«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БИЗНЕС — ЖАСТАР ЕНШІСІ

Шағын және орта кәсіпкерлік өндірістің дамуын ілгерілетіп қана қоймай, жаңа жұмыс орындары мен қызметтердің көбеюіне, бәсекелестіктің нығаюына жол ашады. Елімізде өз кәсібімді ашамын деген адамға мемлекет тарапынан барлық жағдай жасалуда. Десе де, бұл мақсатқа ұмтылушы жастардың қатары әлі де көңіл көншітпейді.

Өңірімізге жұмыс сапарымен келген “Атамекен” Ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқарма төрағасының орынбасары Мұрат Әбенов облысымыздағы бірқатар оқу орындарында болып, жастармен кездесіп, осы мәселелер төңірегінде әңгіме өрбітті.

Ж. Қизатов атындағы Есіл ауылшаруашылық колледжінде болған Мұрат Әбенов оқу орнының жай-күйімен танысты. Бүгінде бұл колледж – ауыл шаруашылығы саласындағы білікті кадрларды даярлап отырған бірден-бір оқу орны.

Содан кейін М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде “Мәңгілік Ел” жастары – индустрияға” әлеуметтік жобасы аясында жүзеге асырылып жатқан “Серпін – 2050” мемлекеттік бағдарламасы бойынша оқитын студенттермен кездесті.

Аталмыш бағдарлама еңбек нарығын жұмысшы маманмен қамтамасыз етуде таптырмас жобаға айналып отыр. Айналасы екі-үш жылдың ішінде еліміздің оңтүстік облыстарынан 12500-ден астам өрен солтүстік өңірлерге келіп, білім алып жатса, олардың 1115-і Қызылжар топырағына табан тірепті.

– Бұл көрсеткішті алдағы уақытта көбейту керек. Сіздердің облыстарыңыз еліміздің астықты өңірі саналады. Қазір әлемде ауылшаруашылық өнімдеріне деген сұраныс өсу үстінде. Осы өнім арқылы шағын және орта бизнесті дамытуға әбден болады. Біз жұмысқа қайда, қалай орналасам деп бас қатырмайтын, керісінше, бизнесті өздері құратын мамандарды даярлауға тиіспіз. Жастарды кәсіпкерлікке оқытуды білім берудің барлық деңгейінде, мектеп партасынан жүргізу қажет. Әлемнің көптеген өркениетті елдерінде бұл жүйе кеңінен қолданылуда, – деді Мұрат Әбенов.

Нұргүл ОҚАШЕВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp