Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті шығаратын “Айқап” журналының екінші (100-інші) нөмірі жарық көрді. Оқырман қауым басылым бетінен белгілі қоғам және мемлекет қайраткері, мәдениеттанушы Мұрат Әуезовтың сұхбатын оқи алады. Сұхбатта Мұрат Мұхтарұлы балалық шағының жарқын естеліктерімен бөліскен. Анасы Фатима журналды тәркілеу кезінде “Айқаптың” бірнеше данасын сандығында жасырып қалған екен. Осыдан-ақ оның бұл басылымды қаншалықты қадірлегенін аңғаруға болатындай. Мұрат Әуезов бір ғасыр бұрын М.Сералин ашқан журналдың тарихи жалғасы – бүгінгі “Айқаптың” қадамына сәттілік тілеген. Оның пікірінше, басылымның тісі батпайтын тақырып болмауы тиіс. Егер “Айқап” айта алмайтын мәселе бар болса, қолға қалам алудың қажеті жоқ деп есептейді қоғам қайраткері.
Бас редактор бағанында оқырман назарына Ғалымқайыр Мұтановтың “Сөзге қызмет ету” атты эссесі ұсынылған. Шығарма ХХ ғасырдағы түркі лексикасының зерттелуі мен осы бағыттағы ізденістердің ізашары Олжас Сүлейменов туралы. Белгілі сәулетші, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Шота-Аман Уәлиханов, Мәскеу мемлекеттік университетінің профессоры Татьяна Кривощапова, тарихшы Ирина Ерофеева, өлкетанушылар Қайролла Мұқанов пен Сәуле Мәлікова, сондай-ақ, М.В. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің докторанты Нұрлан Асқаров көшпенділердің дүниежүзінің зияткерлік тарихындағы орны жайлы құнды деректермен бөліскен.
Журналдың жаңа нөмірінде профессор Болатбек Нәсенов, Қазақстан Республикасы Президенті архивінің директоры Борис Джаппаров пен белгілі алаштанушы Тұрсын Жұртбай ХІХ және ХХ ғасыр аралығындағы жер мәселесіне, 1916 жылғы қырғынға және 1930-шы жылдардағы ашаршылыққа қатысты мұрағат деректерін жариялады. Журналға Татарстан, Тува, Жапония, Якутия ғалымдары жіберген түркілердің мәдени мұрасы жайлы материалдар да құнды. ТҮРКСОЙ-дың бас хатшысы Дүйсен Қасейінов “Түркі әлемінің мәдени астанасы” жобасы жайлы ақпараттармен бөліскен. Әлімхан Ермеков пен Жұмабек Тәшеневтің саяси портреттері (М.Хамзин), ұлттық кинопрокатқа шолу (Г.Әбікеева), Н.Сацтың Күләш Байсейітова туралы ойтолғауы және өзге де мақалалар басылымның мазмұнын байыта түскен.
Тәуелсіз Қазақстанда қанатын қайта сермеген “Айқаптың” тұғыры мықты, тіреуі бекем. Халықаралық авторлар ұжымының еңбегімен жарық көрген журналдың жаңа нөмірі сөзіміздің айқын дәлелі.
Гүлнәр МҰҚАНОВА,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ доценті.