«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЕГДЕ ӘЙЕЛДІҢ ЕРСІ ІСІ

Жаздың жайма-шуақ күндерінің бірі болатын. Аялдамаға №5 қоғамдық көлік келіп тоқтап, жиналып қалған жұрт жапа-тармағай қысыла-қымтырыла автобусқа отыра бастадық. Әуелі үлкендерді өткізгеннен кейін салонға мен де аяқ бастым. Көлікке менің алдымда кірген егде жастағы әйел алдыңғы қатардағы орындықта отырған жас келіншекке шүйліге кетті. Неше түрлі былапыт сөздерді қарша боратты-ай кеп. Жағымсыз оқиғаға назар аударғанда түсінгенім, орын сұрап тұрған түрі екен. Денені тітіркендіретін ауыр сөздерге шыдай алмай орнынан көтерілген келіншектің аяғы ауыр екен. Бірақ оған мән бермеген әйел “жеңгеніне” көңілі толып, босаған орынға қонжия кетті. Ал жазықсыз балағат сөз естіп, көзі жасаураған келіншек қайда сүйеніп тұрарын білмей абдырап қалды. Осының барлығын бастан-аяқ көріп отырған бір қария тәлтіректеп тұрып, орнын ұсынды. Долы әйелдің “қылығына” налып, қарияның мәрттігіне сүйсініп тұрғанда “ақыл айтқыштың” келесі бір сорақылығының куәсі болдық. Әлгі әйел межелі жеріне жеткен кезде автобус ішін аралап, қайыр сұрай бастады. Манағы қылығынан көңіліміз суығандықтан, біріміз де елемедік. Салы суға кеткен ол есік ашылған кезде жолақысын төлемей зыта жөнелді. Кондуктор ләммим деуге үлгере алмай, қолын созған күйі орнында отырып қалды.

 

Осы бір оқиғаны көпке дейін ұмыта алмай жүрдім. Осы туралы жазсам ба деп қанша рет оқталғаныммен “Бір құмалақ бір қарын майды шірітеді” емес пе деген оймен өзіме тоқтау салумен келдім. Осылай арпалысқан ойлардың жетегінде жүргенде Қызылжар ауданының орталығы Бескөлден қалаға бет алған №101 автобусқа кіргенім сол еді, таныс айғай тағы басталды. Айғай шыққан жаққа жалт қарасам, өткен жолғымен жас жағынан шамалас әйел кішкентай қызды “тәрбиелеп” жатыр екен. Мұның да бар ойы – баланың жер-жебіріне жетіп, орнынан тұрғызу. Жүргізуші тежеуішті шұғыл басса, қыз баланың салон ішінде қаңбақша домаларын ол ғана түсінбейтін сияқты. Денесі мығым, тұрысы берік, өне бойынан қайраттылықтың желі есіп тұрған әйелдің сүйегі қатпаған қылдырықтай балаға әлімжеттік көрсетуі әрі қыздың қасында отырған ер адамға бата алмай бар ашуын жас баладан алуы автобуста отырғандардың ашуын тудырды. Қыз жыларман болып, орнынан тұра бергенде, бір әже оның қолынан тартып, қайта отырғызды да әлгі әйелге: “Керемет болсаң, ана қасыңда отырған ер адамға тиіс, балаға тиме”, – деді. Шекесі қызған әйел қарсы уәжге не дерін білмей, үнсіз қалды.

Облыс орталығына жеткенше жақ ашпаған әлгі әйелге қарап тұрып, “Неге аға буын өзгенің баласын тәрбиелеуге бейім?” деген сұраққа жауап іздедім. Иә, қазіргі таңда жастардың тәрбиесі әр жерде сын тезіне түсіп жатады. Бізден де қателіктер кетеді. Алайда, тәртіпсіздік жасамасақ та, “әдептен жұрдайсың”, “адам болмайсың” деген ащы сөздерді үлкендерден жиі еститін болдық. Ақыл айтар аға буыннан жөн-жосықсыз сын есту жастардың пешенесіне жазылған тағдыр емес шығар. Жөн сілтер аға болса, құлақ салар іні табылады. Тек “Ауыр істің салмағы білекке, ащы сөздің салмағы жүрекке түсетінін” ұмытпайықшы.

Нұржан СЕЙІЛБЕКОВ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp