Қазақ халқында “Отан – отбасынан басталады”, деген тәмсіл бар. Жақында облыстық ішкі істер департаменті отбасылық құндылықтарды насихаттау, аға ұрпақты құрметтеуге тәрбиелеу мақсатында “Біздің отбасымыз” атты шығармалар байқауын өткізді.
Қазақстан халқы тілдерінің фестивалі аясында ұйымдастырылған шараға 28 жұмыс ұсынылды. Үміткерлер өз шығармаларында ата-аналары туралы, олардың ел игілігі жолындағы қызметін және отбасымен бос уақыттарын қалай өткізетіндігін баяндаған екен. Қазылар алқасы жазба жұмысының ішінен ойы ұшқыр, тілі тартымды, мазмұны терең шығармаларды іріктеп алды.
Қоғам тыныштығын күзетіп жүрген тәртіп сақшыларының балалары арасында өткен байқауда Петропавл қаласының №8 орта мектебінің 1-сынып оқушысы Аружан Баймұқан, Мағжан Жұмабаев ауданындағы Батыр Баян атындағы орта мектептің 4-сынып оқушысы Әйгерім Егінбаева, Ақжар ауданы Талшық ауылының №1 Талшық орта мектебінің 7-сынып оқушысы Темірлан Оқас үміткерлер арасынан топ жарды.
Нұрбай СӘБИТОВ,
облыстық ішкі істер департаментінің мемлекеттік
тіл және ақпарат бөлімінің маманы.