«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АДАЛ АСТЫҢ ЖАҚСЫЛЫҒЫ БАР

Жақында бір танысымның шаңырағында қонақ болдым. Бірнеше көңіл жақындарын шақырған үй иесі аянып қалмапты, дастарқанын түрлі дәмді тәттілермен толтырған екен. Әрине, әркім өз дастарқанына ие. Дегенмен, үстел үстіне адал, таза ас қою қажеттігін әлі де болса ескере бермейтініміз шындық. Шақырылған қонақтар осы мәселе жайында өзара пікір таластырды.

Үстел басында отырған бір танысым: “Бүгінгі күні көбіміз тойып секіргенбіз. Аштық заман келсе, халал немесе харам деп таңдап отырасыңдар ма?” – деп өзгелерге қарсы уәж айтты.

Мені астың адалдығына мән берудің пайдасы шаш етектен екенін әлгі танысымның білмейтіні қынжылтты. Құранда адал мен арам мәселесі жайында көп айтылған. Алла тағала былай дейді: “Ей, адамдар! Жер бетіндегі халал әрі таза нәрселерден жеңдер (“Бақара” сүресі,168-аят)”. “Алланың сендерге берген ризығының халал, тазасынан жеңдер. Сондай-ақ, егер оған ғана құлшылық қылатын болсаңдар, Алланың нығметіне шүкіршілік етіңдер “Нахыл” сүресі, 114-аят)”. Сонымен қатар, Алла тағала былай бұйырады: “Уа, пайғамбарлар қауымы! Адал, таза һәм пайдалы ас-судан жеп-ішіңдер, әр кез игі іс істеңдер. Және де кім өз отбасына халалдан жеткізуге тырысып бақса, ол Алла жолында күресуші тәрізді”, – деді.

Халал ас пен игі істің адамға пайдасы зор болғандай харамның да сондай зияны бар. Абдулла ибн Аббас: “Ішінде харам болған кісінің Алла намазын қабыл етпейді”. Әли ибн Әбу Талиб: “Шын мәнінде дүниедегі оның халалы – есеп, ал харамы – азап болып тиеді” деу арқылы адал ас пен игі іс екі дүниеде де есеп-қисапсыз жақсылық болып оралса, ал арамдықтың да азабы орасан екенін ескертеді.

Адам ішіп-жейтін нәрселерінің діни тұрғыдан халал, таза болуына және тапқан табысында кісі ақысы болмауына баса мән беруі керек. Ибраһим Әдһам: “Кісі ішіп-жеміне мұқияттылық танытқанда ғана рухани кемелдікке қадам баспақ”, – деп айтқан екен.

Қуаныш қажы БЕРКІМБАЕВ,

зейнеткер.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp