Петропавл қаласының көшелерін жөндеу жұмыстары жалғасуда. Жақында Сәбит Мұқанов көшесіне орташа жөндеу жұмыстары басталады, деп хабарлады шаһар басшысының баспасөз қызметі. Нақтырақ айтсақ, Жамбыл көшесінен бастап, Тоқсан би көшесіне дейінгі аралық қалпына келтірілмек.
Көшенің осы бөлігімен көлік көп жүретіні ескеріліп, ол кеңейтілмек және Жамбыл көшесіне кедергісіз шығу үшін оң жаққа қарай арнайы бұрылыс жасалады. Және заманауи бағдаршамдар орнатылып, жаяу жүргіншілер жолы салынады.
Қазіргі таңда Партизан көшесін қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде. Екі ай ішінде жұмыстың 80 пайызы атқарылған. П.Васильев және Егемен Қазақстан көшелері аралығындағы су құбыры қалпына келтірілген соң жөндеу жалғасатын болады.
Солнечный кентіндегі жалпы ұзындығы 5 шақырымнан асатын 12 көшеге қиыршық тас төселді. Тұрғындардың өтініші бойынша, жаңа аялдамалар орнатылды. Береке шағын ауданында да жолдар жөнделуде. Петропавл қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар тасымалы және автомобиль жолдары бөлімінің сектор меңгерушісі Серік Қанапиновтың айтуынша, биыл шаһарда 1 438 миллион теңгеге шамамен 20 километр жол жөнделеді.