«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Партисипативтік келісім деген не?

– Дау-дамайды партисипативтік тәртіппен шешуге болатындығын естіген едім. “Партисипативтік келісім” дегеніміз не, түсіндіріп берсеңіздер.

Аян Болатұлы.

Есіл ауданы.

Оқырман сауалына кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Дәурен Қайратұлы жауап береді:

– 2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енген Азаматтық процестік кодекске сәйкес тараптардың арасында туындаған дауларды партисипативтік тәртіппен шешуге болады. Жалпы бұл термин француз тілінен енген, “серіктес, ортақтас” деген мағынаны білдіреді. Дау-дамайды партисипативтік рәсім тәртібімен қарау азаматтық процестің тек бірінші, апелляциялық және кассациялық сатыларында қарастырылған.

Егер тараптардың құқықтары мен мүдделерін сотта мемлекеттік және жергілікті өзін-өзі басқару органдары, заңды тұлғалар немесе азаматтар, прокурор қорғайтын болса, аталған тұлғаларға партисипативтік рәсім тәртібімен келісім жасасуға құқық берілмейді.

Партисипативтік процедураның бір артықшылығы, адвокаттардың міндетті түрде қатысуымен тараптар өзара келіссөздер жүргізеді. Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің 181-бабының 2-бөлігінде көрсетілгендей: дауды шешуге тараптардың адвокаттары мүдделі және судья бұған қатыспайды.

Партисипативтік рәсімнің мақсаты – екі тараптың да көңілінен шығу әрі өзара келісімге қол жеткізу, материалдық шығынды азайту, құқықтық мәдениетті қалыптастыру. Сонымен қатар, адвокаттар әрекеттерінің заңды болғаны жөн. Партисипативтік рәсімді таңдаған азаматтар кез келген уақытта келіссөзден бас тартуға құқылы. Әрі бұл шешімдері жөнінде сотқа жазбаша хабарлайды. Аталған рәсімнен бас тартқан жағдайда әрі қарай іс сотпен жалпы тәртіпте қаралады. Егер сот отырысы барысында тараптар өз ойларынан қайтса, онда апелляциялық және кассациялық сатыдағы сот судьясы кеңесу бөлмесіне кеткенге дейін ұсыныстарын айтуға мүмкіндіктері бар.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp