«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЭЛЬМИРА — ЕЛ МАҚТАНЫШЫ

 

 

Бразилияның Рио-де-Жанейро қаласында өткен XXXI жазғы Олимпиада ойындарында Қазақстан спортшылары қоржынға 17 медаль салып, егеменді еліміздің әлемдік аренадағы беделі мен абыройын асқақтата түсті. Солардың қатарында жерлесіміз Эльмира Сыздықова да бар. Әйелдер арасындағы еркін күрестен қола жүлдені еншілеген Эльмира Әнуарбекқызы баршамызды қуанышқа бөлеген болатын. Балуан қыз Рио-де-Жанейродан оралған соң туған өңіріне соғып, жерлестерінің қошеметіне бөленді. Біз оның әкесі Әнуарбек Сыздықовқа жолығып, әңгімеге тартқан едік.

– Әнуарбек Аманжолұлы, баланың жеңісі – ата-ананың жемісі. Мерейлеріңіз қашанда үстем болсын! Бразилия елінде өткен Олимпиада ойындары күндерінде үйдің барлық жұмысы жайына қалып, әсте назарларыңыз сол жақта болған шығар? Бала үшін жанкүйер болу оңай ма?

– Бала үшін жанкүйер болу өте қиын. Әсіресе, оның қасында болмай, барлық жайтты сырттан бақылап отыру оңай емес. Қызым жарысқа кетіп, одан оралғанша тағатсыздана күтеміз. Олимпиада ойындарына жолдама алған күннен бастап бойымды қуанышпен қатар қорқыныш сезімі биледі. Қуаныш – оның жетістігінен туса, қорқыныш сайыстан аман-есен келсін деген тілегім еді. Жеке бөлмеге теледидар қойып алып, қызымның әр кездесуін қалт жіберген жоқпын. “Қалай күресіп жатыр?”, “Қандай кемшіліктер жіберді?”, “Мүмкіндігі қандай?”, “Жарақат алып қалған жоқ па?” деген сауалдармен сайыс барысын қадағалап отырдым. Ал анасымен қатар отырып, жарысты бірге тамашалау мүмкін емес. Өйткені, ана жүрегі басқашалау емес пе?! Эльмира құлап қалса болғаны, анасының шыр еткен дауысын естисің. Ол қалай құлады, неге құлады, нәтижесі қандай онда оның шаруасы жоқ. Қызы жарақат алмаса болғаны. Сондықтан Эльмира күрескен кезде жеке тамашалаймын.

– Бұл Эльмираның бірінші жеңісі емес. 2008 жылы – жасөспірімдер арасында, 2012 жылы жастар арасында Азия чемпионы атанған. 2014 жылы ересектер арасында өткен Азия чемпионатында қола жүлде алған. Биыл көктемде Бангкоктағы Азия біріншілігінде ол күміс медальға қол жеткізді. Эльмира өзінің әріптестеріне берген сұхбаттарында спорттың бұл түрін жақындарының кеңесімен таңдағанын айтып жүр. Сізбен де ақылдасқан шығар?

– Менің үш қызым бар. Эльмира екінші балам. Ол туарда менің анам екеуіміз дүниеге ер бала келетініне сенімді болған едік. Бірақ салмағы төрт килограмм қыз туды. Тәубе, жігерлі мінезімен, ата-анасына деген сыйластығымен он ұлға бергісіз. Ол бала күнінен спортқа бейім болды. Маған ере жүріп бокспен де, футболмен де, дзюдомен де айналысты. Мен боксқа жаттықсам, ол да қатар тұра қалып, грушаны соғады. Мен доп қусам, ол да футбол ойнап, шынықты. Үлкен қызым Гүлмираның да спортқа бейімі жақсы болатын, бірақ ол түрлі себептермен өзін әрі қарай дамыта алмай қалды. Әйтпегенде, бүгінде екі үлкен спортшының әкесі болып отырар едім. Эльмира ауыл мектебіндегі 7-сыныпты бітірген соң Қарағанды қаласында тұратын Райымбек деген інім оны спорт мектебіне беруге қолқа салды. Баланың ынтасы мен оның болашағына деген сенімім жоғары болғандықтан келістім. Оны қандай спорт түріне машықтандыру мәселесі туындаған сәтте інім өзі қызмет істейтін Әлия Молдағұлова атындағы мамандандырылған спорт мектебінде қыздар арасында еркін күрестен эксперименталды топ ашылып жатқандығын айтып, соған беруге ұсыныс білдірді. Осылайша, шешім қабылданған еді.

– Эльмираның спортқа бейімдігі отбасынан бастау алады екен ғой?

– Әулетімізбен спортқа жақынбыз. Жоғарыда қызым Гүлмираның талабын жайдан-жай айтқан жоқпын. Эльмира әлемдік аренаға шығып, өзінің осал еместігін көрсетсе, оның бір ұшы қанындағы асыл қасиеттерге тіреледі. Әжем біздің аталарымыздың дүлей күш иесі болғандығын айтып отыратын. Тілеген деген атамыз күрескен кезде кез келген қарсыласының жауырынын әп-сәтте жерге тигізеді екен. Демек, Эльмираның спорттың осы түрін таңдауы тегін емес. Қызымның бүгінгі жетістіктері – мен үшін бақыт. Ол менің орындалмаған армандарыма қол жеткізді. Спорт – зор еңбекпен, ащы термен алынатын асу. Эльмира еңбекқорлығымен, діттеген мақсатына жетуге деген қайсарлығымен, жеңістерімен бүгінде баршамызды қуантып отыр. Қазір елімізде спортты дамытуға үлкен мән беріледі. Талаптанғандар жеңістің биік тұғырынан көрінері сөзсіз.

– Эльмира олимпиадалық жеңісінен кейін “Азаттық” радиосына берген сұхбатында: “Мен тез үйге жеткім келеді. Анамды сағындым”, – деген болатын. Үйде оның мінез-құлқы қандай?

– Құлыншағым, сол жолы қатты шаршады. Олимпиадаға дайындаламын деп бірнеше ай тынымсыз жаттығулар жасады. Демалуға уақыты болған жоқ. Ал жарыстың қорытындысы белгілі болған соң үйге асыққаны рас. Оның үлкен жарыстардан соң елге келіп, демалып кететін әдеті бар. Өйткені, үйде ата-анасының қасында ол өмір жолындағы барлық қиындықтарды, спорттағы арпалыстарды ұмытады. Сыртта жүрген баласын ата-ана да қатты сағынады. Сондықтан ол үйге келген кезде анасы екеуіміз бар мейірімімізді көрсетіп, мәпелейміз. Ол ұйықтағанды жақсы көреді. Ұйқысы қанғанша оятпаймыз. Анасы бар дәмді тамағын алдына тосады. Бір сөзбен айтсақ, ол бала болып еркелеп, біз оның көз алдымызда жүргенін көріп, бақытты бір күй кешеміз. Мінезі өте жұмсақ. Бірақ өзіне талап қоя білетін қызымызға қарап, оның ержеткенін, азамат екенін сезінеміз.

Сұхбаттасқан

Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp