«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТОҒЫЗ АЙДА — ТОҒЫЗ ЖӘРМЕҢКЕ

 

 

Екі қолға бір күрек таппай жүргендерге көмек болатын “Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020” бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында қалалық Мәдениет үйінде бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтті. Оған облыс әкімі Ерік Сұлтанов қатысты.

Шара аясында жұмыс іздеп жүргендерге білім, денсаулық сақтау, құрылыс, сауда және қызмет көрсету салалары бойынша қырыққа жуық мекеме 400-ден астам бос жұмыс орнын ұсынды.

Облыс орталығында бұған дейін қолға алынған жәрмеңкелердің қорытындысы туралы қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Гүлмира Жәкенқызы ақпарат берді.

– Жыл басынан бері Петропавлда сегіз бос жұмыс орындары жәрмеңкесі ұйымдастырылып, 134 мекеме әртүрлі сала бойынша 1671 бос жұмыс орындарын ұсынды. Бүгінге дейін “Жастар тәжірибесі” бағдарламасы аясында 139 түлек 51 мекемеге бағытталды. Соңғы сегіз айда облыс орталығында 1573 жаңа жұмыс орны құрылып, жұмыс беруші жеке кәсіпкерлердің саны 766-ға жетті, – деді бөлім басшысы.

Бұл жолғы жәрмеңкеден қаламыздың еңбек нарығында негізінен білікті құрылысшыларға, дәнекерлеушілерге, аспаздарға, инженерлерге сұраныс артқандығы байқалды.

Жастарды жұмысқа орналастыру мәселесіне мемлекет тарапынан айрықша көңіл бөлініп отырғандығын тілге тиек еткен Ерік Сұлтанов жәрмеңкенің екі қолға бір күрек таппай жүргендерге пайдасы зор екенін айтты. Сондай-ақ, өңір басшысы бос жұмыс орындарын ұсынған мекемелердің басшыларына келушілерге жоғары жалақы тағайындап, мамандығы бойынша дипломы барларды еңбек өтілінсіз де жұмысқа алу мүмкіндігін қарастыруды тапсырды. Бұл жас маманға қолдау болмақ.

Жәрмеңкеде өз мамандығы бойынша жұмыс іздеп келгендердің бірі – Ақмола облысының Щучье қаласындағы экология және орман шаруашылығы колледжінің түлегі Арман Рашитов.

– Жәрмеңке болатынын естіп, ерекше қуанышпен келдім. Бұған дейін “Жастар тәжірибесі” аясында табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасында 6 ай жұмыс істеген едім. Енді мамандығым бойынша тұрақты жұмысқа орналассам деймін. Қазір бірнеше мекеме өкілімен тілдестім. Жаңа жұмыста бар қабілетімді көрсетуге дайынмын, – дейді жас маман.

Әскери салаға да келісімшарт бойынша қызмет етемін деген азаматтар іздестірілуде. Келушілерге лауазымы мен қызметіне қарай 60 мыңнан 120 мың теңгеге дейін жалақысы бар 12 түрлі мамандық бойынша жұмыс орындары ұсынылды. Жалға баспана беру де қарастырылған.

Жәрмеңкеде “Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020” мемлекеттік бағдарламасын жастарға түсіндіру жұмыстары да жүргізілді. Жастарға “Жастар тәжірибесі”, “Кәсіби даярлау, қайта даярлау және қайта оқыту”, тағы басқа бағдарламалар туралы ақпарат беретін буклеттер таратылды.

Қанат АТАМАНОВ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суретті түсірген

Виталий ВЛАСЕНКО.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp