Ардагер ұстаз, мәдениет қайраткері Қайролла Мұқановты Халықаралық қарттар және мұғалім күні мерекелерімен облыс әкімі Ерік Сұлтановтың атынан білім басқармасының басшысы Шолпан Каринова үйіне барып құттықтады.
Қайролла Мұқанов еңбек жолын 1957 жылы бұрынғы Тимирязев ауданында тарих пәнінің мұғалімінен бастаған. Кейін Шал ақын ауданында мектеп директоры лауазымын 12 жыл атқарды. Облыстық оқу бөлімінде меңгерушінің бірінші орынбасары болды. М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-де студенттерге дәріс оқыды. 30 жылға жуық ұстаздық еткен қарт педагог зейнет демалысына “Асыл мұра” ғылыми орталығынан шықты.
Зайыбы Күлзағи Ақанқызы екеуінің отасқандарына 60 жылға таяды. Ерлі-зайыптылар 4 баладан 6 немере мен 2 шөбере сүйіп отыр. Күлзағи Ақанқызы да білім беру саласында еңбек еткен.
– Педагогке тұрмысқа шыққан соң мен де осы саланы таңдадым. Биология мамандығы бойынша сабақ бердім. Отағасының еңбек-сүйгіштігі мені әлі күнге дейін таңғалдырады. Ол қол қусырып отыра алмайды. Жазу-сызумен көңілі көтеріледі. Екі қызы әкелерінің жолын қуып, тарих факультетіне түсті”, – дейді Күлзағи апай.