«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖАСТАР ТАЗАЛЫҚҚА ҚҰШТАР

Бұрнағы күні “Рахмет” сауда үйінің алдында “Жас Отан” жастар қанаты мен облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы бірлесіп ұйымдастырған макулатура жинау бойынша “Бөл де, қолдан!” қалалық акциясы қорытындыланып, жеңімпаздар марапатталды.

Аталмыш акция қыркүйек айының 1-13-і аралығында өткен еді. Оған облыс орталығының мектептері қатысып, нәтижесінде екі тоннадан аса макулатура жиналды. “Бұл шараның мақсаты – оқушылар бойында экологиялық мәдениетті қалыптастыру. Акция барысында мектеп белсенділерімен жұмыс істеп, макулатураны көп жинауға тырыстық. Сөйтіп, жиналған жарамсыз қағаз қалдықтарын қайта өңдейтін ұйымдарға тапсырдық”, – деді “Жас Отан” жастар қанаты қалалық филиалының төрағасы Абылайхан Қайроллаев.

“Вторсырье” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жарамсыз қағазбен қоса пластикалық және шыны бөтелкелер сатып алады. Серіктестік жетекшісі Қайыржан Айсиннің айтуынша, ай сайын 60 тоннадай қалдық жиналса, оның 35 тоннасы макулатура екен.

– Осындай шараларды жиі ұйымдастыру керек. Мәселен, қайта өңдеуге тапсырылған 60 килограмм макулатураның арқасында бір ағашты сақтап қалуға болады. Сондықтан қала тұрғындары табиғатты қорғау мәселесіне бейжай қарамауы тиіс, – деді серіктестік жетекшісі.

Акция қорытындысы бойынша 1-орынды 1215 килограмм макулатура жинаған №10 орта мектеп оқушылары иеленіп, жеңімпаз атанды.

Нұржан СЕЙІЛБЕКОВ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суретті түсірген

Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp