Бүгін, 6 қыркүйек күні Қазақстан Республикасының шайбалы хоккейден ашық чемпионаты басталады. Біріншіліктің алғашқы кезеңінде жергілікті «Құлагер» хоккей клубы өз алаңында павлодарлық «Ертісті» қабылдамақ. Кездесу Спорт сарайында кешкі сағат 19-да басталады. Келесі күні қарымта матч өтеді.
Еске сала кетейік, көктемде солтүстікқазақстандық «Құлагер» хоккей клубы чемпионатқа алғашқы жыл қатысқанына қарамастан үшінші орынға табан тіреп, қола медальді жеңіп алған болатын. Биылғы ел біріншілігі қарсаңында жерлестеріміз қоржынға алғашқы жүлдені салып үлгерді. Тамыздың 28-і күні петропавлдық команда Қазақстан кубогын ұтып алды.