
Облыс әкімі Ерік Сұлтанов сенбі күні өңірімізге жұмыс бабындағы сапармен келген Малайзияның Қазақстан Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі Дато Хидаят Абдул Хамидті қабылдады.
Кездесуде Ерік Хамзаұлы өңірімізде астық және мал шаруашылығын, өңдеу өнеркәсібін дамыту, инвестициялық жобаларды жүзеге асыру, пайдалы қазба кен орындарын игеру, еліміздің қолданыстағы заңнамаларына сәйкес шетелдік бизнес өкілдеріне жасаллып отырған салықтық жеңілдіктер туралы қысқаша әңгімелеп берді. Солтүстік Қазақстан облысының Оңтүстік Шығыс Азиядағы экономикасы дамыған елдердің бірі болып саналатын Малайзиямен қарым-қатынасы жаңа орнатылып жатыр, былтыр тауар айналымы 1,5 миллион доллар болған. Өз кезегінде елші Ерік Хамзаұлына қонақжайлығы үшін алғысын білдіріп, жұмыс сапарының мақсатын жеткізді.
-Мен Қазақстанда елшілік қызметке кіріскеніме екінші жыл. Сіздердің облыстарыңызға келгеніме қуаныштымын. Өңірлеріңіздің әлеуеті зор екеніне көзім жетті. Ауыл шаруашылығы, өңдеу өнеркәсібі, басқа да салалар жақсы дамып келеді екен. Біз түрлі салаларда, әсіресе, сауда бағытында бірлесе екі жаққа да пайдалы жұмыстар атқарамыз ғой деп ойлаймын,- деген Малайзия елшісі Дато Хидаят Абдул Хамид «Омега-3» май қышқылы құрамына кіретін өнім мен халал технологиясы бойынша бірлескен жобаларды жүзеге асыру жөніндегі ұсыныстарын жеткізді. Бұл жобалар солтүстікқазақстандықтардың сұранысына ие болатынына сенім білдірді. Ерік Сұлтанов малайзиялық инвесторларды қазан айының басында өтетін «Қызылжар-инвест» халықаралық инвестициялық форумына қатысуға шақырды.
Кездесу соңында тараптар ескерткіш сыйлықтармен алмасты.