Орталық коммуникациялар қызметінің облыстық филиалында Төтенше жағдайлар жөніндегі департамент қызметкерлерінің қысқы маусымдағы тосыннан туындайтын апаттардың алдын алуға дайындығы жөнінде брифинг өтті.
Өңірімізде қыс мезгілінде қар қалың жауып, боранды күндер көп болады, сондықтан облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департамент мамандары бүгіннен бастап қауырт маусымға қамдануда.
Департамент бастығының орынбасары Ерік Сарыбаевтың мәлімдеуінше, өңірімізде апатты жағдайларға қарсы 700-ден астам техника, 240 жылыту пункті бар.
Өткен жылдың қорытындысы бойынша 71 қауырт және гидрометеорологиялық құбылыстың салдарынан 3 апатты жағдай тіркелген. Қар құрсауында қалған 1939 автокөлік шығарылып, 4500 адам жылыту пункттеріне жеткізілді. Бүгінде табиғи апаттың алдын алу шаралары күн-түн демей жүргізілуде.
Брифинг барысында өрт қауіпсіздігі туралы сөз қозғалып, облысымызда жыл басынан бері 476 өрт оқиғасы тіркелгені, 13 адам қаза тауып, 18-і зардап шеккені айтылды. Мұндай жағдайлардың алдын алу үшін мамандар жылыту маусымы қарсаңында сақтық шараларын еске салуда.
Облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департаменті, өрт қауіпсіздігі саласындағы бақылау және алдын алу басқармасының бастығы Денис Шуваев өрт қауіпсіздігі жөнінде айлық өткендігін айтты.
– Тұрғындардың назарын өрттердің алдын алу мәселелеріне аудару қажет. Өрт себептеріне пеш пен мұржаның дұрыс орнатылмауы немесе жылыту пешін қолдануда қауіпсіздік шараларын сақтамау кіреді. Соңғы өрт Қызылжар ауданына қарасты Налобино ауылында орын алды. Қызыл жалынның кесірінен 1967 жылы туған азамат қаза тапты. Әзірге өрттің қайдан шыққандығы анықталып жатыр. Петропавл қаласы мен Бескөл ауылында газдан улану фактілері тіркелген.
Бүгінге дейін облысымызда 103 төтенше жағдай орын алып, 62 тұрғын қаза болып, 90 адам жарақат алған, 400-ге жуық адам құтқарылған.
Жанаргүл МЕЙРАМ,
“Солтүстік Қазақстан”.