«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ОТЫРЫСҚА КЕЛМЕЙ ҚАЛДЫ

Мемлекеттік қызмет істері министрлігі облыстық департаментінің Әдеп жөніндегі кеңесінің кезекті отырысында Петропавл қалалық жер қатынастары бөлімінің жұмысындағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне жүргізілген талдаудан туындайтын міндеттердің жүзеге асырылу барысы туралы есеп берген бөлім басшысы Жомарт Еркіннің айтуынша, олар тұрғындарға мемлекеттік қызметтің 8 түрін көрсетеді екен. Оның ішінде жерді пайдалану мақсатын өзгерту, жердің кадастрлық құнын бекіту қызметтері де бар. Осы орайда кеңестің мүшесі – облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Тұрар Ысқақов іскер азаматтарға жерді пайдалану мақсатын өзгерту туралы өтініш берудің қажеті жоқ екендігін айтты. Алайда, бөлім басшысының айтар өз уәжі бар. Кәсіпкерлер жерді пайдалану мақсатын өзгерткен кезде жер қатынастары бөліміне, тым болмаса, хат жіберулері керек. Себебі, бұл мәліметтерді банктер сұрататын көрінеді.

Сондай-ақ, бүгінгі таңда облыс орталығы аумағынан жер телімін алу кезегінде 7692 адам тұрғаны белгілі болды. Үстіміздегі жылы кезекте тұрғандардың қажеттілігін өтеу үшін Борки кентінен 356 гектар жер бөлінген. Осы орайда, кеңес мүшелері бөлім басшысына тұрғындар арасында жер беру мәселесі бойынша түсіндіру жұмыстарын белсенді жүргізу қажет деген ұсынысын айтты.

Осы күні Петропавл қаласының сәулет және құрылыс бөлімінің басшысы да өздерінде сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне жүргізілген талдау қорытындысы бойынша қабылданған шараларды баяндауы тиіс еді. Алайда, бөлім басшысы төбе көрсетпеді.

(Өз тілшіміз).

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp