«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

КӘСІПКЕРДІ МАЗАЛАЙТЫН НЕГІЗГІ МӘСЕЛЕЛЕР

Солтүстік Қазақстан облыстық прокуратурасына да, кәсіпкерлер палатасына да бизнес өкілдерінің құқықтары бұзылғандығы жөнінде түсетін хабарлар азаяр емес. Бұл жайында қадағалаушы орган мен кәсіпкерлер палатасының бірлескен жұмысының аралық нәтижесі жайлы өткен жиында айтылды.

Жыл сайын Ұлттық кәсіпкерлер палатасына жүгінуші кәсіпкерлердің саны артып келеді. Биылғы 9 ай ішінде Солтүстік Қазақстан облыстық кәсіпкерлер палатасы мен оның филиалдарына 2564 өтініш түскен. Бұл бизнес қауымдастықтың палатаға деген сенімінің артқанын аңғартады. Екіншіден, кәсіпкерлік салада шешімін күткен мәселелер әлі де мол екенін көрсетеді. Бүгінде күрделі мәселелердің “үштігі” белгілі. Бұл – жер қатынастары, салық және табиғи монополия субъектілері. Кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Жеңіс Қазиевтің айтуынша, осы бағыттар бойынша негізгі жұмыстар жүргізілуде.

Облыстық прокуратураның өкілі Айтуған Қасқырбаев та кездесуге жиналғандар алдында қадағалаушы орган тарапынан кәсіпкерлердің құқығын қорғауға байланысты атқарылып жатқан жұмысқа тоқталды. Қазіргі таңда кәсіпкерлерге бақылау-қадағалау органдары тарапынан қысымды азайту, әкімшілік кедергілерді болдырмау және бизнесті жаппай дамыту бойынша шаралар қолға алынған. “Жыл басынан бері кәсіпкерлердің құқығы бұзылғаны туралы 39 хабар түсіп, оның 21-і расталып, прокурорлық әрекет ету шаралары жүргізілді”, – деді ол.

Кездесуде еліміздің Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің жаңа бұйрығы туралы да сөз болды. Әрбір бизнес субъектісін бос жұмыс орындар туралы еңбекпен қамту органдарына есеп беруді міндеттеген бұл талаппен келіспейтіндер бар. Кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары бұл құқықтық актіні кәсіпкерлерге дұрыстап түсіндіру керек екендігін айтты.

“Қызылжар-Ақпарат”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp