Ота үстелінің жан-жағынан төнген шамдар жап-жарық сәулемен бірге жылуды да аямай төгіп тұрғанымен Гүлсімнің тісі-тісіне тимей сақылдайды. Өз міндеттерін мінсіз атқаруға тырысқан ақ халаттылар да “бірдеңеден мүлт кетпейік” дегендей соңғы дайындықтарын жасап, қарбаласуда. Пышаққа түсу оңай ма? “Бұл үстелден тірі тұрам ба, жоқ па?” деген үрей бойын билеген Гүлсімнің есіне ауылдан ауруханаға кетіп бара жатқанда анасының: “Қызым, толғақ қысып жаның қиналғанда әуелі Жаратқан иеңе жалбарынып, жеңілдік тіле! Сосын жүкті әйелдердің пірі Бибатимаға, ата-бабаларыңның аруағына сыйын!” – деп жанашырлықпен тапсырған сөздері түсті. Үлгере алмай қалармын деген келіншек еріндері дірір етіп икемге келмесе де анасының сол сөздерін күбірлеп қайталай берді, қайталай берді…
… Ұйықтап кетсе керек, бетіне сарт еткен шапалақтан селк етті. Көзін ашуға шамасы жоқ, алайда, біреулердің: “Оянды, оянды”, – деген сөздері естіледі. “Тәте, сүйінші! Сіздің тілеуіңіз орындалды, ұлды болдыңыз!” – дейді тағы бірі. Осының бәрі түсінде болып жатқандай, дауыстар да алыстан, талып жетеді. Наркоздан ояна алмай жатқан Гүлсімнің санасында “бұлар мені ояту үшін “ұл тудың” деп өтірік айтып жатыр”, – деген ой жылт етті. Алайда, келіншектің өмір мен өлім арпалысқан жағдайда екінші баласын дүниеге әкелгені ақиқат еді. Бұл оның Алладан бір, адамнан екі сұрап, зарыға күткен, араға талай уақыт салып көрген сәбиі болатын…
Қай әйел болсын тұрмысқа шығып, отбасын құрған соң бала сүйіп, ана атансам демей ме? “Әйел бір қолымен бесікті, екінші қолымен әлемді тербетеді” дегендей, тұрмыс құрған шақта ана атанып, сәбилі болсам деген арман онда да болғаны анық.
Гүлсімнің тұла бойы тұңғыш қызы бойына бітіп, айы-күні жетіп жарық дүние есігін ашқанша шыбын жаны шүберекке түюлі болды. Денесі күптей болып ісіп кеткен келіншекті бұған дейін тал шыбықтай майысқан қыз болды деуге ауыз бармайтын. Қан қысымы қатты көтеріліп, ешқандай ем-дом қонбады. “Төсектен тұруға, ештеңе ойлауға, алаңдауға болмайды”, – деген дәрігерлер ауырғанды сездірмей, тыныштандыратын түрлі дәрі-дәрмекті беріп жатқызып қояды. Қазір жүкті әйелге ешқандай дәрі ішуге болмайтын болса, ол кезде ондай талап жоқтын.
Соңғы кездері келіншектің ағзасы белгіленген дәрілерді де қабылдамай, тек системамен ғана жатты… Ақыры дәрігерлер баланы ота жасау арқылы туғызуға мәжбүр болды. Абырой болғанда, олар отаны уақытында жасаудың арқасында бала мен ананың жанына араша түсіп үлгерді. Айы-күні жетпегендіктен, салмағы екі килограмға толмай туған шақалақ бірер ай вакуумда жатып жетілді.
Анасы мен қызының өмірін осылайша әрең сақтап қалған ақ халаттылар Гүлсімнің жұбайы Бүркітке: “Келіншегіңді ажал аузынан зорға арашалап алдық. Оның бүкіл ағзасы жүктілікке қарсы. Егер әйелің керек болса, бұдан былай одан бала сұраушы болма!” – деп қатаң тапсырды. Оның үстіне Гүлсімге ота жасалып жатқанда аурухана қабырғасына сүйеулі тұрған сатыға шығып қып-қызыл қанға оранған жан-жарын терезенің ашық жерінен бақылап отырған Бүркіттің өзі де Алладан зайыбының амандығын тілеп жалбарынған еді. Содан бері арада он жылдан астам уақыт өтсе де, отыз тістен шыққан сөзіне берік болған арыс азамат келіншегіне “бала керек” деп жағын да ашпады.
Керісінше, Гүлсімнің өзі араға жылдар салып, тағы бала сүйгісі келетінін айтып, дәрігерлерге қанша жүгініп тексерілсе де, оның алдыңғы жүктіліктен қалай өткені естерінде қалған олар: “Өзің өліп, өмірге әкелген жетім балаң кімге керек? Қыз болса да бір балаң бар, соған қанағат ет, бұл жалғанда оған зар болып жүргендер қаншама?!” – деп басу айтып шығарып салатын. Келінінің жағдайын байқаған енесі де екінші бала туралы тіс жарған емес.
Ал Гүлсімнің өз анасы, керісінше, оның жалғыз қызбен тоқтап қалғанына қатты қынжылатын және онысын жасырмай: “Қыз бала жатжұрттық. Ол ертең бойжеткен соң қанаты жетілген құстың баласы секілді туған ұясынан ұшып кетеді. Бүркіттің тұқымын құртпа. Ер азаматқа соңынан еретін ұл керек. Оған қарашаңыраққа ие болып, түтінін түтететін, отын лаулататын бір ұл туып бер!” – деуден танбайтын.
Дәрігерлердің сөзін алға тартқан қызының айтқанына құлағын да асқысы келмеген анасы бірде тіпті қатты кетті. “Өлсең, баладан өл! Баладан өлген шейіт болады. Ана азаматыңның тұқымын құртпай, соңынан еретін бір ұл туып бер. Өйтпейді екенсің, рұқсат бер де жібер! Басқа әйел алсын!”.
Гүлсімнің ол кезде жастау кезі. Тіршіліктің мән-мағынасын бірде ұғып, бірде ұқпай тек ертеңге ентелеген келіншек жайшылықта бір адаммен шай десіп, бет жыртыспай, көрші-қолаң, туған-туыспен тату-тәтті ғұмыр кешіп, балаларын да ешкімге қиянат қылмауға, әділетсіздік жасамауға үйретіп отыратын анасының біреудің тұқымын өрбіту үшін өзінің қаны мен жанынан жаратылған бауыр еті балапанын өлімге қиғанын түсінбейтін кездері жиі болатын. Тіпті, “Не деген қатыгездік”, – деп анасын іштей жазғыратын да еді.
Бірақ анасының кесіп айтқан соңғы сөзі қызына шығарған үкімдей әсер қалдырды. Ол келіншектің жай да күлдіреп тұрған жан-жарасын одан әрі өршіте түсті. Көңіл сарайының күл паршасын шығарды, жүрегін тілім-тілім етті… Осы оқиғадан кейін қатты күйзелген Гүлсім біразға дейін өз-өзіне келе алмай, не істеген ісінде, не сөйлеген сөзінде бәтуа болмай, ойы сан-саққа жүгіріп, бей-жай күй кешті. Ішкі жан дүниесі жауар күндей түйіліп, дым бүркіп, алдағы өміріне күмәнмен қарайтын болды. Тұйықтан шығар жол іздеді.
Ол енді шынымен-ақ ойлана бастады. Бұрын күнделікті күйбің тірлікпен жүріп мән бермеген екен. Енді бұған дейін өзі ұсақ-түйек деп санап келген жайттардың барлығын тізбектеп, ой елегінен өткізді. Күйеуінің бұрын-соңды мұның көңіліне келетін кірбің сөз айтпағанымен, ер бала көрсе елжіреп тұратынын қалай байқамаған?! Ойлап отырса, Бүркіттің басқа біреудің баласының қылығына қызыға қарап, реті келгенде олармен балаша ойнап, арсалаңдап қалатын кездері талай болған екен-ау. Тіпті, кейде ағайындарының ұлдарын үйіне ертіп келіп, әлпештеп, қойнына алып жататын да шақтары болғаны келіншектің енді есіне оралды.
“Расында да, қалай ақымақ болғанмын”, – деп өз-өзін жазғырып алған Гүлсім ағайындарының балаларын асырап алуға әрекет жасағанымен, ол талпынысы нәтижесіз болды. Неше жерден туыс болса да кім өзінің бел омыртқасын үзіп, тоғыз ай, тоғыз күн көтерген сәбиін “мә” деп басқаға бере қойсын. Ол осылайша талай ұйқысыз айлар мен күлкісіз күндерді басынан өткерді…
Дегенмен, Алла тағала өзі жаратқан құлын еш уақытта далаға тастамайды емес пе?! Тек сол күнге сабыр арқылы ғана жететініміз хақ. Ебепке – себеп деген. Гүлсімнің сабыр шақырып, үмітін жалғауына аяқастынан болған тосын оқиға себеп болды. Бірде кеңшарда жүргізуші болып істейтін жұбайы жол бойынан балта тауып әкелді. Ырымшыл халықпыз ғой, Бүркіттің олжасын өзінше жорыған Гүлсім (балта ерлердің ұстайтын құрал-сайманы болғандықтан болар) оны ұлға балап, ешкімге көрсетпей, жақсылап тығып сақтады. Өзі іштей: “Өлсем де бір ұл тууым керек”, – деп серт берді…
Қара түнек болып түйілген бұлт сейіліп, аспан ашылды. Тиегі тайған домбыраның үніндей болған ішкі әлеміндегі сезім әуені күрт өзгеріп, басқа бір дыбысқа, өзгеше сазға ауысып жүре бергендей болды. Күн күліп, көңіл пернесінде әсем әуен ойнады. Келіншекте өмірге деген құштарлық, құлшыныс, күш пайда болды.
Ол енді бұрынғыдай аудан орталығына бармай, құрбысының таныс дәрігеріне жүгініп, облыстық ауруханадан бірақ шықты. Гүлсімнің денсаулығын зерттеп, мәселесіне қаныққан ондағы дәрігерлер: “Бала туам” деген анаға ешкімнің кедергі болуға құқығы жоқ”, – деп кесімді пікір айтып, ем-домдарын жасады. Осылайша Гүлсім әуелі Алланың жазуымен, екінші анасының дүмпуімен және таныс дәрігерлерінің көмегінің арқасында жүкті болды… Ананың аманатындай болған екінші сәби осылайша өмір есігін ашты…
Бұрын Гүлсімге өмірдің бар қызығы алда тосып тұрғандай болып көрінетін. Жастықтың лебімен уақыттың аққан судай белгісіз өтерін аңғармайтын… Қарттық кіріп, өмір қадірін шынымен сезіне бастаған ол анасының осынау әрекетіне бүгінде басқаша баға береді. Оның есіне марқұм анасының: “Бұл дүние – ыстығы мен суығы қатар келіп түрлі ауыртпашылықтарымен бізді ширатып, мәңгі өмірге дайындайтын, қилы-қилы кедергі мен қайшылыққа толы сынақ алаңы. Алла адамға баланы сынақ үшін береді”, – дейтін сөздері жиі оралады.
Ал ұрпақ жалғастығын өмірінің мәніне балайтын қазақ халқы үшін ұлдың орны ерекше екенін ақ жаулықты әже болған шағында ұққан Гүлсім анасының көрегендігін енді түсінгендей. Қазір ойлап отырса, қызының бақыты үшін анасы сол кезде Гүлсімді осылайша жігерлендіріп, намысына қамшы салып қайраған екен. Баласы үшін отқа да, суға да түскен қайран ананың осы бір ауыз сөзі болмағанда, бүгінде Гүлсімнің отбасы дін аман сақталар ма еді? Ақ бетіне әжімнен өрнек өріліп, самайын күміс шалып, ұл-қызынан тараған немере-жиендерінің арасында әже атанып отырар ма еді, кім білсін?!
Ләйла ЖАНЫСОВА,
“Солтүстік Қазақстан”.