«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТАТУЛЫҚТЫҢ АЛТЫН КӨПІРІ

Қазақстан халқы тілдерінің XVIII облыстық фестивалінің ашылу салтанаты Бескөл ауылындағы Мәдениет үйінде өтті. Тілдерді дамыту жөніндегі басқарманың ұйымдастыруымен өткен шараға облыс әкімі Ерік Сұлтанов қатысып, бірқатар тіл жанашырларын Құрмет грамоталарымен және Алғыс хаттармен марапаттады.

 Облыс әкімі Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арнап әзірленген кітап көрмесімен, аудандардағы мәдениет және тілдерді дамыту бөлімдерінің ширек ғасырда жеткен жетістіктерімен танысты. Фестиваль “Мемлекеттік тіл – ұлттар тұтастығының тұғыры” атты бейнефильммен ашылды.

Фестивальға қатысушыларды құттықтаған облыс әкімі Ерік Сұлтанов: “Биылғы тілдер фестивалі ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығымен тұспа-тұс келді. Осы уақыт аралығында Қазақстан әлем қауымдастығында өзінің лайықты орнын алды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың алдымызға қойған міндеттерін табысты орындау қазақстандық біртұтастығымызды одан әрі нығайтуды талап етеді. Елімізді мекен етіп отырған 130-дан астам этнос өкілдерінің әрқайсысына өз ана тілін, салт-дәстүрлері мен мәдениетін үйреніп, дамытуға мүмкіндік жасалған. Дәл осындай халық достығын нығайтып, этностарды бір-бірімен жақындастыратын жарқын мереке біздің елден басқа бірде-бір мемлекетте жоқ. Мереке баршаңызға құтты болсын!” – деді.

Салтанатты шара барысында өңір басшысы Ерік Хамзаұлы облысымыздағы тіл саясатын дамытуға сүбелі үлес қосып жүрген жеті адамға Құрмет грамотасын табыстады. Олардың арасында мұғалімдер, этномәдени орталықтардың өкілдері, әдіскерлер, жекеменшік коммерциялық емес мекемелер басшылары, газет тілшілері бар. Тағы он адам облыс әкімінің қолынан Алғыс хаттарын алды.

Салтанатты шара барысында өңір басшысы Ерік Хамзаұлы облысымыздағы тіл саясатын дамытуға сүбелі үлес қосып жүрген жеті адамға Құрмет грамотасын табыстады. Олардың арасында мұғалімдер, этно-мәдени орталықтардың өкілдері, әдіскерлер, жекеменшік коммерциялық емес мекемелер басшылары, газет тілшілері бар. Тағы он адам облыс әкімінің қолынан Алғыс хаттарын алды.

Мемлекеттік тілде іс жүргізген ең үздік аудан” аталымын Қызылжар ауданы жеңіп алды. “Қазтест” нәтижесі бойынша мемлекеттік тілді ең жақсы меңгерген шалақындықтар болды. Есіл ауданы “Қазақстан халқы тілдерін белсенді насихаттағаны үшін” аталымы үздік шықты. “Шекара ынтымақтастығын дамытуға қосқан үлесі” аталымы бойынша тағайындалған бас жүлде Ресей Федерациясындағы Омбы облысы қазақтарының ұлттық-мәдени автономиясына бұйырды. “Халықтар дәстүрін дамытуға қосқан үлесі үшін” аталымы “Балқадиша” вокалдық-фольклорлық халық ансамбліне берілсе, “Тайынша-Астық” ЖШС “Тіл меценаты” аталымы бойынша жеңімпаз деп танылды. Солтүстік Қазақстан медициналық колледжі Қазақстан халқы тілдерін белсенді насихаттаушы білім беру мекемесі атанды. “Новый style” жарнамалық агенттігі мемлекеттік тілді белсенді насихаттаушы аталымына ие болды.

Қазақстан халқы тілдерінің облыстық фестивалі әр этнос өкілдерінің концертіне ұласты.

Ләйла ЖАНЫСОВА,

Солтүстік Қазақстан”.

Суретті түсірген Амангелді БЕКМҰРАТОВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp