«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖЕМҚОРЛЫҚ ЖӨНІНЕН СОҢҒЫ ОРЫНДАМЫЗ

Жұма күні өңір басшысы Ерік Сұлтановтың төрағалығымен облыстық әкімдіктің мәжіліс залында сыбайлас жемқорлықпен күрес, алдын алу және қоғамда оның кез келген көрінісіне төзбеушілікті қалыптастыру жайында кеңес өтті. Оған Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары Алик Шпекбаев қатысты.

– Мемлекет басшысының қолдауының арқасында елімізде сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат табысты жүзеге асырылуда. Жемқорлықтың алдын алу мен оны туындататын жағдайларды болдырмау маңызды. Осы орайда, мемлекет тарапынан атқарылып жатқан іс-шараларды бұқаралық ақпарат құралдарында кеңінен жариялаудың рөлі үлкен. Сонымен қатар, білім беру мекемелерінде, мемлекеттік органдарда, халық арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруға ерекше назар аудару қажет, – деді кеңесті ашқан облыс әкімі Ерік Сұлтанов.

Одан кейін сөз алған Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары Алик Шпекбаев мемлекеттiк қызметтегі Қазақстан Республикасының Заңдары талаптарының бұзылу фактiлерiн және Қазақстан Республикасының 2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиясынан туындайтын негiзгi міндеттерді тілге тиек етті. Оның айтуынша, тамырын тереңге жайған кесел сапалы мемлекеттік қызмет көрсетуге кедергі келтіруде. Жиын барысында Премьер-Министр Серік Ахметовтің, “Астана ЭКСПО-2017” ұлттық компаниясының бұрынғы басқарма төрағасы Талғат Ермегияевтің және қызметін асыра пайдаланғаны үшін істі болған Қостанай қаласының бұрынғы әкімі Ахметбек Ахметжановтың қылмыстық істері мысалға келтірілді. Соңғы үш жылда облысымызда тіркелген сыбайлас жемқорлық оқиғалары да ұмыт қалмады. Құрылыс және мәдениет басқармаларының, мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаментінің басшылары да бармақ басты, көз қыстыға жол беріп, тиісті жазаларын алғаны белгілі. Дегенмен, Солтүстік Қазақстан облысы әлеуметтік сауалнама нәтижесінде сыбайлас жемқорлық жөнінен республикада соңғы орында тұр.

Қанат АТАМАНОВ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp