Өткен жылдың ақпан айында Евдокия Михайловна Кузнецова 90-ға толды. Ойын да, бойын да сергек ұстай білген, жүріс-тұрысы ширақ. Одан: “Осыншама жасты таяққа сүйене еңкейіп қалмай еңсеруіңіздің сыры неде?” – деп те сұрадым. Осы сәт көңілінен шуақ шашылғандай болған ол көп ойланып жатпай: “Өмірді, ортаңды, жаныңдағыларды бейне бір бауырыңдай жақын тарта жақсы көре білсең, жасың ұзақ болады дей бер”, – деп жымия жауап берді.
Үстіміздегі жылы елімізде алғаш рет аталып өткен 1 наурыз – Алғыс айту күні мерекесінде облыс әкімі Ерік Сұлтанов еңбек ардагері, ұлағатты ұстаз Евдокия Кузнецованы осы қуанышты мерекеге қоса, туған күнімен де құттықтап, көпке үлгі болар еңбегі үшін ризашылық білдіріп, сый-сияпат жасады – үлкен теледидар тарту етті.
Евдокия Михайловнаның көңілінің кең екені бірден аңғарылады. Ұқыпты жиналған, өткеннен сыр шертетін сарғайғандары аралас сан алуан суреттерді үстелдің бетіне жайып салып, бір-бірлеп көрсете бастады. Мен оның дегенімен үнсіз келісіп, ертедегі көрген-білгендерін естен шығармай, яғни жадында сақтағандарын жаңылмай айтып жатқанына таңданып отырмын. Міне, бір сурет. 1975-1976 оқу жылының түлектері. Арада 40 жыл өткен. Сол қаракөз балалардың көпшілігі әлі күнге дейін өздеріне тәрбиеші болған Евдокия Михайловнаның көз алдында сияқты.
– Е, айналайын, мынау өзіміздің Мінайдар ғой. Ал мына екеуі Зура мен Зәуреш. Одан арғысы Әсия, оның жанындағылар Ерлан мен Төлеген. Бәрі де жаныма жақын болып кеткен балалар ғой. Ұмыттырған кездері жоқ, телефон шалып амандығымды біліп тұрады, мерекелермен құттықтайды, әдейілеп келіп қуантып кететіндері де жоқ емес. Кешегі қарадомалақтардың бүгінде үлкен азамат атанып, елі үшін әр жерде еңбек етіп жатқандары мен үшін де зор абырой, – дейді ол.
Өткен ғасырдың 30-шы жылдары Михаил Кузнецовтың отбасы Қорған облысының Шадринск қаласынан қазіргі Мағжан Жұмабаев ауданындағы Тоқшын стансасына қоныс аударады. Үш қыздың үлкені Евдокия ол кезде 8 жаста ғана. Әкесі кешікпей сондағы элеваторға машинист болып орналасады. Анасы Ликерья болса, үй шаруашылығымен, оған қоса қыздарының тәрбиесімен айналысқан.
Евдокия жастайынан оң-солын ерте танып, сіңлілеріне бас-көз бола білген, құрбыларының арасында пысықтығымен танылған. Ол орта мектептің 10-сыныбын бітіргенде соғыс басталып кетеді. Жан беріп, жан алысқан қанды майданға туған әкелерін шығарып салу ес біліп қалған балаларына ауыр соққан. Одан кейінгі уақыттарда әкелерінің аман-есен оралуын армандаған, үстінде әскери форма, кеудесі толған орден, медаль, оның үйге алшаң басып кіріп келетін сәтін күн демей, түн демей сағына күткен. Бірақ өкінішке қарай, олай болмады. Оқ пен оттың ортасынан майдангерлердің бәрінің бірдей аман шығуы мүмкін емес қой. Әкелері 1942 жылдың 4 қаңтарында Польша жерінде қаза тауыпты. Бұл жағдай отбасын қайғы жұтқыза қамықтырғанымен, тірі адам тіршілігін жасауы керек. Оқуға ынталы, алғыр Евдокия сол кезде тұрмыстың қиындығына қарамастан, Петропавл қаласындағы педагогикалық училищені бітіріп, іле мұғалімдер институтына түседі, оны да ойдағыдай тамамдап шығады. Жас маман еңбек жолын жолдама бойынша Северное ауылында бастауыш мектептің меңгерушісі қызметінен бастаған.
– Сабақ екі мезгіл өткізіледі. Алдымен 1 мен 3-сыныптың оқушыларына, одан кейін 2 мен 4-сыныптың оқушыларына дәріс беремін. Жағдай қиын болғанымен, бар мақсат балалардың бойларына білім нәрін себу. Кейде солардың әрбірімен жеке-дара қалып жұмыс істеудің өзі қызық. Қазіргідей бейбіт заман емес. 38 бала, осыншама тағдыр. Көбінің әкелері жоқ. Күнделікті тұрмыстағы ауыртпалық қатты сезіледі, жетіспеушілік көп, – дейді Евдокия Михайловна алыста қалған сол бір кезді еске ала отырып.
Ол уақытта дәптер, сия, қалам деген жоқ. Орнына әртүрлі заттарды кәдеге жаратады. Бірде ауылдағы ветеринарлық дәрігерге барып, жалынып, жалбарынып марганцовка сұрап алыпты. Оны сия үшін пайдаланған. Сол кезде қаздың қауырсынының да болмағаны ғой, сондықтан оның орнына жонылған таяқшалар пайдаланылған. Дәптерге келсек, қаланың дүкендерінен өтпей, жатып қалған кітаптар әкелініп, оқушылар ондағы жолдардың арасына жазып үйренген.
– Сол кезде шаршап-шалдығу дегенді білмейміз. Өзім жетекшілік ететін комсомол ұйымына бар болғаны 8 қыз бен жігіт мүше. Бір жұмыс тапсырылған екен, жай қарап тұрып қалуды білмейді, шетінен белсенді. Бөлімше басқарушысы кейде шақырып алып, мал қораларын тазартып беруімізді сұрайды. Қолға күрек, айыр, сүймен алып, аязы қатты қыс екен, қиын екен деп қарамай, кірісіп кетеміз. Бос уақытымызды да пайдаға асатындай етіп өткізуге үйреніп алғанбыз. Мерекелік концертке дайындалғанда көрші ауылдың жастары алыс-жақын демей, жаяу-жалпылап жетеді. Түн жамылып кейін қайтады. Өз басым 12 шақырым жердегі Тоқшын стансасында тұратын анама, сіңлілеріме айына бір рет жаяулап барып қайтамын. Бетімен шапқылай беруге тағы болмайды. Мұғалім екеніңді демалыс, каникул күндерінің өзінде естен шығармау керек. Сол еңбегіңнің зая кетпегеніне, әділ бағаланғанына қуанасың. 1946 жылы омырауыма “1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысындағы ерен еңбегі үшін” медалі тағылғанда менен асқан бақытты адам болсайшы, – дейді Евдокия Михайловна. Сол кезде ол небәрі 20 жаста екен.
Соғыстан оралған Иван есімді жігітпен махаббаттары жарасқан олар бас қосып, 1952 жылы Петропавл қаласына көшіп келеді. Кеудесін оқ тескен оның жұбайы да жұмыс десе жанып тұратын жан болыпты. Ол алдымен сыра зауытында істеген. Зейнеткерлікке Петропавл ауыр машина жасау зауытынан шыққан. Қырық жыл отасқан олардың ұлы мен қызы бар. Еңбекте жастайынан шыңдалған Евдокия Михайловна №5 мектеп-интернатқа қарасты пансионатқа директордың оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасары болып орналасады. Бұл Интернационал көшесінде орнасқан бұрынғы қазақ мектеп-интернаты еді. Мұнда ол облысымыздың әр түкпіріндегі ауылдардан жиналған шымқай қазақ балаларына сабақ берген. Кешікпей пансионат пен интернат қосылып, мектепке Калининнің есімі берілген.
1955 жылы декреттік демалыстан оралған Евдокия Кузнецова тәрбиеші болып еңбек жолын одан әрі жалғастырады. Тәрбиеші мамандығының ерекшелігі сол, үнемі балалардың ортасында болуы керек. Ол ешқашан жалықпаған жан. “Балаларсыз бір сәт тұра алмаймын”, – дейтіні содан да шығар. Суреттің құдіреттілігі сол, оны тілсіз айтылатын әңгіме деп те жатады. Айтса айтқандай, қолыма бір суретті алдым. Кішкентай ғана қазақтың қызы, суреттің сыртына: “На память Евдокие Михайловне от Айгуль. 3 класс” делініпті. Қарап отырсам, сол кездегі 10 жастағы әлгі Айгүл, бүгінде алпыстың ар жақ, бер жағына келіп қалған екен. Міне, өмір дегенің сол, аққан судай, тоқтамайды да, тоқтата да алмайсың. Ұлағат иесінің әлі күнге дейін ұмыта қоймаған қызғылықты сәттері бар. Кішкентай қазақ балаларының оны: “Евдокия Михайловна”, – деп айтуға қанша тырысса да, тілдері келмейді екен. Сондықтан “Димика” дейтін көрінеді. Оған ренжіп жатқан ұстаз жоқ, қайта жас шәкірттерінің тілдеріне, жасаған қылықтарына мәз. Қазақ мектеп-интернаты кейін Семашко көшесінде салынған үлкен сәулетті ғимаратқа көшірілген. Евдокия Михайловна онда да көп жыл жемісті еңбек етті. 1977 жылы “Қазақ КСР Халық ағарту ісінің үздік қызметкері” төсбелгісімен марапатталған. Абзал жан 1981 жылы зейнет демалысына шықса, бауыр басқан ұжымы одан кейін де қайтадан шақыртып алыпты. Тағы да 2 жыл еңбек еткен. Ұлағатты ұстазды мереке мезеттерінде мектептегі кездесулерге шақырып тұрады, өздері арнайы келіп, сый-құрмет көрсетіп жатады.
Қошан ҚАЛИ,
“Солтүстік Қазақстан”.
СУРЕТТЕ: Е.Кузнецова.