
Н.Погодин атындағы облыстық орыс драма театрында мәртебелі мамандық иелері – ұстаздардың кәсіби мерекесі салтанатты түрде аталып өтілді. Тәуелсіз еліміздің рухы биік, ой-өрісі кең, елжанды ұрпағын тәрбиелеу жолында табандылық пен шыдамдылықтың үлгісін көрсетіп жүрген ұстаздарды облыс әкімі Ерік Сұлтанов құттықтады.
Тәуелсіздік алған күннен бастап Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев білім жүйесіне және педагогтер мәртебесін көтеруге баса назар аударып келеді. Осы жылдар аралығында облыста 10 балабақша мен 27 мектеп салынған. Бәйтерек ауылының 300 бүлдіршіні биылғы оқу жылын жаңа мектепте бастады. Өңірімізде апатты жағдайдағы және үш ауысымда оқитын мектептер мәселесі түбегейлі шешілді. Бүгінде заманауи талаптарға сай келетін жаңа білім жүйесі құрылды.
“Адам тәрбиелеу – ұлы міндет” десек, оны атқару ұстаздарға жүктелген. Ұстаз – шәкірт бойына ізгілік нұрын сеуіп, игі дәстүр мен құндылықтарға баулып, білім-ғылымға құштарлыққа жетелейді. Қазақстандық жас өркенге білім әлемінің құпия сырларын ашып, тәуелсіз еліміздің интеллектуалды, рухани-адамгершілігі мол, нағыз патриоттарын тәрбиелеп қалыптастыруда ұстаздар қауымының алар орны ерекше.
Жалпыұлттық “Мәңгілік Ел” идеясын табысты жүзеге асыру да көпшілік жағдайда ұстаздарға байланысты”, – деген облыс әкімі Ерік Сұлтанов аталмыш сала алдында 12 жылдық білім беруге көшуге байланысты келелі міндеттер тұрғанын тілге тиек етті. “Алдағы міндеттерді жүзеге асыру үшін біздің облыстың білім беру мекемелерінде зор зияткерлік әлеует қалыптасқан. Ұстаздардың көпшілігі мемлекеттік наградалар мен құрметті атаққа, жоғары біліктілік санаттарға ие. Оқушылардың халықаралық және республикалық конкурстардың жеңімпаздары атануы соның дәлелі”, – деді Ерік Хамзаұлы.
Облысымызда өз бойындағы асыл қасиеттері мен білімін болашақ ұрпақ тәрбиесіне сарқа жұмсап, қоғамды өрге бастыруға зор үлестерін қосып жүрген ұстаздар көптеп саналады. Айтулы мереке қарсаңында Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі “Үздік педагог – 2016” республикалық байқауының жеңімпаздарын анықтады. Жеңімпаз атанған Әбу Досмұхамбетов атындағы облыстық дарынды балаларға мамандандырылған гимназия-интернатының қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі Жадыра Қаржауова, Сафуан Шаймерденов атындағы классикалық гимназияның тарих пәнінің мұғалімі Альбина Некебаева және Мағжан Жұмабаев атындағы гуманитарлық колледждің арнайы пәндер оқытушысы Алтынай Жәнібекованы өңір басшысы құттықтап, оларға 2 млн. теңгенің сертификаттарын табыс етті.
Үздік педагогтер атынан сөз алған Алтынай Есенгелдіқызы елімізде ұстаздардың мәртебесін көтеру үшін жасалып жатқан жұмыстарға тоқталып, өздеріне қолдау көрсеткені үшін облыс әкіміне алғысын білдірді.
Облыс әкімі Ерік Сұлтанов “Қазақстан Республикасы білім беру ісінің құрметті қызметкері” және “Ыбырай Алтынсарин” төс белгілерімен марапатталған 11 ұстазға наградаларын тапсырды. Олардың ішінде: Мамлют санаторлық мектеп-интернатының директоры Күлбаршын Әбдірахманова, Шал ақын ауданы Кеңес орта мектебінің директоры Балапан Базарбекова, Жамбыл ауданы білім бөлімінің басшысы Нәзира Әбдірахманова, Әбу Досмұхамбетов атындағы облыстық дарынды балаларға мамандандырылған гимназия-интернат директорының бейіндік оқыту ісі жөніндегі орынбасары Айнагүл Есқалиева, дене тәрбиесі және алғашқы әскери даярлық жөніндегі өңірлік оқу-әдістемелік орталығының директоры Қанат Сәдуақасов және басқалары бар.
Өңіріміздің білім саласында ұзақ жылдар бойы адал еңбек етіп, оның дамуына, өскелең ұрпақты оқыту мен тәрбиелеуге қосқан зор үлесі үшін 17 педагог – облыс әкімінің Құрмет грамотасымен, тағы 11 ұстаз Алғыс хатпен марапатталды. Сонымен қатар 14 педагогке “ЭКСПО- 2017” көрмесіне және 16 ұстазға санаторлық-курорттық емдеу мекемесіне сертификаттар берілді. Облысымыздың білім саласын дамытуға сүбелі үлес қосқан 16 еңбек ардагеріне бағалы сыйлықтар табысталды.
Өмірдегі бар байлығы шәкірттері деп білетін ұстаздарға оқушылары құрмет көрсетіп, гүл сыйлады, ән мен жырдан шашу шашты.
Ләйла ЖАНЫСОВА,
“Солтүстік Қазақстан”.
Суреттерді түсірген
Талғат ТӘНІБАЕВ.