген ешкіні-ай, ә! Тым құрыса “Апа, әжемді қарсы алуға мен барайыншы”, – деп рұқсат сұраса ғой. “Күйеу менікі” дегендей, мәшинеден түспей, қыдырады да жүреді. Кеше көңілі қалғандықтан ба, бүгін әйтеуір келінінің бар ісінен мін тауып, тырнақ астынан кір іздеп отырғанын аңғармады. Тағы да өз-өзінен бұрқылдап ұзақ сөйледі. Сөйте жүрсе де сыйлы құдағиының келетінін ұмытпай, қуырдағын қуырып, самаурынын ызылдатып, дастарқанның ішім-жемін тап-тұйнақтай етіп даярлап қойды. Құдағиы, шүйкедей ғана қара кемпір мәшинеден аяғын созып түсе бергенде, құшағын жайып қарсы алды.

Екі күн өтіп, үшінші күні үйде қос құдағи оңаша қалды. Қанша ұмытайын десе де, өзіне шан-шудай тиген келінінің сол қылығын әжесіне айтып беріп, немересіне ақылын айтып кетуін өтінді Айғанша. Кәрі әже үнсіз тыңдап болып, тіссіз қызыл иегін көрсете, екі иығы селкілдеп тұрып күлді дейсің. Көзінен аққан жасын қайта-қайта сүртіп, өзіне аңырая қараған Айғаншаның қолын “Үндеме, кейін түсінерсің” дегендей ап-арық, әлсіз қолымен қысып-қысып қойып, тағы күледі. Айғаншаның шыдамы жұқара бастаған кезде күлкісін тыйды-ау.

– Құдағи, – деді күлкіге шашала сөйлеп, – тура бұдан жиырма жыл бұрынғы менің көргенім ғой. Айжантайым шешесінің аузынан түсе қалған ба дерсің. Қылығын қарасаңшы, біреу үйретіп қойғандай. – Әженің жаңағы күлкісін біреу қолмен сыпырып алғандай жоғалып, әжімді жүзін уайым торлап, мұңайып қалды. – Зәурешім, шіркін, қандай еді! Үйімнің құты еді ғой. Алғашында мен де мына сен құсап, сол қалқама кейідім-ау. Ол да ішек-қарын аршуға саусағының ұшын тигізбей, жиіркеніп тұратын. Құдай берген бір мінездері болғаны ғой. Бірақ басқа жерде жібектей ширатылып тұрушы еді. Пісірген тамағы қандай, нағыз балбармақ еді. Көркі қандай, атқан таңдай аппақ еді-ау! Құдайға да жақсы керек, маңдайымызға сиғызбай ерте алып кетті, қайтейін?!

Ал енді, құдағи, бұлардың кірпияздығының тағы бір сыры бар. Менің келінім, осы Айжантайымның шешесі төре тұқымы ғой. Төре болғанда да тура әлгі Кенесары ханның ұрпағы. Өздері төре дегеннің не екенін білмей өссе де, қан бар ғой, қан! Бойларында ақсүйектік, бекзаттық, бір керім кербездік сақталған. Зәуремнің ағасын өзің көрдің ғой, Шынтас құданы. Төбедей боп төрімде отырғанда тұлғасына да, сымбатына да көзің тояды-ау осы. Төре тұқымы десе дегендей, бекзада сырбаздық бар бойында. Әйел затын қабағының сұсымен табындыратын маңқиған сабаз-ау. Кейде малдасын құра жайғасып, ұйықтап кеткендей көзін жұмып, шалқайып отырып алатыны бар. Сонда әлгі келіншегі, Кәукәр құдағиымыз: “Үндеме, төрелігі ұстап отыр”, – деп күлдіретін. Мұның бәрін неге айтып отыр дейсің, Айғанша-ау? Сен де көрегенді жердің қызы екенсің. Айжанымның ондай қылығын кектеме, әдейі істегені емес, тумысы сол. Сен өзі тамақ дайындатып көрдің бе? Жоқ, дейді? Ойбай-ау, менің Айжантайым тамақтың түр-түрін ерінбей-жалықпай пісіріп бергенде, бармағыңды қоса жұтып қоя жаздайсың. Өздігінен араласып кете алмай, именіп жүрген шығар. Тоқыма тоқиды, іс тігеді. Мен қызым үшін мақтана аламын, құдағи, нашар келін түсірген екенмін деп уайымдама. Жалғыз кемшілігі сол болмаса, мына бетіме түкір. Басқа жағынан мін таппайсың баламнан. Жастықпен істейтін, кейін басылып кететін анау-мынау білместігін кешіре алмасақ, біздің көргеніміз қайсы?

Айғанша кәрі әженің таусыла сөйлегеніне, оны осындай халге жеткізгеніне ұялып, жерге кіріп кете жаздады.

– Құдағи, менен бір білместік болған екен. Ренжи көрмеңіз. Бөтен жанға тіс жарған емеспін, сізді өзімсініп айтып жатқан назым ғой. Құрысын, күнде қой сойылып жатқан жоқ, басым жерге жеткенше бір қойды өзім де жайғармын. Айжантайымды ренжітіп ала жаздаған екенмін. Ә, міне, өздері де келді. Айжантай, келші көкем, маңдайыңнан сүйейін. Өй, алтыным, алжыған апаңның сөзіне көңіл бөлме, қарғам. Сендердің көз алдымызда күліп-ойнап жүргендеріңнің өзі бақыт емес пе?! Әкел, екінші бетіңді әкелші. Айғанша көзі жаудырап таңырқай қараған келінін құшағына алып, екі бетінен кезек сүйіп, бауырына басты.

Немересінің енесі сөзге тоқтайтын, орнықты жан екендігін танып, көңілін бірлегені ме, әлде дүние салған сүйікті келіні есіне түсті ме, кәрі әженің мейірімді көздері жасаурап: “Ұзағынан, ұзағынан…”, – деп күбірлей берді.

Әсия ОРЫНБАЕВА,

Қазақстан Жазушылар

одағының мүшесі.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp