Күтімі жақсы ағаштың көктеуі де бөлек. Сондықтан да отбасында алған тәлім-тәрбиенің әрі қарайғы өмірде берері мол. “Ұяда не көрсең – ұшқанда соны ілерсің” деген мақал да осындайда айтылып, күн өткен сайын өзінің өміршеңдігін дәлелдеп келеді. Кәсіптік-техникалық білім беру саласы оқытушыларының арасында өткен республикалық “Үздік педагог – 2016” байқауының облыстық кезеңінің жеңімпазы Алтынай Жәнібекова да отбасында алған ата-ана тәрбиесін өмірлік ұстанымы етіп келеді.
Жамбыл ауданындағы Баян ауылында дүниеге келіп, орта білімді де сол жерде алған Алтынай Есенкелдіқызы бірден ұстаздық мамандықты таңдаған. “Әкемнің ұстаз болуы осы мамандықты таңдауыма тікелей себеп болды. Ол аталмыш мектепте қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі болып еңбек етті. Бала кезімнен әкемнің үйдегі кітапханасындағы әдебиеттерді қызыға оқитынмын. “Білсем”, “білгізсем” деген құштарлық сол кезден басталды”, – дейді Алтынай Есенкелдіқызы.
Адамның адам болып қалыптасуы оның тәрбиеленген, білім алып, еңбек еткен ортасына да байланысты. Әсіресе, өмірден өз орныңды табуға жол бастайтын үлгі-өнеге, ақыл-кеңес беретін жанашыр ұстаздың болуы – үлкен бақыт. Алтынай Есенкелдіқызының отбасында бастау алған ұстаздыққа деген іңкәр сезімін М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің математика-информатика факультетінде дәріс берген Болатбек Батыров, Шалабай Қожаев, Айсұлу Төлебаева сынды оқытушылары одан әрі ұштады.
Жоғары білімді маман атанған Алтынай Есенкелдіқызы еңбек жолын Петропавл қаласындағы №4 орта мектепте бастап, университеттегі алған теориялық білімін тәжірибемен ұштастырып, бір-екі жыл сонда еңбек еткен. Кейін М. Жұмабаев атындағы Петропавл гуманитарлық колледжіне математика, информатика пәндерінің оқытушысы болып ауысады. Содан бергі уақытта шәкірттеріне көпсалалы білім беру үшін аянбай еңбек етіп келе жатқан ұстаз Мағжан бабамыздың атындағы білім ордасында еңбек етіп жүргенін зор мәртебе санайды.
Қазіргі кезеңде білім берудің сапасын жақсарту, әдістемелік негізін өзгерту – заман талабына сәйкес туындап отырған қажеттілік. Өйткені, әр сабақ көптеген ғылыми жаңалықтарға, терең әлеуметтік өзгерістерге толы болуы керек. Осыны көздеген Алтынай Есенкелдіқызы тынбай ізденіп, оқып, білімін көтеру мақсатында Мәскеудің қазіргі заманғы гуманитарлық академиясының магистратурасын тамамдаған.
Бүгінгі таңда бірінші санатты, үшінші деңгейлік курс бойынша тренерлік сертификаты бар мұғалімнің ізденістері өз нәтижесін беріп келеді. Шәкірттерінің арасында үздіктер өте көп және олар еліміздің әр саласында еңбек етуде. “Мұғалім шәкіртін білімнің биігіне қанат қақтырып, талай асуларды бағындыру жолындағы демеушісі әрі қолдаушысы екені әмбеге аян. “Ұстаздық – ұлы іс” деп кемеңгер жазушымыз М. Әуезов айтқандай, осы атқа лайық болу – мен үшін үлкен абырой әрі басты борышым”, – деген Алтынай Жәнібекова үстіміздегі жылы техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдары педагогтерінің арасында өткен республикалық “Үздік педагог” конкурсының облыстық кезеңінде 1-орынға ие болуы да талай ұйқысыз түндердегі еңбегінің жемісі екендігін айтты. “Бұл жеңіс мен үшін оңай болған жоқ. Байқауда қорғаған авторлық әдістемелік құралдарым мен халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциялардағы басылымдарым арқылы өзімнің үнемі ізденіс үстіндегі мұғалім екендігімді дәлелдедім”, – дейді ол.
Қазіргі уақытта ұстаздарға үлкен талаптар қойылуда. Алтынай Есенкелдіқызы болашақ мұғалімдерге білім беретін болғандықтан, үлкен жауапкершілікті сезінеді. “Білім жолында ізденіссіз еңбек ету мүмкін емес. Жеткен жетістіктерге тоқмейілсуге болмайды”, – деген ұстаз үнемі озат педагогтердің еңбектерін оқып, тәжірибелерімен танысып, бүгінгі күннің талаптарына сай инновациялық жаңалықтармен қаруланып келеді.
Жұбайы Қуандық пен қызғалдақтай құлпырып өсіп келе жатқан екі қызы Алтынайды үнемі қолдап, оның қиын да қызықты жұмысына түсіністікпен қарайды. Ол “Өмір бойы білім алу – әр қазақстандықтың кредосына айналуы тиіс”, – деген Елбасының сөзін ұстанымы етіп алып, әке салған сара жолды лайықты жалғастыруды мұрат тұтқан. Қазір ұстаз “Үздік педагог – 2016” байқауының шешуші кезеңіне дайындық үстінде.
Ләйла ЖАНЫСОВА,
“Солтүстік Қазақстан”.
Суретті түсірген
Талғат ТӘНІБАЕВ.