Петропавл қаласындағы такси жүргізушілерінің 10 пайызында ғана жолаушы тасымалдауға арналған құжат бар. Қалғандары бұл кәсіппен заңсыз айналысуда. Бұл жайт облыстық кәсіпкерлер палатасында өткен баспасөз мәслихатында айтылды.
Өңірімізде орын алған соңғы кісі өлімі оқиғасы мен басқа да қылмыстық істер аталмыш қызмет көрсету саласына қоғамның алаңдаушылығын туғызып отыр. “Жолаушыларды тасымалдаушылар одағы” қоғамдық бірлестігінің төрағасы Әмір Баязитовтың айтуынша, Петропавлда жолаушыларды тасымалдауға арналған құжаттардың толық пакеті таксопарктерде тіркелген 2 мың такси жүргізушісінің 10 пайызында ғана бар. Қалғандары – дәрігерлік және техникалық тексерулерсіз, патентсіз және жолаушыларды сақтандыру құралдарынсыз кешқұрым қосымша табыс табуға шығатындар. “Олар салық төлеуден жалтарып, табыстарын жасыру арқылы мемлекетке зиян келтіріп отыр. Екіншіден, қажетті деңгейде жолаушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етпейді, сол себепті азаматтардың өмірі мен денсаулығына қауіп төнеді”, – деді облыстық кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Жеңіс Қазиев.
Қоғамдық бірлестік өкілдерінің айтуынша, заңсыз тасымалдаушылармен күресудің тиімді жолы – заңнаманы күшейту, жүргізушілер мен таксопарк иелерінің жауапкершілігін арттыру.
Айсұлу ҚҰСАЙЫНОВА,
облыстық кәсіпкерлер палатасының
баспасөз хатшысы.