
Петропавлда “Kyzylzhar Invest – 2016” халықаралық инвестициялық форумы өтті. Өңірге шетелден қаржы тарту мақсатын көздеген шара осымен екінші рет ұйымдастырылып отыр. 2014 жылы өткен алғашқы форумда жалпы құны 85,5 млрд. теңгенің 62 меморандумы мен келісіміне қол қойылған болатын. Биылғы форумға Италия, Қытай, Швеция, Финляндия, Германия, Ресей және Сейшель аралдарынан өкілдер келді. Бизнес-қауымдастық, Ұлттық және шетелдік компаниялар, даму институттары, инвестициялық қорлар мен еліміздің өңірлерінен жиналған кәсіпкерлерді қосқанда форумға 500 делегат қатысты.
Инвесторлар кеңесінің кезекті отырысы
Инвестициялық форум өңірімізде өндірілетін тауарлардың көрмесімен ашылды. Делегаттар назарына облыстың беткеұстар қырық шақты кәсіпорнында шығарылған азық-түлік өнімдері, жиһаз бұйымдары және тағы басқа тауарлары ұсынылды. Аграрлы аймақтың ет, сүт және макарон өнімдерінің сапасы өте жоғары. Сондықтан олар ішкі нарықта ғана емес, елімізден тыс жерде де өз тұтынушыларын тапқан. Аймақтың машина жасау саласының әлеуетін паш еткен отандық ауыл шаруашылығы техникалары да форумға қатысушылардың қызығушылығын тудырды. Егін жинайтын комбайндар, тракторлар мен шөп шабатын техника, егістікті дәрілейтін агрегаттар және ауыр жүк көтеретін құрылғылар қаз-қатар тізілді.
“Kyzylzhar Invest – 2016” форумы аясында өңірлік инвесторлар кеңесінің екінші отырысы өтті. Бұл кеңес Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен бизнес-қауымдастық пен инвесторлар арасында тікелей қарым-қатынас орнату, кездесетін кедергілерді жою мақсатымен құрылып, биылғы қаңтар айында алғаш рет бас қосқанды. Атқарылған жұмыс жайлы облыс әкімінің орынбасары Ратмир Ахметов баяндады.
Солтүстік Қазақстан облысы 2015 жылдың қорытындысы бойынша инвестиция тарту қарқыны жөнінен елімізде бірінші орынға шыққан. Өңір экономикасына 154,5 млрд.теңге құйылыпты, бір жыл бұрынғы көрсеткішпен салыстырғанда өсім 128,4 пайызды құрады. Ал 2016 жылдың қаңтар-тамыз айларында 93 млрд. теңге инвестиция тартылыпты.
– Қазақстанда шетел инвесторларына қолайлы жағдай жасалған. Олар экономиканың басым секторларына қаржы құйып, жобаларды жүзеге асыру кезінде корпоративтік және жер салықтарынан 10 жылға, ал мүлікке салынатын салықтан 8 жылға босатылады. Құрылыс жұмыстары мен құрал-жабдықтар сатып алуға кеткен шығынның 30 пайызын мемлекет қайтарып береді. Және инвестициялық жобаларды жүзеге асыру мақсатымен сырттан құрал-жабдықтар, шикізат және материалдар әкелген кезде 5 жылға дейін кедендік баждан босатылады, – деді облыс әкімінің орынбасары. Ол шетелдіктерді облыстың экономикасымен ғана емес, әсем табиғатымен танысуға мүмкіндік беретін, еліміздің заңнамалары және мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдаулар туралы толық мәлімет топтастырылған арнайы портал ашылғанын жеткізді.
Еліміздегі инвестициялық ахуал жайлы “KAZNEX INVEST” АҚ басқарма төрағасының орынбасары Асхат Бейсенбаев та айтып берді.
– Қазақстан мен Ресей Президенттері Нұрсұлтан Назарбаев пен Владимир Путиннің қатысуымен Астанада өткен аймақаралық ынтымақтастық жөніндегі форумнан кейін біздің кездесіп отырғанымыздың өзіндік мәні бар деп ойлаймын. Себебі, Солтүстік Қазақстан облысы – аймақаралық ынтымақтастық тұрғысынан алсақ, ерекше маңызға ие өңір. Және инвестиция құю жөнінен де қызығушылық танытушылар көп, – деді ол.
Тайынша ауданының Ильичевка ауылында майлы дақылдарды тереңдете өңдейтін зауыт салып жатқан “Тайынша Май” ЖШС-нің құрылтайшысы Сәкен Мұхамедиев инвестициялық жобаны жүзеге асыру тәжірибесімен бөлісті. Қытайлық компанияның қаржысына салынып жатқан кәсіпорын биылғы желтоқсан айында пайдалануға беріледі деп күтілуде. Қуаттылығы жылына 300 мың тонна майлы дақылды өңдеуге жететін зауытқа 20 млн. АҚШ доллары көлемінде инвестиция салынған.
– Май зауыты – агроөнеркәсіптік парктің алғашқы кезеңі. Қазіргі таңда ғимараттың құрылысымен қатар, құрал-жабдықтар да жеткізілуде. 1 желтоқсан – Тұңғыш Президент күніне орай алғашқы кезеңін іске қоспақпыз. Кейін бидайды тереңдете өңдейтін кәсіпорын саламыз. Барлығы 50-60 млн. АҚШ доллары көлемінде қаржы құю көзделіп отыр. Шығаратын өнімімізге сұраныс бар, негізінен Қытайға сатамыз. Инвесторларға жасалып жатқан қолдаулардың көмегі көп, – деді ол.
Елімізге танымал компаниялар қатарына жататын “Радуга” ЖШС-і де – дамуға бағыт алған кәсіпорындардың бірі. Бескөл ауылында және Петропавл қаласында пластик пен темірден тұрмысқа қажетті бұйымдар, ал полиэтиленнен әртүрлі пакеттер шығаруда, өткен жыл соңында іске қосылған тәтті таңғы ас өндірісі де қарқын алып келеді. Енді тез дайындалатын тағамдар өндірісін ашу көзделіп отырғанын инвесторлар кеңесі мүшелерінің алдында серіктестіктің қаржы жөніндегі директоры Ирина Демидова хабарлады. “КАЗАХ ИНВЕСТ” қаржылық тобы” ЖШС-нің бас директоры Антон Проданов Петропавлда шағын ұшақ шығаратын кәсіпорын ашпақ ойымен бөліссе, қытайлық “Tieli Logistiks” компаниясының басшысы Янг Джифенг көліктік-логистикалық орталық құру жоспарын ортаға салды. Солтүстікке инвестиция құюдың тиімділігі туралы Италия республикасының өкілі Стефано Рафаньян айтты. Инвесторлар кеңесі аяқталысымен жергілікті бизнес-қауымдастық, атқарушы билік өкілдері мен болашақ инвесторлар бетпе-бет кездесіп, іскерлік қарым-қатынас орнату жайын жеке талқылады.
Швеция министрімен кездесті
Облыс әкімі Ерік Сұлтанов Швеция Корольдігінің ауыл шаруашылығы министрі Свен-Эрик Букт бастап келген осы елдің өкілдерімен кездесті. Өңір басшысы құрметті қонақтарды өңірдің әлеуметтік-экономикалық жағдайымен таныстырып, ауыл шаруашылығы және басқа да салаларға инвестиция салуға шақырды.
– Солтүстік Қазақстан облысы – аумағы жағынан да, тұрғындар саны жөнінен де еліміздегі ең шағын өңір. Алайда, экономикалық көрсеткіштері жоғары, адамдары кәсіби тұрғыда білімді. Соңғы жылдары ауыл шаруашылығы қарқынды дамуда, ірі инвесторлар келуде. Тоқсаныншы жылдардың ортасымен салыстырғанда, ондаған есе көп өнім өндіріледі. Алдағы 3-4 жыл ішінде облысқа 500 млн. АҚШ доллары көлемінде инвестиция тартуды көздеп отырмыз. Облыста ауыл шаруашылығы техникаларының өндірісі дұрыс жолға қойылған. Дегенмен, бұл салада әлі де сұраныс бар. Қазір егін орып жүрген 8 мың комбайнның 3 мыңы ғана жаңа, ал қалғандарының тозығы жеткен. Яғни, өндірісте де байланыс орнатуға болады, – деді өңір басшысы.
Швеция Корольдігінің ауыл шаруашылығы министрі Қазақстанға тұңғыш рет келіп отырғанын айтты. Әсем Астанадан бастап, көкжиекпен ұштасып жатқан кең даламызға ерекше таңғалыпты.
– Мен Астанадан Петропавлға пойызбен келдім. Терезеден ұшықиыры жоқ кең даланы көріп, таңдандым. Бұл – ең басты байлықтарыңыз. Швеция ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу бойынша әлемде алдыңғы орында. Қазақстанға келген делегация құрамында Швецияның ауыл шаруашылығы техникалары мен технологияларын жасайтын ірілі-ұсақты ондаған компания өкілдері келді. Болашақта бірігіп жұмыс істейміз деген ойдамын, – деді министр.
Кеңейген көкжиектер
“Kyzylzhar Invest – 2016” халықаралық инвестициялық форумы “Солтүстік Қазақстан облысы – Қазақстанның солтүстік қақпасы” атты пленарлық отырыспен жалғасын тапты.
Облыс әкімі Ерік Сұлтанов форум қатысушыларына ризашылығын білдіре отырып, өңірге инвестиция тартудағы оң нәтижелерге тоқталды.
– Солтүстік Қазақстан облысы – еліміздің экономикалық көрсеткіштері жоғары өңірлерінің бірі. Облыста ауыл шаруашылығы, машина жасау, өңдеу өнеркәсібі жақсы дамыған. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанды еркін инвестиция ағылатын аймаққа айналдырып, озық технологиялар мен алдыңғы қатарлы дамыған салалардың орталығы ету үшін біздің алдымызға нақты және айқын мақсат қойып отыр. Сондықтан өңірімізде заманауи техникалар, құрал-жабдықтар шығару үшін алдағы уақытта өзара әріптестік байланысты нығайтып, шетелдік инвесторлармен ынтымақтаса жұмыс істеуге барлық мүмкіндіктерімізді жұмылдыратын боламыз, – деді өңір басшысы.
Сонымен қатар, өңір басшысы облыстың инвестициялық мүмкіндіктері туралы кеңінен әңгімелей келе, өңірдің аграрлық-индустриалдық бағытын ескере отырып, ауыл шаруашылығы өнімдерін тереңдете өңдеуге мамандану – негізгі бағыт ретінде белгіленіп отырғанын тілге тиек етті. Облыста тауарлы-сүт фермалары мен өңдеу кәсіпорындарын құруға, туризм саласына, әлеуметтік нысандарды салуға, оның ішінде мемлекеттік-жекешелік серіктестік негізінде балабақшалар құрылысына инвестиция тартуға мүмкіндік бар.
– Пленарлық отырыстағы пікір алмасу барысындағы үздік идеялар нақты жобаларға айналып, жүзеге асады деп ойлаймын. Біз бизнес-бастамаларды іске асыруда инвесторлар мен кәсіпкерлерге толық көлемде қолдау мен жеңілдіктер жасауға дайынбыз, – деді Ерік Хамзаұлы.
Облыстың инвестициялық әлеуетi және өңірдің перспективалық ресурстары туралы облыс әкiмiнiң орынбасары Ратмир Ахметов баяндады. Оның айтуынша, шетел инвестициясының өсімі 60 пайыздан жоғары. Қазіргі уақытта облыстың инвестициялық портфелінде 25 жоба бар. Қытай, Ресей және Финляндия елдері инвесторларымен келіссөздер нәтижелі жүргізілуде.
Ратмир Бахытұлы өз сөзінде тау-кен өнеркәсібіне де тоқталып өтті.
– Облыстағы Сырымбет кені – Орталық Азиядағы жалғыз және әлем бойынша әлі игерілмеген ірі қалайы кен орны. Бүгінде онда жылына 2 млн. тонна кен өндіретін тау-металлургиялық комбинатының құрылысы жүргізіліп жатыр. Аймақтың машина құрастыру кәсіпорындары қалайыны өңдеп, ақ қаңылтыр өндіруді жоспарлауда, – деді облыс әкімінің орынбасары.
Шара барысында Ауыл шаруашылығы министрлігінің жауапты хатшысы Арман Евниев, “Даму” кәсіпкерлікті дамыту қоры” АҚ-ның басқарма төрағасы Қаныш Төлеушин және Инвестиция және даму министрінің бірінші орынбасары Альберт Рау біздің өңірге инвестиция тартуға байланысты өз ойларын ортаға салды.
Қытайлық “Айцзю” компаниясы – Солтүстік Қазақстан облысы экономикасына қаржы құйған, өңір әлеуетімен жақсы таныс инвесторлардың бірі. Компанияның президенті Цзя Хэи мырзаның айтуынша, Тайынша ауданының Ильичевка ауылында қуаттылығы жылына 300 мың тонна майлы дақылды өңдеуге жететін зауыттан бөлек жобаларды да жүзеге асыруға ниетті екендіктерін жеткізді. Қадірменді қонақтың сөзіне қарағанда, Қытайдың тағы бірнеше компаниялары облысымыздың нарығына кіруге ниет білдіріп отыр.
Ал Швеция Корольдігінің ауыл шаруашылығы министрі Свен-Эрик Букт Солтүстік Қазақстан облысының ауыл шаруашылығы және басқа да салаларына инвестиция құюды құп көретіндігін мәлімдеді.
Тұтастай алғанда, инвестициялық форумның қатысушылары аталмыш шараның солтүстікқазақстандық кәсіпкерлермен әріптестік байланыс орнатып, оны нығайтуға, жаңа іскер әріптестер табуға мүмкіндік беретіндігіне сенімді.
