«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АЛЛА РАЗЫЛЫҒЫНА БӨЛЕЙДІ

Құрбан айт – мұсылман қауымы үшін торқалы той, мерейлі мейрам.

Мұхаммед пайғамбар (с.ғ.с.) Мәдинаның топырағын басқанында жергілікті тұрғындардың тойлайтын екі күні бар екен. Сонда пайғамбарымыз (с.ғ.с.): “Алла тағала сол екі күннің орнын сендерге олардан әлдеқайда жақсысымен алмастырды. Біреуі – Ораза айт, екіншісі – Құрбан айт”, – депті. Осы ойды толықтыра түсетін тағы бір хадисте былай делінген: “Құрбан айт күнін мереке етуге бұйырдым. Бұл күнді Алла тұтас үмбет үшін мереке етті”.

Қос мейрамның шоқтықтысы – Құрбан айт араздасқан адамдарды татуластыруға, туысқандықтың тетігін нығайтуға ықпал жасайды. Жалпы айтқанда, мұсылман жамағатын, ұлттар мен ұлыстарды біріктіруде бұл мейрамның орны бөлек. Оның мемлекеттік деңгейде атап өтіліп, демалыс күні болып жариялануы жоғары құрметіміздің бір белгісі, әрине.

Біздің айрықша ерекшелігіміз сол – мұсылман үмбетінің көңілін көтеретін мейрамның өзі Жаратқанға жақындататын бір ғибадат. Құрбандыққа мал шалу арқылы жүзеге асырылатын бұл ғибадат Адам ата (а.с.) заманынан бастау алып, Ибраһимнің (а.с.) жолы болып қалыптасып, Мұхаммед пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) тұсында жалғасын тапты. Адамның ішкі ниеті, шын пейілі, дінге беріктігі, басқаларға жанашырлығы безбенделетін бұл құлшылықты зор ынта-ықыласпен орындаудың қажеттігі де содан.

Ислам ғұламаларының тұжырымы мынадай: зекет ғибадаты парыз болған жандарға құрбан шалу – уәжіп. Ендеше құрбандық – жағдайы келетін мұсылмандар үшін міндетті амал.

Иә, Алла тағаланың бұйрығы мен пайғамбарымыздың сүннетін орындау Жаратушы иеміздің мейіріміне кенелтіп, оған жақындата түсуі тиіс. Өйткені, “құрбан” араб тілінде “жақындау” дегенді білдіреді.

Алла тағаланың ризашылығы үшін құрбан шалудың уақытын да пайғамбарымыз (с.ғ.с.) белгілеген. “Біздің бұл күнде алғашқы жасайтын ісіміз – намаз. Ал содан соң қайтып келіп құрбанымызды шалу. Кім осылай істесе, біздің сүннетімізге ергені. Ал кімде-кім бұдан бұрын құрбанын шалатын болса, мұның құрбан болуы мүмкін емес”, – деген.

Құрбан шалушылардан мынадай шарттар талап етіледі: 1) мұсылман болу; 2) ақыл-есі бар және балағат жасына толу; 3) Құрбан айт уақытында жолаушы болмау; 4) негізгі қажеттен тыс нисап мөлшеріндегі қаржыға ие болу (Нисап мөлшері – 85 грамм алтын немесе соның құнына тең ақша. Нисап мөлшеріне жеткен малға бір жыл толуы шарт емес).

Мал демекші, оның кез келгені құрбандыққа қол емес. Жарамдысы – қой, ешкі, сиыр, түйе. Құрбандыққа шалатын қой мен ешкі – бір жасқа, сиыр – екі жасқа, түйе бес жасқа толуы тиіс. Қой мен ешкіні – бір кісі, сиыр мен түйені жеті адамға дейін ортақтасып шалуына болады. Кемшілігі бар малды құрбандыққа шалуға болмайтынын да оқырмандарымызға тағы бір мәрте ескерткіміз келеді.

Жоғарыда аталғанындай, құрбан шалудың уақыты – айттың үш күні. Үшінші күні күн батқан соң құрбан шалуға болмайды.

Құрбан шалуға бара жатқанда малды ұрып-соқпау керек. Малды қинамау үшін пышақ өткір болса, құба-құп. Құрбан шалушы малды өзі, я болмаса басқа біреуге бауыздатқызады. Құбылаға қарап жатқызылған малды “Бисмиллаһи, Аллаһу акбар” деп бауыздайды. Егер Алланың аты аталмай бауыздалса, онда – харам.

Құрбандық шалған адам құрбанның етінен өзі де, өзгелер де жей алады. Ет үш бөлікке бөлініп таратылуға тиіс. Бір бөлігі – кедейлерге, екіншісі – туған-туысқандары мен көршілеріне, үшіншісі – өзіне. Құрбан етін түгелдей таратуға болады және асқан байлығы жоқ, бала-шағасы көп болса, өзінің отбасына қалдыра алады.

Ал терісін кедейлерге немесе қайырымдылық қорларына беруге болады.

Ал етін, бас-сирағын және сүтін сату – мәкрүһ.

Қыркүйектің 12-сі күні басталатын Құрбан айтта алдымен мейрам намазы оқылады. Биылғы айт намазы “Қызылжар” орталық мешітінде таңертеңгі сағат 8-де басталады. Жамағатпен жария түрде оқылатын айт намазы – уәжіп. Оған үлгере алмаған адам жеке өзі айт намазын оқи алмайды. Қаласа төрт рәкат намаз оқиды.

Құрбан айтында намаз оқылғанша ештеңе жемеу – мұстаһаб.

Енді Құрбан айтта ғана айтылатын “Тәшриқ тәкбірі” туралы бірер сөз. Оның мәтіні: “Аллаһу акбар, Аллаһу акбар лә илаһа иллаллаһу уаллаһу акбар, Аллаһу акбар уә лиллаһилхамд”. Бұл тәкбір айттан бір күн бұрын таң намазынан бастап, Құрбан айттың төртінші күнінің екінді намазына дейін парыз намаздардың сәлемінен соң айтылады.

Мұсылман қауымы үшін ең шоқтықты мейрам болып табылатын Құрбан айт күні ертерек тұрып, ғұсыл құйынып, таза киім киіп, үстіне хош иісті әтір сеуіп, мешітке айт намазына бару – Мұхаммед пайғамбардың (с.ғ.с.) сүннеті. Сондай-ақ, Алла елшісінің (с.ғ.с.) айт күні намазға барған жолмен емес, басқа жолмен қайтқандығы туралы хадис те елдің есінде болуға тиіс.

Айт күні мұсылмандар көрші-қолаң, туған-туысқандарын аралап, құттықтау лебіздерін білдіреді. Мұндай мейрам мезетінде мейлінше көтеріңкі көңіл-күйде, оның үстіне кешірімді болуға ұмтылған абзал. Төсек тартып жатқан кісілердің көңілін сұрау, әлеуметтік жағынан әлжуаз адамдарға қол ұшын беру – зор сауап. Сонымен бірге ата-анасына, өз отбасына, көршілеріне және дос-жарандарына аз да болса сый-сияпат жасау айттың ажарын аша түседі.

Құрметті мұсылман бауырлар! Құрбан айтта Алла тағала барша тілектеріңізді қабыл етсін! Әумин!

Кенжетай қажы ДҮЙСЕНБАЙ,

ҚМДБ-ның облысымыздағы өкіл имамы, “Қызылжар” орталық мешітінің бас имамы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp