«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АҚСАҚАЛЫН АРДАҚТАҒАН ЕЛМІЗ

Еліміз егемендік алып, тәуелсіз мемлекетімізді қалыптастыру кезеңінде көштің басында жүріп, ауыртпалықтарды бір адамдай еңсергендердің басым бөлігі бүгінде зейнет жасына жетіп, ардагер атанып отырған жандар. Олар Кеңес Одағының іргесі сөгіліп, елді жұмыссыздық, жалақының уақтылы төленбеуі, зейнетақы мен жәрдемақылардың айлап берілмеуі, күнделікті қолданыстағы тауарларға тапшылық сияқты қиындықтар жайлаған кезде еш мойымады. Сөйтіп, бүгінгі әлем таныған қазақ елінің қалыптасуына сүбелі үлестерін қосты.

Облысымыздың ардагерлері әлі күнге дейін қоғамдық өмірдің белсенді мүшелері. Аға буынның діттеген мақсаттарын жүзеге асыру үшін олардың басын қосып, іске жұмылдыратын ұйым жұмыс істейді. Әр ауданда, әрбір мекеме мен кәсіпорында шоғырланған ардагерлердің бастауыш ұйымдары бір жағынан аға буынға деген құрмет пен жанашырлықты қалыптастыру мақсатын көздесе, екінші жағынан ардагерлердің өнегелік, үлгі тұтарлық қадір-қасиеттерін бүгінгі ұрпақтың бойына дарытумен айналысады.

Облыстағы ардагерлер ұйымына жергілікті биліктің қолдауы мол. Қыркүйек айының 17-сі күні облыс аумағында қайырымдылық сенбілігін ұйымдастырып, мекемелер мен кәсіпорындардың жұмысшылары бір күндік жалақыларын облыстық, қалалық, аудандық ұйымдардың есепшоттарына аударды. Осы қаржының көмегімен ардагерлерге қатысты біраз мәселелер шешімін табады. Бұл жерде айта кететін бір жайт, ардагерлер ұйымдарын қаржылай қолдаудың мұндай тетігі біздің облыста ғана қалыптасқан. Басқа өңірлердегі ұйымдар демеушілердің көмегімен ғана өз мақсаттарын жүзеге асыра алады. Сондай-ақ, біздің әр ауданның бастауыш ұйымы кеңсемен қамтамасыз етілген. Билік тарапынан көрсетілген осындай қамқорлықтың арқасында ұйымның жүйелі де жоспарлы жұмыс істеуіне мүмкіндік туып отыр.

Облыстық ардагерлер кеңесі қызметтері мен мақсат-мүдделеріне қатысты туындаған мәселелердің шешімін табу және атқарылып жатқан жұмыстардың нәтижесін бағалау үшін жиі бас қосады. Осыдан бір апта бұрын ұйым төрағалары кездесіп, Аққайың және Ақжар аудандарының бастауыш ұйымдарының жұмысын талқылады. Сондай-ақ, М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-дің бастауыш ұйымының төрағасы ардагерлердің жастар тәрбиесіне қатысты қандай шаралар жүргізіп жатқандығы туралы есебін тыңдады. Сол жиында жастармен жұмыс істеуге қатысты біраз мәселелердің басы ашылды. Мәселен, университетте жұмыс істеп, зейнет демалысына шыққан білімді де білікті жандар көп. Бұл мекеменің бастауыш ұйымына 400 ардагер мүше. Солардың тәжірибесін, білімін, біліктілігін, өнегесін жастарға дәріс ету, бойларына сіңіру үшін көптеген кездесулер тіленіп тұрғаны сөзсіз.

Сондай-ақ, аудандардағы бастауыш ұйымдар жергілікті билікпен қарым-қатынасын жандандыра түсуі керектігі сөз болды. Өйткені, тәжірибе көрсетіп отырғандай, аудан әкімінің назарындағы ардагерлер ұйымының жұмысында нәтиже бар. Солардың қатарында Ақжар, Қызылжар, Ғабит Мүсірепов атындағы аудандарды ерекше атауға болады. Өңірімізде қалыптасқан тағы бір жақсы үрдіс мемлекеттік қызметтегі әр басшы, әр депутат екі ардагерді қамқорлығына алып, олардың хал-жағдайын біліп тұрады. Бұл да қарттарымызды құрметтеудің ұтымды бір тәсілі.

Өңірімізде 100 мыңдай зейнеткер болса, соның 72 мыңы ғана ардагерлер ұйымының есебіне алынған. Оның бірнеше себебі бар. Мәселен, кейбір жабылып қалған ірі кәсіпорындардың зейнеткерлері ешқайда тіркелмей жүр. Сондай-ақ, ауылдан қоныс аударып, қалаға келген соң есепке алынбай қалатындар да аз емес. Баласының қасында отырған қарттар үшін материалдық мұқтаждық жоқ шығар, дегенмен де, ұйымға мүше болып, белсенділік танытса дейміз. Сондықтан тізімімізде жоқ зейнеткерлерді іздестіріп жатырмыз. Осы мәселені шешу үшін ардагерлер кеңесі жаңа тетіктер қарастыруда. Соның бір жолы – қаладағы пәтер иелері кооперативтері жанынан ардагерлердің бастауыш ұйымын құру.

Кеңес жанынан құрылған ақсақалдар алқасының да қоғамдық істерге көмегі зор. Олардың ақыл-кеңесі, үлгі-өнегесі кейінгі буынға қажет. Кейбір аудандық ардагерлер ұйымының төрағалары дау-дамайды шешу үшін тиімді тетік болып табылатын медиаторлық орталыққа басшылық та жасайды. Осының барлығы ардагерлердің белсенділігін арттырып, қоғамға өз пайдасы тиген сайын ынта-жігерлері арта түседі.

Бүгін – Халықаралық қарттар күні. Қарттар мен мүгедектерді қолдауға арналған қайырымдылық айлығы да басталды. Мақсатымыз – ардагерлерімізге құрмет көрсету. Оларға көп нәрсенің қажеті жоқ. Ықылас пен назарға разы, көңілдері тоқ.

Ескендір ЕЛЕУСІЗОВ,

облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp