
Өңірімізде кинолог мамандардың республикалық чемпионаты басталды. Олардың жоғары кәсіби шеберлігін арттыруды, қызметтік иттердің үйретілу деңгейін анықтауды және қылмыстардың ашылуын жақсартуды көздейтін шараның ашылу салтанатына облыстық ішкі істер департаментінің бастығы Берік Біләлов, сонымен қатар еліміздің әр өңірлерінен келген жергілікті полиция қызметтерінің басшылары қатысты. Жарыс қонақтары мен қатысушылары қызметтік-іздестіру иттерінің көрсетілімдерін тамашалағаннан кейін чемпионат та басталды.
28 қыркүйекке дейін жалғасатын шараға 22 кинолог қатысуда. Жарыс бағдарламасы үйретудің жалпы курсы, кедергілерден өту, автокөлікте және үй-жайда есірткі заттарын іздеу, қаруланған қылмыскерді ұстау сияқты сындардан тұрады.
Бір айтып өтерлігі, жыл басынан бері облыстық ішкі істер департаментінің қызметтік-іздестіру иттерінің көмегімен 567 қылмыс ашылып, 170 килограмнан астам есірткі заңсыз айналымнан алынды.
Нұржан СЕЙІЛБЕКОВ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Суреттерді түсірген
Талғат ТӘНІБАЕВ.