Пленарлық отырыстың қорытындысында Солтүстік Қазақстан облысы мен шетелдік инвесторлар арасында жалпы құны 207 млрд. теңгеден асатын жиырма екі өзара ынтымақтастық туралы келісім мен меморандумға қол қойылды.
Екіжақты байланыс нығаймақ
Осы күні Қазақстан-Швеция бизнес-форумы өтті. Екі елдің делегаттары “Ауыл шаруашылығы өнімдері өндірісі мен қайта өңдеудің әлеуеті – Солтүстік Қазақстан облысын дамытудағы басымдықтар”, “Қазақстан Республикасы экономикасындағы кәсіпкерлік: нақты салаға нақты инвестиция” және “Инфрақұрылымды дамыту – әлеуметтік-экономикалық дамудың қозғаушысы” тақырыбында өткен үш панелдік сессия барысында түрлі мәселелерді талқылады. Алғашқы панелдік сессияға қатысқан облыс әкімі Ерік Сұлтанов пен Швеция Корольдігінің ауыл шаруашылығы министрі Свен-Эрик Букт бұл форумның екі жақ үшін жемісті болатындығына сенім білдірді.
Сессиядан кейін республикалық және жергілікті бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің қатысуымен баспасөз мәслихаты өтіп, онда Ерік Сұлтанов пен Свен-Эрик Букт бизнес-форум барысында атқарылған жұмыстар жөнінде ойларын ортаға салды.
– Өңір экономикасына инвестиция тарту – басты міндетіміз. Өткен жылы республика бойынша инвестиция тарту қарқыны жөнінен алдыңғы орынға шықсақ, үстіміздегі жылы да осы жұмыс жалғасатын болады. ІІ Халықаралық “Kyzylzhar Invest – 2016” инвестициялық форумы аяқталды. Оның нәтижесі жақсы болады деген сенімім зор. Форум барысында Швецияның ауыл шаруашылығы министрі Свен-Эрик Буктпен аталған саланы инвестициялау жайын талқыладық. Бізді ауыл шаруашылығы техникасын жасау жайы қызықтырып отыр. Ал Швеция бұл салада әлемдік көшбасшылардың бірі болып табылады. Сондай-ақ, ауыл шаруашылығы мен оның өнімдерін қайта өңдеу жайына да басымдық бердік. Осы бағыттағы жұмыстарды тиімді атқарып, оның оң нәтижесін көруіміз керек, – деді облыс әкімі Ерік Сұлтанов.
Бүгінгі таңда өңірімізде Ресей мен Қытай елдері инвесторларының жобалары қарқынды түрде жүзеге асырылып жатқандығын тілге тиек еткен өңір басшысы Швецияның ауыл шаруашылығы министріне екіжақты ынтымақтастықты нығайтуға қосқан үлесі үшін алғысын жеткізді. Ал форумның құрметті қонағы Свен-Эрик Букт Қазақстаннан алған әсерімен бөлісіп, өз пікірін білдірді.
– Бүгінгі форумда Қазақстанның әлеуеті зор ел екендігіне тағы бір мәрте көз жеткіздім. Екі жыл бұрын билікке келген Швецияның жаңа үкіметі тауар айналымы көлемін көбейтуге болатын 26 елді анықтаған еді. Соның бірі – Қазақстан. Осы орайда, екі ел арасындағы іскерлік қарым-қатынасты одан әрі нығайтуға зор мүмкіндік бар. Швеция елінің делегациясы қазақстандық әріптестерімен танысып, серіктес тауып, келісімдерге қол қояды деген үміттемін. Делегация құрамында келген компаниялардың барлығы – өз саласының үздіктері. Біз Солтүстік Қазақстан облысында ауыл шаруашылығы негізгі сала екенін білеміз. Сондай-ақ, тау-кен өндіру, ағаш өңдеу салалары бойынша да ынтымақтастық орнатуға болады. Бұл салада біздің ел әлемдік көшбасшылардың бірі, – деді ол.
Баспасөз мәслихатында БАҚ өкілдері бүгінгі форумда талқыланған мәселелерге қатысты сауалдарын жолдады. Журналистің сұрағына жауап берген Свен-Эрик Букт өңірдің ауыл шаруашылығы және азық-түлік өнеркәсібіне қызығушылық зор екенін жеткізді. Қазақстан жерінің өзін ғана емес, өзгелерді де асырай алатындай зор әлеуеті бар екендігін тілге тиек етті.
Ербақыт АМАНТАЙҰЛЫ,
Арайлым БЕЙСЕНБАЕВА,
Қанат АТАМАНОВ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Суреттерді түсірген
Талғат ТӘНІБАЕВ.