«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

МАСЫЛДЫҚТЫ АЗАЙТЫП, ТҰРМЫСТЫ ЖАҚСАРТАТЫН ЖОБА

Мемлекет тарапынан халықтың әлеуметтік әлжуаз топтарына жататын отбасылардың өмір сүру сапасына ерекше көңіл бөлінеді. Облыс экономикасын әрі қарай тұрақты дамыту мақсатында атқарушы биліктің әлеуметтік қорғау органдарының жұмысындағы басты міндет халықты жұмыспен қамту және олардың табысын арттыру арқылы кедейлік деңгейін төмендету болуы тиіс. Сондықтан жергілікті жерлерде Қазақстан Республикасы Президентінің Жолдауында атап өтілген басым бағыттардың бірі азаматтарды тұрақты жұмыс орындарына тарту, жаңа мамандықтарға қайта оқыту, шағын және орта бизнесті дамыту үшін микрокредит беру арқылы масылдықты жеңу жұмыстары атқарылуы тиіс.

Нұрсұлтан Назарбаевтың 2014 жылғы 14 қарашадағы “Нұрлы жол – болашаққа бастар жол” атты Жолдауын іске асыру аясында табысы аз отбасыға шартты ақшалай көмек (бұдан әрі – ШАК) көрсету жөніндегі “Өрлеу” жобасы іске асырылуда. Осы бағдарламаны енгізудің мақсаты – әлеуметтік қорғаудың пассив моделінен актив моделіне өту. Табысы аз азаматтарды жұмыспен қамтудың белсенді шараларына ынталандыру, кедейлік шегіндегі отбасының нақты табысын көбейту арқылы халықтың өмір сүру деңгейін арттыру болып табылады.

“Өрлеу” жобасы кедейліктің тұсауынан шығуға шамасы жететін, бірақ сол мүмкіндіктерін жүзеге асыруда көмекті қажет ететін топ мүшелеріне бағытталған.

Бағдарламаның негізгі бағыттары “Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020” бағдарламасы аясында жұмысқа орналасу, оқыту және қайта оқыту, жеке қосалқы шаруашылықпен айналысуға көмектесу арқылы ШАК алушылардың еңбек әлеуетін іске асыру болып табылады.

“Өрлеу” жобасына тұрмысы төмен отбасылар ерікті түрде қатыса алады. Атаулы әлеуметтік көмек алушыларға ең төменгі күнкөрістің (қолданыстағы заңнамаға сәйкес жан басына шаққандағы табысқа байланысты) 40 пайыз мөлшерінде атаулы әлеуметтік көмек алуды жалғастыру немесе әлеуметтік келісімнің шартын жасасқан жағдайда ең төменгі күнкөріс мөлшерінің 60 пайызына дейін жоғары жәрдемақы алу ұсынылады.

“Өрлеу” жобасы бойынша оған қатысатын отбасы мен жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің арасында әлеуметтік келісімшарт жасалады. Отбасының әлеуметтік белсенділігін арттыру келісімшарты олардың осы бағытта саналы түрде әрекет етуіне түрткі болып, өздерінің экономикалық және әлеуметтік ахуалдарын жақсартуға себеп болады. Тұрмысы төмен отбасыларға берілетін көмек ақшалай – яғни, ай сайынғы тұрақты немесе бірреттік төленетін төлемдер, әлеуметтік қызметтер (мұнда келісімшартты әлеуметтік тұрғыдан қолдау, оқыту және қайта оқыту қызметтері және арнайы әлеуметтік қызметтер) түрінде көрсетіледі. Бір мәрте төленетін ШАК тек қана отбасының белсенділігін арттыру келісімшартының аясындағы іс-шараларға жұмсалу керек. Оның ішінде өзінің жеке қосалқы шаруашылығын дамытуға (құс сатып алуға және басқалар), жеке кәсіпкерлік қызметін ұйымдастыруға арналған. ШАК-ты бұрын алынған қарыздар мен несиені төлеуге, жылжымайтын мүлік сатып алуға жұмсауға тыйым салынады.

Шарт бойынша отбасы мүшесі жұмысқа орналасу, мамандық бойынша оқу, әрі қарай жұмысқа орналаса отырып, басқа мамандық немесе кәсіп бойынша қайта оқу арқылы отбасының белсенділігін арттыруда кездесетін кедергілерді жеңеді. Отбасының белсенділігін арттыру әлеуметтік келісімшартының міндеттерін отбасының орындауы ұдайы бақыланады. Шартты ақшалай көмек мөлшері отбасының жан басына шаққандағы табысы мен ең төменгі күнкөріс деңгейінің 60 пайызы айырмашылығынан құралады.

Ақшалай шартты көмек жарты жылға ұзарту мүмкіндігімен, 6 айға тағайындалады. Осы уақыт аралығында отбасы еңбек нарығына бейімделеді, өзінің материалдық деңгейін арттырып, тұрақты табыспен қамтамасыз етіледі.

2015 жылғы 1 шілдеден бастап “Өрлеу” жобасы пилоттық режімде облыс аумағындағы 4 ауданда, атап айтқанда, Жамбыл, Мамлют, Тайынша, Тимирязев аудандарында, ал 2016 жылғы 1 қаңтардан бастап облыстың барлық аудандарында енгізілді.

Үстіміздегі жылы осы мақсатқа мемлекет тарапынан 63,5 млн. теңге бөлінді. Жылдың басынан бергі кезеңде 200 отбасымен әлеуметтік шарт жасалды, яғни 875 адам қамтылды, 18,5 млн. теңге шартты ақшалай көмек төленді. “Өрлеу” жобасына қатысушылар әлеуметтік шарт бойынша кедейлік жағдайынан шығуға тырысып, жеке қосалқы шаруашылығына құс, ұсақ және ірі қара мал, шошқа сатып алуда. Облыс бойынша ШАК алушылардың қатарында негізі үлесті атаулы әлеуметтік көмек және мемлекеттік балалар жәрдемақысын алушылар құрайды. 216 адам жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тартылды, оның ішінде 178 адам тұрақты жұмыспен қамтамасыз етілді. “Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020” бағдарламасы бойынша 56 адам жұмысқа орналастырылып, жобаға қатысушы отбасылар саны 2,9 есе артты. “Өрлеу” жобасын іске асыру нәтижесінде көмек алушылар өзінің еңбек әлеуетін жүзеге асыра отырып, материалдық деңгейін және әлеуметтік жауапкершілігін арттырады. Осындай шаралардың арқасында тұрмысы төмен отбасылардың жағдайы жақсарып, жұмыссыздық азаяды.

Марина МАРКОВА,

облыстық жұмыспен қамтуды

үйлестіру және әлеуметтік

бағдарламалар басқармасының

бөлім басшысы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp