“ХХI ғасырдағы ұлттың дамуының маңызды өлшемі – мінсіз және тиімді ұлттық сот төрелігі жүйесі. Тәуелсіз және әділетті сот – құқықтық мемлекеттің негізі. Онсыз әлемнің бірде-бір елінде, тіпті, ең дамыған мемлекеттерде қолайлы инвестициялық ахуалдың да, азаматтардың әл-ауқатының жоғары деңгейінің де, қоғамның табысты дамуының да болуы мүмкін емес”, – деп атап көрсеткен Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ұлттық сот жүйесі қоғамдағы тұрақтылықтың, құқық үстемдігінің, қоғам мен бостандықтарын қорғаудың сенімді кепіліне айналуға тиістігін айтты. “Қазақстан – 2050” Стратегиясын іске асырудың күрделі жұмысында Қазақстан судьяларының басты борышы – осы”, – деді Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев.
2013 жылғы 20 қарашада Астанада өткен Қазақстан судьяларының VI съезінде Президент еліміздің сот жүйесін жаңғыртудың басты стратегиялық мақсатын белгілеп берді. Осы форумда ол алдағы жұмыстың нақты 5 бағытын белгіледі. Олар: соттар қызметінің заңнамалық және процестік нормаларын сатылы жетілдіру, сот құрылымын нығайту, дау мен жанжалдарды шешудің баламалы тәсілдерін енгізу, қалың бұқара топтарына сот төрелігінің қолжетімділігін қамтамасыз ету, Қазақстан судьялары корпусының кәсібилігін арттыру.
Судьялардың VI съезінен кейін Қазақстан Республикасының Жоғарғы Соты Елбасының аталмыш жүйенің алдына қойған міндеттерін шешу үшін бірқатар кешенді іс-шараларды қабылдады және іске асырды. Еліміздің сот жүйесінде жаңа заңдар мен кодекстер қолданысқа енгізіле бастады. Іс жүргізуге және сот процесіне жаңа электрондық технологиялар енгізілді, сот құжаттарын беру оңтайландырылды, судьяларды іріктеудің негізгі өлшемдері анықталды.
Өткізіліп жатқан реформалардың негізгі көрсеткіштері азаматтардың сот жүйесіне сенімі болып табылады, бұл көп жағдайда судьялардың кәсібилігіне байланысты. “Судья өзінің тәртібімен, ақылымен, сыртқы келбетімен заңдылықты, әділеттілік пен өз ісіне адалдығын көрсетуі қажет”, – деп Президент Нұрсұлтан Назарбаев судьяның бейнесін анықтап берді.
Судьяның моральдық-адамгершілік бейнесіне бүгінде қоғамның талабы жоғары. Сондықтан судьялардың кәсіби қызметінде, қоғамда, отбасы мен тұрмыста тәртібінің әдеп негізін реттейтін нормалар мен ережелерді қайта қарау талабы туындайды. Сот төрелігі әрбір судьяны сот және судья әдебін сақтауға, өз міндеттерін адал орындауға, сот билігі беделін арттыруға жағдай туғызатын тәртіптің ең жоғары стандарттарынан көрінуге міндеттейді. Судья қоғамнан сот төрелігін жүргізу жөнінде билік өкілетін алумен бірге өзіне әдеп қағидаларын сақтауға байланысты шектеулерді де қабылдайды.
Осыған байланысты Қазақстан Республикасы Судьялар одағының Орталық кеңесі аталмыш ұйымның кезектен тыс VII съезін шақыру туралы қаулы қабылдады. Бұл шешім қоғамда судьяның кәсіби және моральдық бейнесіне деген талаптың артуына, жаңа “Судьялардың әдебі” кодексін қабылдау қажеттілігіне негізделген. Бұл Бес институттық реформаны іске асыру бойынша белгіленген “100 нақты қадам – баршаға арналған қазіргі заманғы мемлекет” Ұлт жоспарының 19-қадамын орындау болып табылады.
Судьялардың қолданыстағы Әдеп кодексі олардың тәртібінің барлық қырын қамти алмайды, онда айқын тыйымдар және шектеулер жоқ. Бұл әртүрлі деңгейлердегі бұзушылықтарды туғызатын шарттардың бірі болып табылады.
Жоғарыда көрсетілген мән-жайлар судьялардың Әдеп кодексінің жобасын әзірлеуге негіз болды. Астана қаласында өтетін судьялардың кезектен тыс VII съезінде “Судьялардың әдебі” кодексі қабылданады деп күтілуде. Аталмыш жобаны судьялық корпустың пікірі мен тілектерін ескеріп, Судьялар одағының орталық кеңесі әзірледі. Кодекс жобасында судьяларға қойылатын ел талап-тілектерімен қатар халықаралық “Судьялар тәртіптерінің Бангалор қағидаттарында” көрсетілген жекелеген талаптар да ескерілетін болады.
Біз сот жүйесін одан әрі дамытудың алдағы бағыттарын белгілеуге және мемлекетіміздегі заң үстемділігін қамтамасыз ету міндетін шешуге мүмкіндік беретін қазақстандық судьялардың съезіне көп үміт артамыз.
Қанат БҰРМАҒАНОВ,
Солтүстік Қазақстан облысының қылмыстық
істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы.