Білім мазмұнын жаңарту аясында 1-сыныпқа көркем еңбек пәні енгізілген. Ол бейнелеу өнері пәнінің баламасы, оқу жүктемесі аптасына бір сағат. Жаңа оқулық бағдарламасы арқылы оқушылар өз бойында осы пәннің өзіне тән білім, білік дағдыларын дамытады.
Пәнді оқыту үдерісі көркемөнермен байланысты жүргізіледі. Баланы идеяларды зерттеу мен әзірлеуге, өнер туындыларының суретін салуға, алынған нәтижелерге шолу жасап, талдауға, бағалауға үйретеміз. Оқушылар бұл дағдыларды өз бойларында суретшілердің, қолөнер шеберлерінің және дизайнерлердің жұмыстарына қарап, өздері де жасап көру арқылы қалыптастырады. Оқушылар сыныптан-сыныпқа көшкен сайын зерделенетін материалдар мен білім қайталанып, күрделене түседі. Түсініктері қалыптасып, дағдылары шыңдалған сайын сурет салуға сенімі артады.
Бейнелеу өнері пәні оқушылардың қызығушылықтарын арттырады. Сабақта оқушылар бояу, қылқалам мен қарындаш, ермексаз, құм және тағы басқа да материалдармен жұмыс істейді. Бұл оқушының жазу, сызуға саусақтарының икемін арттырып, шығармашылықпен жұмыс істеуге, эстетикалық талғамын дамытуға ықпал етеді. “Болашақтағы өзгерісті байқағың келсе, ол өзгерісті уақытында жаса” дегендей, біз бүгін оқушы бойындағы қабілетті жетілдіріп, болашаққа жетелеп, жақсы істі бастап отырмыз. Жаңартылған білім – болашақтың кепілі.
Махаббат ЖҮКЕНОВА,
Саумалкөл қазақ орта мектебінің бастауыш
сынып мұғалімі.
Айыртау ауданы.