Облыс әкімі Ерік Сұлтанов Петропавл қаласын аралап, көшелердегі жол құрылысы жұмыстарының жайымен танысты.
Жамбыл көшесінің бойында күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатқан “Дорожник Ашық Аспан” ЖШС-і мамандары автокөліктерге тарлық жасап, кептеліс тудыратын жолды кеңейтіп, жол жиегіне бордюр төседі. Жаяу жүргіншілердің де жолдары жөнделді.
Өңір басшысы қала шетіндегі 1-ші Кирпичная және Степан Разин көшелеріндегі жөндеу жұмыстарының барысымен де танысты. Жауын-шашын болса, балшығы езіліп кететін ол көшелердің жолдары қиыршық таспен тегістелген.
– Биыл біз 56 километрге жөндеу жұмыстарын жүргіздік. Алдағы екі жылдың ішінде ол жолдарға толықтай қиыршық тас төселуі тиіс. Қала орталығындағы 17 көшенің жолы жөнделді, – деді Ерік Хамзаұлы.
Облыс басшысы “Нұр” мешітінің қасындағы тарихи ескеркіш болып саналатын халық арасында көпес Янгуразовтың үйі деп аталып кеткен нысанда да болды. Бұған дейін тозығы жетіп тұрған ғимаратта жөндеу жұмыстарынан кейін медресе ашу жоспарланған.