Қазақстан үшін үш тұғырлы тіл – елдің бәсекеге қабілеттілікке ұмтылудағы бірінші баспалдағы. Бұл біздің жастарымыз үшін аса қажет. Халықаралық қатынастың, ғылым мен техниканың тіліне айналып отырған ағылшын тілін білу өмір қажеттілігі. Мұны ешкім жоққа шығара алмайды. Ғалымдардың зерттеулері көрсеткендей, ересектерге қарағанда кішкентай бала ағылшын тілін тез меңгереді.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев “Қазақстан – 2050” бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ” атты Жолдауында: “Орта білім жүйесінде жалпы білім беретін мектептерді Назарбаев Зияткерлік мектептеріндегі оқыту деңгейіне жеткізу керек. Мектеп түлектері қазақ, орыс, ағылшын тілдерін білуге тиіс”, – деген болатын. Осыған орай, шет тілін ерте жастан оқыту қажеттілігін зерделеп, бүлдіршіндердің қабілеттері мен тілдік нышандарын ескере отырып, Бексейіт орта мектебінде 2014-2015 оқу жылынан бастап 1-сыныпқа аптасына бір сағат ағылшын тілі енгізілді. Аталмыш пәнді көп жылдан бері еңбек етіп келе жатқан ұстаз Ботагөз Тумабекова жүргізеді. Жаңа бағдарламаны ата-аналар қауымы да қолдады.
Мектебімізде үштілділікті енгізу өз нәтижелерін көрсетуде. Мұғалімдер жұмысының көрсеткіші пәндік олимпиадалар мен түрлі білім сайыстарында көрініс табуда. Қазақстан халқы тілдерінің фестивалі аясында жалпы білім беретін мектеп оқушылары арасында былтырғы жылы өткен облыстық полилингвалды олимпиадаға белсене қатысқаны үшін мектебіміздің 8-сынып оқушысы Асыл Әбдіқасымова сертификатқа ие болды. Мектеп оқушыларының бойындағы коммуникативтік құзыреттілікті қалыптастыруда пікірсайыс сабақтары, ғылыми жобалар мен конференциялардың маңызы ерекше.
Біздің мектебімізде “Тілім менің – баға жетпес байлығым” тақырыбында апталық өтті. 9-11-сынып оқушылары арасында “Үш тілді білу – заман талабы” тақырыбында “дөңгелек үстел” ұйымдастырылды. Оқушылар үш тұғырлы тілдің маңыздылығы туралы ойларын ортаға салды. “Дөңгелек үстелдің” мақсаты – ұлттық сана-сезімі мол, Отанын, ана тілін сүйетін азамат тәрбиелеу, мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту, оқушылардың патриоттық сезімін ояту және де орыс, ағылшын тілдерінің болашақ еліміздің гүлденуіне қажеттілігін насихаттау болды.
Апталықтың жабылуына арналған іс-шараға оқушылар белсене қатысып, “Тілдер әлемінде” тақырыбымен қабырға газетін шығарды. Осылайша, біз оқушылардың ана тіліне құрмет сезімін арттыра отырып, үш тілді жетік меңгеруге деген құлшынысын ояттық.
Құралай КЕНЖЕТАЕВА,
Бексейіт орта мектебінің
қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі.