«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АНАЛАР ТІЛЕГІ

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: “Отбасы – біздің қоғамымыздың құндылықтарын сақтаудың аса маңызды институты” – деген болатын. Шынымен де, қасиетті Отанымыз шағын ғана шаңырақтан бастау алады. Сондықтан да еліміздегі бірлік пен берекенің тамыры тереңдей берсін десек, әр отбасының керегесі кең, босағасы берік болуы керек. Екі жыл бұрын Қазақстан халқы Ассамблеясы жанынан құрылған “Аналар кеңесі” ұйымының алдына қойған мақсаты да – отбасы құндылықтарын насихаттау.

Ана – өмір өзегі. Ұрпақ сабақтастығын жалғап, “айналайын” сөзімен бала жүрегін жылылыққа бөлей білген асыл жандардың еңбегі өлшеусіз. Әр шаңырақты шаттыққа бөлеп, ұлттық құндылықтарымызды сақтап, демографиямыздың дамуына сүбелі үлес қосып жүрген ақ жаулықтылар қандай болсын құрметке лайық. Осындай игі жақсылықтардың басы-қасында жүрген бірнеше қазыналы қарияларды, өнегелі аналарды, үлгілі келіндерді “Аналар кеңесі” қатарынан көруге болады. Ұйым Елбасының саясатын қолдай отыра, көпбалалы, жалғызбасты аналарға көмек көрсетіп, аз қамтылған отбасыларға демеу болу бағытында жүйелі жұмыс жүргізуде. Сонымен қатар, ажырасудың алдын алуға, шаңырақтың шайқалмай, керісінше, тамырын тереңге жаюына үлес қосуда.

Аналар кеңесінің мүшелері түрлі ұйымдар мен мекемелерде, әскери бөлімдерде, сәбилер үйінде, облыстық перинаталды орталықта болып, тағылымы мол шаралар өткізді. Басты мақсаты – отбасы бірлігін нығайтып, оны көзіміздің қарашығындай сақтауды насихаттау. Шыны керек, бүгінгі таңда қоғамды он екіде бір гүлі ашылмаған жап-жас қыздардың оң жақта отырып, сәбилі болып қалуы, қосылмай жатып ажырасуы, азаматтық некенің көбейіп бара жатқаны алаңдатуда. Кеңес құрамындағы көпбалалы аналар жастарға отбасылық өмір жайлы ақыл-кеңестер береді. Көпті көріп, қиындыққа құрыштай шыныға білген ақ жаулықты әжелердің айтуынша, ең бастысы, отбасында әкеге деген құрмет болу керек. Отағасының орны әрқашан да бөлек. Ол әйелінің қамқоршысы, балаларының ақылшысы. Ал әйел адам ер-азаматтан бір саты төмен тұрып, сыпайылығымен, кеңпейілділігімен, адалдығымен ерекшелене білсе, жарасымды болып тұрады. Мен осы оймен толықтай келісемін.

Отбасында тыныштық, татулық, өзара түсіністік, сыйластық болу үшін алдымен ата-ана арасындағы қарым-қатынасқа сызат түспеуі керек. Үйлі-баранды болған әр әке-шеше өз перзентіне сөзімен ғана емес жақсы ісімен де үлгі көрсетсе, нұр үстіне нұр болар еді. Қазақта “жақсы әйел еркектің басын төрге сүйрейді…” деген сөз бар. Түп-тамырына терең үңіліп қарасақ, бұл даналықтан көп нәрсені ұғуға болады. Яғни, көп іс нәзік жандардың қолында. Біз қаншалықты сабырлы, төзімді, ақылды, парасатты болсақ, отбасымыздың іргетасы да соншалықты мықты болады.

Әйел адамға тек қана бала тәрбиесімен айналысып, ошақ қасында жүрген адам деп қарауға болмайды. Отбасын шағын ғана мемлекет деп алатын болсақ, ер де, әйел де сол жердегі саясаткер. Егер асқар тауларымыз аласармай, инабатты келіндеріміз үлкендердің алдын қия баспай, жұбайларына жылы сөйлеп, балаларына шексіз мейіріммен қарап, үй шаруасын ұршықша иіріп отырса, отбасына бақыт үйіріледі.

Ана үшін “өзгенің баласы, басқаның мәселесі” деген ұғым ойға қонбайтын дүние. Сондықтан болар, аналар кеңесінің мүшелері жүйелі түрде қайырымдылық шараларын өткізіп, қолы ашық адамдардың арқасында сырқат балаларға қолдан келгенше көмектесуді азаматтық парыз санайды. Республикалық “Мейірім керуені” акциясы аясында “Жақсылық жаса!” деген ұранмен қайырымдылық кешін өткіздік. Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арналған шараға көпшілік бір адамдай жұмыла қатысып, нәтижесінде бір миллион теңгеден астам қаржы жаналды. Жиналған барлық қаражат арнайы комиссия мүшелерінің қадағалауымен ауыр дертке шалдыққан облыс орталығының тұрғыны Анастасия Шарапованың ата-анасына берілді. Сырқат қызға Мәскеу қаласында ота жасалып, қазір оның денсаулығы жақсара түсті. Біреудің өміріне осындай қиын сәтте қол ұшын созып, болашаққа деген үмітін үкілей түсуге баршамен бірге атсалысу және оның жемісін көру, қуану, ерекше сезім. Бұл кез келген марапаттан да бағалы сыйлық деп ойлаймын.

Көпбалалы отбасы – қоғамның алтын қоры. Осыдан 20-30 жыл бұрын он-он екі құрсақ көтерген аналар саны көп болатын. Қызу тіршіліктің әрбір буынындағы жұмысқа араласып, ұрпақ көбейтіп, тылдағы еңбекке әбден піскен аналар бейнесі көз алдыңа келгенде, ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың “Қайран біздің аналар арды ойлаған, шілік шауып, ши буып, арба айдаған” өлеңі тілдің ұшына орала береді. Мұқағали ақын қазақтың намысы мен ұятындай болған аналар өмірін айна қатесіз дәл көрсете білген. Шынымен де, ол кезде аяулы аналар қиындыққа шыдай білді, “тағы бір бала болса, қалай өсіреміз” деп ойлаған жоқ. Бесігі сәбиден босамаған келіндер “әр бала өз несібесімен келеді” деген сөзді арқау етті. Бүгінде жастары жетпістен, сексеннен асып, бір үйдің ғана емес, күллі әулеттің анасы атанып, мәуелі бәйтерекке айналған әжелер сол замандағы келіндердің сарқыншағы. Өкінішке қарай, уақыт өте келе “бала санына шектеу қою” деген ой санамызды жаулап алды. Қазір жас отбасылардың көбінде бір-екі баладан ғана екенін өзіміз көріп жүрміз. Бұл да ойланатын мәселе.

Сүйініштісі сол, арамызда аналық міндетін орындап, жұмысымен қатар төрт-бес баласына да уақыт бөліп, оларды қазақы тәрбиеден сусындатып отырған өнегелі отбасылар бар. Аналар кеңесі әр салада қызмет ететін үлгілі әкелер мен көркіне ақылы сай аналарды анықтап, марапаттау жұмыстарын да жүргізеді. Бұл көпбалалы отбасының беделін көтеру үшін мақсатты түрде істеліп отырған жұмыстардың бірі.

Қиын жағдайға тап болған отбасылар да назардан тыс қалмайды. Үстіміздегі жылы осындай жандарға 500 мың теңгеге материалдық көмек көрсетілді. Сонымен қатар, мерекелер қарсаңында, атаулы күндерде балаларға базарлық жасап, барымызбен бөлісуге дайынбыз.

Отбасылық тәрбие, оның тарихи негіздерін бағыт ете отыра Елбасымыздың саясатын жүзеге асыруға үлес қосып жүрген аналар кеңесінің атқаратын істері әлі алда. Ең бастысы, біз Нұрсұлтан Әбішұлының сөзімен айтқанда: “Отбасы – береке-бірліктің қайнар көзі. Отбасының бірлігі – Отанның бірлігі, ағайынның татулығы – атамекеннің тұтастығы” деген өнегелі, адал ниетті ел екенімізді әрқашан есте ұстап, жастарға айтып, жеткізу үшін еңбек етеміз.

Осыдан бірнеше жыл бұрын Елбасымыз “Мерейлі отбасы” ұлттық байқауын өткізуге ұйытқы болса, Қазақстанда тұңғыш рет “Отбасы күні” мерекесін атап өту туралы Жарлыққа да қол қойды. Әр шаңыраққа шуақ болып шашылған екі ауқымды шара да неке және отбасы институтының, қоғамда адамгершілік және рухани құндылықтарының бекемдеуіне бағытталған атаулы күндер қазақстандық отбасы имиджін одан сайын көтеріп, “Әке – асқар тау, ана – қайнар бұлақ, бала – жағасындағы құрақ” деген аталы сөздің маңыздылығын еселей түсетіні айдан анық.

Күлімкөз СМАИЛОВА,

облыстық аналар

кеңесінің төрайымы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp