Бүгінде Ғабит Мүсірепов атындағы ауданда 27 мәдениет мекемесі мен 188 клуб жұмыс істейді. Ал мемлекет балансындағы аудандық Мәдениет үйінің өнер саласында жүрген таланттарды қолдау, тұрғындардың мәдени өмірін түрлендіру жолында, оларды рухани азықтандыруда атқарып жатқан жұмыстары айтарлықтай. Оның ғимараты 1987 жылы пайдалануға берілген. Халық шығармашылығын дамыту мақсатында мәдениет ошағының жанынан ашылған “Новоишимские зори” атты ардагерлер хоры 2012 жылы “халықтық” атаққа ие болды. Зейнеткерлік жасқа шықса да, аудан өмірін түрлендіруге атсалысып жүрген аға буын өкілдері қандай шара болсын, белсенділіктерімен көзге түсуде. Ардагерлердің “Золотые россыпи” орыс вокалдық тобы, “Ақ ниетті әжелер” тобы, украиндық “Мрия” триосы көптің қошеметіне бөленіп, мәдениет саласын дамытуға үлес қосуда. Аталмыш топтар мен “Новоишимские зори” хорына бес мәрте “Мәдениет үздігі” төсбелгісіне ие болған К.Ташлыков жетекшілік етеді.
Ауданымызда осындай жоғары жетістіктерге ие өнер ұжымдары аз емес. Мәселен, “Алтын домбыра” қазақ ұлттық аспаптар ансамблі Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қуандық Қасымов атындағы “Өнерді ұлықтаудан шаршамаған” атты облыстық өнер фестивалінде “Мәдени мұраны насихаттағаны үшін” аталымында жеңімпаз атанды. Ал облыстық “Жыл бойы мереке” атты конкурсында Л.Емельянова бастаған Рузаев Мәдениет үйінің шығармашылық ұжымы 2-орын иеленіп, қуанышымыз еселенді.
Президенттің Жолдауын тұрғындарға насихаттау мақсатында ауылдық округ тұрғындарының қатысуымен мәдени шаралар өткізуді игі дәстүрге айналдырдық. Осы орайда Шөптікөл ауылдық округінің аз қамтылған отбасыларының балаларына арналған “Қарлығаш” сауықтыру лагерінде және Тахтаброд ауылында концерт ұйымдастырылды.
Қазақстан мәдениетінің көкжиегін кеңейту мақсатындағы істеріміздің мұнымен шектелмейтіні анық. Өйткені, біз ұлтымыздың рухани-мәдени дүниетанымын қалыптастыру арқылы ғана одан әрі өсіп-өркендеуімізге даңғыл жол сала аламыз.
Берік САПАНОВ,
аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы.